"WhatsApp"-мессенджері арқылы топтарда жігіттер тоқал алуды үгіттеуді бастап кеткен сыңайлы. Олар екінші әйелмен жақын қатынасқа түсу денсаулыққа өте пайдалы екенін айтып, аудио-хабарлама таратуда. Тіпті, әншейінде тоқал алуды заңдастыру туралы заң жайлы сөз болғанда үзілді кесілді қарсылығын білдіріп жататын әйелдер бұл жолы басқаша сөйлей бастаған.
«Негізі, мына тоқал алу денсаулыққа пайдалы ғой… Енді «тоқал тоқсан түрлі ауруға ем болады», деген екен қазақ. Тоқал алған адамның көзі нұрланып, көру қуаты бұрынғыдан үш пайызға жоғарылайды екен. Тоқал алған адамның бүйрек қуаты артып, еркектікті жеделдеткіш гормондар бөлініп, ерлік қуаты тасиды. Тоқал алған адамның асқазандағы жарасы жазылып, ішектері жақсарып, рухтанып, бауырдағы ыстықтары кетеді», – дейді бейтаныс жігіт.
Сондай-ақ ол тоқал алған адамның тырнағы да тез өсетінін айтады. Жасару ықтималдығы жоғарылайды деген ол барлық еркек атаулыны тоқал алуға шақырады.
Жігіттің бұл сөзіне топта отырған бір әйел де қосыла кетеді.
«Соны айтам ғой. Осы мына тірлік, тірлік емес, негізінде. Мен ер адам болсам – үш әйел алар едім. Үшеуін үш жерге қойып, үшеуіне жағдайын жасап, барып тұрар едім ара-тұра”, – дейді ол.
Әрине, келіншектің мұндай мәселеге қолдау білдіруі басқаларын таң қалдырды.