1 маусым күні Қазақстанның барлық өңірлерінде медициналық-санитарлық алғашқы көмек (МСАК) ұйымдарында ашық есік күндері ұйымдастырылып, неонотолог, педиатр, невропатолог және басқа да бейінді мамандар азаматтарға тегін кеңестер береді. Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің баспасөз қызметі хабарлайды.
Аталған іс-шаралар биыл «Балалардың денсаулығы мен бақыты – біздің қолымызда» ұранымен өтетін Халықаралық балаларды қорғау күніне арналады.
Сонымен қатар, республика өңірлерінде жасөспірімдердің денсаулығын сақтау және нығайту, репродуктивтік құқықтарын қорғау мәселелері бойынша дөңгелек үстелдер, дебаттар және семинар-тренингтер өтеді. МСАК ұйымдарында «Нәрестелі боламын» және «Жарық дүние ғажайыбы - қуанышыммен бөлісіңіз» тақырыбында болашақ аналарға арналған фотобайқаулар өткізу жоспарланған.
Еске сала кетейік, балаларды қорғау күні – ертеден келе жатқан халықаралық мерекелердің бірі. Ол 1950 жылдан бері жаздың алғашқы күні атап өтіледі.