Филиппин президенті Родриго Дутерте өз елінің азаматтарын презерватив қолданбауға шақырды. Ал, халық арасында соңғы уақытта ВИЧ инфекциясы жоғары жылдамдықпен тарап жатыр деп жазады The Independent.
Дутертенің пікірінше, адамдар мүшеқап қолдану арқылы бүкіл ләззаттан айрылады. «Мысалы, конфетты сыртында оралған қағазымен бірге жеп көріңіз, қандай сезімде боласыз? Презерватитві қолдану да сол секілді», - дейді Филиппин президенті.
Ал, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы болса елде ВИЧ инфекциясының жылдам таралып жатқанын айтады. Мәселен, 2009 жылы елде аталған ауруды жұқтырған 10 мыңдай адам болса, 2016 жылы олардың саны 6 есеге артып, 60 мыңға бір-ақ жеткен. 100 миллион халқы бар мемлекет үшін бұл соншалықты үлкен көрсеткіш емес дейді ұйым өкілдері. Алайда, өсім жылдамдығы алаңдауға тұрарлық.
Дутертенің осынау сөзі СПИД-пен күрес ұйымдарының наразылығын тудырды. «Президент ләззат алудан басқа ешнәрсе ойламайды-ау деймін. ВИЧ жұқтырғандар мен мектеп жасында жүкті боп қалғандар саны артып бара жатқанда ләззат туралы ойлауға болмайды», - дейді Филиппин парламентінің өкілі Риза Хонтиверос.