Маңғыстау облысында жалпы білім беру мектептерінде бүгін 4 190 түлек үшін соңғы қоңырау соғылды.
«Ақтау қаласында 1289 жоғары сынып оқушысы, Жаңаөзен қаласында 808 адам, Бейнеу ауданында 584, Қарақия ауданында 306, Маңғыстау ауданында 365, Мұнайлы ауданында 501, ал Түпқараған ауданында 203 оқушы мектеп бітірді. Маңғыстау облыстық дарынды балаларға арналған мектеп-интернаттан 87 оқушы, қазақ-түрік мектеп-лицей-интернатынан 47 түлек түлеп шықты. Барлығы 4 190 адам», - деп атап өтті Маңғыстау облыстық Білім басқармасының бөлім басшысы Айжақсы Тұржанова.
Соңғы қоңырау Ақтау қаласындағы №4 орта мектеп-гимназиясында да соғылды. Биыл гимназия 29 баланы мектеп қабырғасынан шығарып салды. 20-ға жуығы қалалық, облыстық, республикалық олимпиадалардың жеңімпаздары. Олар: Павел Мухин, Лаура Аманбаева, Эльмира Азаева, Наталья Степанова. «Соңғы қоғырауда» спорттық және мәдени шараларда да көзге түсіп, гимназияның атын әйгілеген оқушылардың да аты-жөні мақтанышпен айтылды.
Сонымен қатар, биыл 12 жылдық білім беру бойынша мектептің алғашқы түлектері 2014-2015 оқу жылында бітіріп шығады. Бүгін Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің кеңейтілген отырысында Білім және ғылым вице-министрі Есенғазы Иманғалиев осылай мәлімдеді. Еске сала кетейік, басқосуда бастауыш білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандарттары мәселесі талқыланған болатын.
«Тұтастай алғанда, елімізде 12 жылдық білім беруге көшу мәселесі жан-жақты зерттеп, талданды. Халықаралық тәжірибелер көптеген елдерде білім беру он екі жылға жалғасатынын көрсетіп отыр. Ал 6 жастан бастап мектепке қабылдау Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының 21 елінде және әлем елдерінің 60 пайызында қолданылады», - деді Білім және ғылым вице-министрі Есенғазы Иманғалиев.
Оның айтуынша, бір жылға ұзартылған бастауыш мектептің жаңа моделі балалардың дамуындағы өтпелі дағдарыстық кезеңдер бойынша психология-физиологиялық ерекшеліктерді ескереді.
«2003 жылдан бері 12 жылдық білім беру үлгісі бойынша сынақ жұмыстары жүргізіліп келеді. Республиканың 104 мектебінде 1 мың 233 оқушы осы оқыту үлгісымен қамтылған. 6 жасынан бастап қабылданған 12 жылдық білім беру бойынша алғашқы түлектер 2014-2015 оқу жылында бітіріп шығады. Сынақ ретінде жүзеге асқан сыныптардың бітірушілері жоғары оқу орындарында білімін жалғастырғысы келсе, жалпылама негізде 2015 жылы Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысатын болады», − деді вице-министр. Оның айтуынша, қазіргі таңда осы санаттағыларға арналған тестілеу сұрақтары сынақтық білім беру ерекшеліктері ескеріле отырып әзірленуде.