$ 498.34  519.72  4.85

Қайтыс болған иесін 11 жыл бойы күткен ит мола басында өлді

Аргентинада Капитан есімді ит 11 жыл бойы қайтыс болған иесінің моласын күзетіп, ақыры қорым басында өлді деп жазады L!FE.

Капитанды жұрт бүгінде "аргентиналық Хатико" атап кеткен. Оны 2005 жылы Мигель Гузман есімді азамат ұлына сыйлық ретінде сатып алыпты. Арада бір жыл өткенде Мигель қайтыс болып, ит те ізім-ғайым жоғалған. Марқұмның туғандары төбетті іздемеген жері жоқ. Тек арада біраз уақыт өткен соң марқұмның басына барған кезде олар моланы күзетіп жатқан Капитанды тауып алған екен.
Мола қызметкерлерінің айтуынша, ит иесінің қабірінен бір қадам да ұзап кетпейді. Олар Капитанды күнделікті тамақтандырып, өздері де бауыр басып қалыпты.

"Біз молаға келгенде Капитан біздің алдымыздан қыңсылап шығып, жылағанын білдірді. Айта кету керек, біз оны жерлеу рәсіміне өзімізбен алып барған жоқпыз, бірақ ол Мигельдің жерленген қабірін дәл тауып барып, соның басында бірнеше ай бойы күзетіп жатыпты", - дейді марқұмның жесірі Вероника Гузман.

Мигельдің ұлы Дамиан итті өзімен бірге үйіне алып кетпекші болғанымен, жануар оған көне қоймаған. Кейде Капитан Дамианмен бірге үйіне барып, бірнеше сағат бірге болып, кешке қайта моланың басына кетіп қалады екен.

"Кей күндері ит зираттың ішін аралап жүреді де, кешкі алты болған кезде міндетті түрде иесінің қабірінің басына барып жатып алады және таңға дейін аттап баспайды", - дейді моланың директоры Гектор Баччега.

Осылайша Капитан Мигельдің басында 11 жыл жатқан. Енді мола басшылары оны иелеріне бергелі жатыр.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары