$ 446.49  475.38  4.79

Маңғыстауда сайлау кезінде ешқандай заң бұзушылық тіркелмеген

Бұл туралы Маңғыстау облысы бойынша сайлауды бақылау жөніндегі Республикалық қоғамдық комиссиясының Маңғыстаудағы өкілетті өкілі Құралбай Озғамбаев хабарлады. 

Маңғыстау облысындағы сайлауды бақылау жөніндегі республикалық қоғамдық комиссияның МО филиалы 2015 жылдың 16 сәуір күні құрылды. Сайлау алдында комиссия штабы облыстың аудандары мен қалаларына тиесілі сайлау учаскелерінің бақылаушылар тізімін жасады, ҚР президентіне кандидаттардың барлығының аймақтық штабтарына рейдтер жүргізді, облыс бойынша көрнекі үгіт материалдарына маниторинг жасады, бақылаушыларға арналған семинарлар мен тренингтер өткізді. 

Құралбай Озғамбаевтың айтуынша, сайлау комиссиялары жасақталу кезінде және сайлау науқаны барысында комиссия қатыспаса да, жүргізілген мониторинг нәтижесі көрсеткендей сайлау кезінде ешқандай заң бұзушылық орын алмады. 

Айта кетейік, Маңғыстау облысында 177 сайлау учаскесі жұмыс істеген, олардың әр қайсысына сайлаудың әділдігін бақылау үшін бір тәуелсіз бақылаушы жіберілген.

Сонымен қатар ҚР Бас прокуратурасы кезектен тыс Президент сайлауы барысында заңдылықтың сақталуы туралы мәлімдемесін жариялады. Бұл туралы Бас прокуратураның баспасөз қызметі хабарлады.

Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы Конституцияға сәйкес болып өткен Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауы барысында заңдылықты қамтамасыз ету бойынша қажетті барлық шараларды қабылдады.

Сайлау науқанында сайлау процесінің барлық қатысушыларымен заңнама талаптарын және азаматтардың конституциялық құқықтарын мүлтіксіз сақтау мәселелері прокуратура органдары үшін жұмыстың басты басымдылығы болды.

Бас прокуратура бұқаралық ақпарат құралдары арқылы сайлау процесіне қатысушыларға сайлау туралы заңнаманың нормаларын түсіндірумен және оларды бұзғаны үшін жауапкершілік туралы ескертумен екі рет (2015 жылғы 26 наурызда және 24 сәуірде) ресми үндеу жасады.

Жүргізілген қадағалау іс-шаралары кезінде сайлау комиссиялары немесе мемлекеттік органдар тарапынан қандай да бір бұзушылықтар анықталған жоқ.

Сайлау науқанында прокуратура органдарына сайлаумен байланысты небәрі 4 өтініш түсті, олардың 3-уі заңнаманы бұзу фактілері туралы ақпарат немесе шағымдарды қамтымаған.

Екі өтініште заңдардың нормаларын түсіндіру сұранысы мазмұндалған, үшіншісінде Президенттікке кандидаттарға заңнамамен қойылған кейбір талаптармен келіспейтіні айтылған. Бұл 3 өтініш құзыреті бойынша Орталық сайлау комиссиясына мәні жағынан қарау үшін жолданды.

Сондай-ақ, сайлау күні Семей қаласының прокуратурасына бір отбасы жұбының арызы келіп түсті. Онда олар тұрғылықты жері бойынша учаскенің сайлаушылар тізімінде болмауына шағымданған. Дегенмен, олардың тиісті аумақта тұратындығы расталғаннан кейін аталған сайлаушыларға өздерінің сайлауға қатысуға конституциялық құқықтарын жүзеге асыру мүмкіндігі берілді.

Сайлау күні қандай да бір елеулі бұзушылықтарсыз, тыныш жағдайда өткенін атап өтеміз. Дауыс беру күні қарсаңындағы кезеңде тек қана сайлау алдындағы үгітті өткізу, сондай-ақ, қоғамдық пікірге сұрау салу нәтижелерiн жариялау шарттарының жекелеген бұзушылықтары тіркелген, олар бойынша алдын алу сипатындағы шаралар қолданылды.

Мысалы, осы жылдың 30 наурызында Алматы қаласының прокуратурасы фэйсбуктегі өздерінің парақшаларында Қазақстан Республикасы Президенттігіне кандидаттардың ар-намысы мен қадір-қасиетіне нұқсан келтіретін пікір айтуға жол берген екі азаматқа заңды бұзуға жол берілмейтіні туралы алдын ала ескерту жариялады.

Сайлау заңнамасының бұзушылық фактілері бойынша әкімшілік және (немесе) қылмыстық істер қозғалған жоқ.

Бүкіл электоралдық кезеңде Қазақстан Республикасының соттарына сайлау процесіне қатысты 7 арыз түсті, олардың 1-і кері қайтарылды, 3-і бойынша қабылдаудан бас тартылды, 1 арыз қайтарылды, 1-і қараусыз қалдырылды және 1 шағым бойынша әкімшілік өндіріс тоқтатылды.

Мәселен, 2015 жылғы 20 сәуірде С.Ж.Итегулов Орал қаласының мамандандырылған әкімшілік сотына өзінің сайлаушылар тізімінде жоқ болуына байланысты шағымданды және кінәлі тұлғаларды әкімшілік жауапкершілікке тартуды сұрады.

Сот С.Ж.Итегуловтың сайлаушылар тізіміне қосылғанын анықтады. Ал сотқа жүгінуге Call-орталықтың операторынан алынған ақпаратты қате түсіну фактісі себеп болған. 21 сәуірде әкімшілік өндіріс құқық бұзушылық оқиғасының болмауына байланысты тоқтатылды.

Келтірілген деректер, сондай-ақ, сайлау заңнамасының бұзушылықтары туралы қандай да бір шағымдардың болмауы өткен сайлау процесінің барынша айқындығын және заңдылығын көрсетеді.

Салыстыру үшін алдыңғы президенттік сайлау барысында (2011 жылғы сәуір) прокуратура органдарында 87 өтініш қаралғанын, анықталған бұзушылықтар бойынша 16 әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы іс қозғалғанын, 2012 жылғы қаңтарда өткен парламенттік сайлау барысында прокуратураға 536 арыз түскенін, 76 прокурорлық қадағалау актілері енгізілгенін, 45 әкімшілік істердің қозғалғанын хабарлаймыз.

Жалпы, электоралдық кезеңдегі қадағалау қызметінің нәтижесі Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауы Қазақстан Республикасы Конституциясының және «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңы талаптарының сақталуымен өткізілді деп тұжырымдауға мүмкіндік береді.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары