27.02.2018, 11:52

Оқ басының оң жағынан атылған: Тәтішевтің өліме қатысты тың деректер шықты

Таразда Тұран Әлем Банкiнiң бұрынғы төрағасы Ержан Тәтiшевтi өлтiрдi деп айыпталып отырған бизнесмен Мұратхан Тоқмәди iсiне қатысты сот процесi жалғасуда. АҚШ-тан келген криминалист мамандар Ержан Тәтiшевтiң өлiмiне байланысты өз сараптамасын жасады. Бүгiн сот отырысында тәуелсiз сарапшы зерттеу қорытындысымен таныстырды.

Ержан Тәтішевтің өлімінен кейін төрт мәрте сараптама жасалғаны мәлiм. Бірақ, бір қорытындыда германиялық мылтық өздігінен атылуы мүмкін емес десе, ендi біреулер олай болуы мүмкін деген ұйғарымға келген. Марқұм банкирдің отбасы бұл мәселеге нүкте қою үшін сараптама саласында 20 жылдан астам тәжірибесі бар америкалық Майкл Патрик Мерфи, Скотт Майкл Перкинс пен Ирис Делли есімді мамандарға жүгінген. Олар бүгiн Тараздағы сотқа қатысып отыр. Отырысқа сондай-ақ Тәтiшевтер отбасының адвокаты Евгений Яворский қатысуда.

Майкл Патрик Мерфи қылмысты зерттеу, оның iшiнде адам өлiмiн тергеу саласында 25 жыл жұмыс iстейтiнiн айтты.

«Маған осы өлiмдi зерттеу ұсынысы түстi. Сол себептен сот-сараптамалық топ құрдым. Мен осы топтың жетекшiсiмiн. Топта медициналық, криминалдық, қан таңбаларын зерттейтiн сарапшылар жұмыс iстедi. Бiз қазақстандық полиция қызметiмен жұмыс iстеп, қажеттi ақпарат жинадық. Қылмыс болған жерге де бардық. Барлық сарапшылар өз зерттеуiн жүргiзiп, қорытындысын жасады. Менiң негiзгi жұмысым - оқиғаның себебiн анықтау. Осы оқиға жайлы айтсам, адам (Ержан Тәтiшев - авт.) арт жақтан атылған. Қару оған әдейi бағытталған. Ал жанында отырған адам оны өлтiре алмайды. Жүргiзушi алға қарап келе жатқанда өлтiрiлген. Бұған оқтың ұшу бағыты мен марқұмның алған жарақаттары дәлел. Қару өте қымбат болған. Бұндай қару ешқашан өзi атылмайды. Бiз осы қаруды тазалайтын адаммен сөйлескенде, ол қарудың жағдайы жақсы болғанын айтты. Осы оқиғадан кейiн қару полицияда да тексерiлген. Олар да қару өздiгiнен атпайды деген. Қарудың серiппесiн баспаса, ол өздiгiнен атылмайды. Қару кейiннен бiреумен өзгертiлген», - дедi Майкл Патрик Мерфи.

Жуырда сот процесiнде Тәтiшев абайсызда өлтiрiлдi деп тану үшiн қаруға механикалық өзгерiс жасалғаны белгiлi болды. Осылайша, қару өздiгiнен атылды деген қорытынды шыққан. Өзгерiс жасаған куәгерден де жауап алынған едi.

Майкл Патрик Мерфидiң айтуынша, Ержан Тәтiшев қасақана өлтiрiлген. Себебi, қару оған әдейi бағытталып, ол өлтiрген адамның қолында қалған. Ал, абайсызда жасалған қылмыс болса, қару қолдан құлап, басқаша жатушы едi.

Атап өтсек, кеше сот отырысында тараптар оқиға орнында түсiрiлген видеомен танысты. Видеода Тоқмәди Тәтiшевтi қалай өлтiргенiн көрсеттi.

Дереккөз: БАҚ