Туа сала бедеулікке шалдыққан 29 жастағы Гуандун провинциясының тұрғынына анасының жатыры салынды. Жатырды трансплантациялау 2017 жылдың 23 желтоқсанында Қытайдың Сиань қаласында жасалды деп жазады Daily Mail.
Анасы мен қызына жасалған ота 15 сағатқа созылып, онда 20 хирург қызмет көрсеткен. Ал, жатыр ауыстыруда медициналық робот қолданылды.
Айта кетейік, жатырды трансплантациялау алғаш рет 2015 жылы Қытайдың Сиань қаласында жасалып, ота сәтті өткен болатын. Бұны естіген 29 жастағы әйел дәрігерлерге жүгініп, балалы болғысы келгенін айтқан. Оған өз анасы донор болды.
«Жатырды трансплантациялауға жасалған ота сәтті өтіп, науқас тез сауығуда. Балалы болғысы келген әйелге туған анасының жатыры салынды. Науқастың жағдайы жақсарғаннан кейін, жасанды ұрықтандыруға жіберіледі»,-дейді дәрігерлер.
Дереккөз: Stan.kz