Ұлттық бірыңғай тестілеудің (ҰБТ) екінші күні (03.06.2015) әлеуметтік желіде сүйген қызының орнына тест тапсыруға кірген жігіт жайы көп талқыланды. Жағдай Жетісай қаласының №4 мектебінде орын алған.
Жігітті тестке кірер алдында-ақ комиссия байқап қалған. Енді ол жігітке заңсыз қылығы үшін 200 АЕК мөлшерінде (396 мың 400 теңге) айыппұл салынбақ.
Сүйген қызы тестілеуге бармаймын деген соң, орнына өзі боянып, қыз боп киінуге бел буған. БАҚ романтик-жігіттің кім екенін анықтады. Аян Жәрдемов — Ақтөбе облысы, Мартук ауданының тұрғыны. Облыстық М. Құсайынов атындағы дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-интернатының түлегі, «Алтын белгі» иегері. Қазіргі таңда Қазақ-Британ техникалық университетінің 3-курс студенті.
Аянның қызға деген сезіміне тәнті болған кейбір қазақстандықтар қолдан келгенше көмек беруге даяр екендіктерін білдіріп отыр. Сонымен қатар, белгілі экономист, ҚБТУ оқытушысы Олжас Құдайбергенов Facebook-парақшасында егер мәселе шын мәнінде махаббатта болса, айыппұлдың жарты ақшасын төлеп беретіндігін жеткізді.