Қазақстандық бизнесмен Мұратхан Тоқмәдидің ұсталғаны жайлы мәлімет таралып жатыр деп жазады Тengrinews.kz.
Бұл мәліметті ҚР Ішкі істер министрлігі Жедел басқарма орталығының өкілдері растады, алайда олар бизнесменнің қалай ұсталғанын нақтыламады. Орталықтағы кезекші қызметкер Мұратхан Тоқмәдиді ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері ұстағанын хабарлады. Кейбір мәліметтерге қарағанда, Тоқмәди Тараздағы №1 ықшамауданда ұсталды. Кеше, 8 наурызда әлеуметтік желілерде Мұратхан Тоқмәдидің қашып кеткені жайлы мәлімет таралған еді.
"08.03.2018 жылы кешкі 19.30 бен 20.00 арасында Тараздағы облыстық ауруханадан Мұратхан Тоқмәди белгісіз бағытта қашып кеткен, ол адам өлтірді деген айыппен қамауда болған. Ол тізеге дейін түсетін қара күрте мен джинс киген, аяғында не туфли, не кроссовка болған", - делінген еді хабарламада.
Сондай-ақ, Мұратхан Тоқмәди қашып кеткен облыстық аурухананың қоршауға алынғаны хабарланған болатын.