$ 449.58  486.94  4.86

Астана қалалық құрылыс басқармасы басшысының орынбасары қызметтен кетуге уәде етті

Астанадағы Сауран мен №24 көшелердің қиылысындағы көпқабатты тұрғын үй 31 шілдеге дейін тұрғындарға пайдалануға берілмесе, Астана қаласы бойынша құрылыс басқармасы басшысының орынбасары Ержас Айтуғанов қызметінен кетуге уәде етті, деп хабарлайды, skifnews.kz тiлшiсi.

Аталған көшелердің қиылысында орналасқан бұл көпқабатты тұрғын үй 2013 жылдың 30 қарашасында азаматтардың пайдалануына берілуі керек болатын. Алайда, бұл мерзім бірнеше рет кейінге қалдырылып келді. Баспананың құрылысын жүргізіп жатқан «Алтын ХХІ» құрылыс компаниясы «Жылу транзиті» ЖШС-імен келісілмегендіктен, жылу жүргізе алмай отыр. Құрылыс жұмыстары осы себептен тоқтап тұр.

«Бүгінгі күні негізгі құрылыс-монтаждау жұмыстары аяқталды. Үйлердегі жылу қысымы тексерілген соң біз ішкі әрлеу жұмыстарына кірісеміз және биылғы жылдың 31 шілдесіне дейін бұл нысанды мемлекеттік комиссия актісі бойынша пайдалануға береміз. Содан соң «Қолжетімді баспана – 2020» бағдарламасына қатысушылардың арасында бөлу үшін ол тұрғын үй басқармасы теңгеріміне тапсырылады. Нысан бюджет қаражаты есебінен салынып жатқандықтан, барлық жұмыстардың ақысы нақты орындалған жұмысқа қарай төленеді. Мердігерге бірнеше рет ескерту жібердік, сот шешімімен бюджетке табыс ретінде тұрақсыздық айыбын өндіріп алдық», – дейді Е.Айтуғанов.

Оның айтуынша, өз міндеттерін дұрыс атқармағаны үшін мердігер компанияны жауапқа тартып, онымен арадағы келісім-шартты бұзуға болар еді. Алайда, келісім-шартты бұзу, конкурс бойынша жаңа мердігерді анықтау секілді жұмыстар созылып, ақырында қыс та жақындап қалар еді.

«Сол себепті біз «Алтын ХХІ» компаниясымен осы үйлердің құрылысын соңына дейін жеткізуді жөн көрдік. Аталған компаниямен жұмыс істеп келе жатқанымызға 6-7 жыл болып қалды. Белгіленген мерзімнің созылуының басты себебі – компания қаражатының жоқтығында, ал біз әлі жасалмаған жұмыстар үшін бюджеттен ақша бөле алмаймыз. Айта кету керек, бұл істе Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің ешқандай кінәсі жоқ. Бар жауапкершілік құрылыс компаниясы мен тапсырыс беруші, яғни құрылыс басқармасында. Егер, 31 шілдеге дейін межелі жұмыстар аяқталып, тұрғын үй пайдалануға берілмесе, мен қызметтен кетемін. Себебі, бұл іс үшін біз де жауаптымыз», – дейді басқарма басшысының орынбасары.

Қызыл кірпіштен салынған көпқабатты тұрғын үй құрылысы аяқталса, 242 отбасы жаңа пәтер кілтіне қол жеткізбек.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары