Қостанайда оқушылары тамақтан уланған Қазақ-түрік лицейінің асханасынан ішек таяқшалары табылды.
Бұл туралы облыстық Тұтынушылар құқығын қорғау департаменті хабарлады.
"Лицей асханасында санитарлық-гигиеналық талаптардың бұзылғаны анықталды. Зертханада жүргізілген зерттеу нәтижелері асханада ыдыстың дұрыс жуылмағанын анықтады. Тақтайшалардан, қасықтар мен тәрелкелерден ішек таяқшалары қоздырғышы табылған", - делінген хабарламада.
Қазір аталған факті бойынша тергеу жүріп жатыр.
"Іске қатысты материалдар ІІБ берілді. Жуық арада лицей әкімшілігіне қолданылатын жаза белгілі болмақ. Егер іс жабылатын болса, оқу орнының әкімшілігі әкімшілік жауапқа тартылып, айыппұл төлейді", - дейді департамент өкілі.
Бұл оқиға мамыр айының соңында болған еді. Жағдайы нашарлап ауруханаға түскен тоғыз балаға "өткір гастроэнтероколит" деген диагноз қойылды.
Мұндай оқиға лицейде соңғы жарты жылда екінші рет қайталанып отыр. 2014 жылдың желтоқсанында асханадан тамақтанған 37 бала дәрігерлер көмегіне жүгінуге мәжбүр болған-ды. Олардың улануына стафилококк таяқшалары себеп болған.