14.06.2015, 18:00

Кентауда көп қабатты үй отқа оранды

Оңтүстік Қазақстан облысының Кентау қаласында көп қабатты үйден өрт шығып, 21 адам жарақат алды.

Облыстық ТЖ департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, оқиға сенбі күні түнде болған. Балконнан шыққан тілсіз жау үш пәтерді жалмап үлгерді. Жалын барлығы 129 шаршы метр аумақты шарпыған.

Хабарламаға қарағанда, үш, бес және он жастағы үш бала мен 67 жастағы әйел аурухананың жан сақтау бөліміне жеткізілді. 68 жастағы тағы бір әйел орталық аудандық аурухананың хирургия бөліміне жеткізілген.

Қазір 10 жасар қыз бен әйелден басқасы жан сақтау бөлімінен палатаға көшірілді.

Өрт ауыздықталғаннан кейін жағдайы нашарлаған 16 тұрғын мен полиция қызметкері дәрігерлердің көмегіне жүгінген.

 

Құтқарушылар үйден өз бетімен шыға алмай қалған 11 адамды құтқарды. Өрт бірнеше сағаттан кейін ауыздықталды.