Ақмола облысында сегіз бірдей көлікті айдап әкеткен қылмыстың беті ашылды. Бұл туралы облыстық ІІД баспасөз қызметінен хабарлады.
Облыс аумағында 3 күн бойы жүргізілген «Угон» арнайы шарасы барысында 8 рет автокөлік ұрлау оқиғасы тіркелді. Жедел-іздестіру шарасы кезінде аталған қылмыстардың барлығының беті ашылды.
Мәселен, Ақкөл ауданында «Фольксваген Гольф» көлігін мас күйінде тізгіндеген 35 жастағы ер адам ұсталған. Құжаттарын тексеру барысында оның аталған көлікті ауылдасынан ұрлап, айдап әкеткені белгілі болды.
Қазіргі кезде күдіктінің үстінен ҚР ҚК 200-бабының 1-бөлімі бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Үш күн бойы өткен шараға қала, аудандардағы бөлімшелердегі барлығы 789 қызметкер жұмылдырылып, 186 жедел-іздестіру тобы құрылды. Сондай-ақ, 47 автокөлік қойылып, 300 астам автошеберхана, копператив гараждары және техникалық қызмет көрсету орталығы тексерілді.
Сонымен қатар, жедел-іздестіру шарасы кезінде осыған дейін жасалған 12 қылмыстың беті ашылды.