19.04.2018, 11:27

Ашынасына үйленгісі келген түрік азаматы ажырасу үшін әйелін «мен гүленшімін» деп алдаған

Түркиялық бизнесмен әйелімен ажырасу үшін өзін атақты діндар Фетхулла Гүленнің ізбасары екенін айтқан. Бұл жайында Haber Türk газеті жазады.

Еске салсақ, 2016 жылы шілдеде Түркияда Фетхулла Гүленнің жақтастары әскери төңкеріс жасамақ болған еді. Сол бүліктен кейін ірі кәсіпкер Хайри Угур әйелі Хепшенге өзінің «гүленшілер» тарапынан екенін жеткізіп, шұғыл ажырасу керектігін айтқан. Егер билік оның «гүленші» екенін біліп қойса қамап, бүкіл жиған байлығын тартып алатынын түсіндірген. Ал, ажырасса дәулетінің жартысы әйелінің атына аударылатыны белгілі. Бұл уақытта ерлі-зайыптылардың киім бизнесінен жиған қаражаты 49 миллион долларға жеткен екен.

Хепшен күйеуінің айтқанына сеніп, заңды түрде ажырасады да, балаларымен АҚШ-қа көшіп кетеді. Ал, Хайри Угур болса әйелінен құтыла сала көңілдесіне үйленіп алған. Өзінің алданып қалғанын білген әйел қазір Түркия полициясына арызданып, күйеуін алаяқ деп айыптап отыр. Ал, өзін «гүленшімін» деген ер адам енді сот алдында жауап береді.