21.06.2015, 18:00

Ақтөбе облысында ауыл шарушашылығын дамытуға бөлінген қыруар қаржы өз деңгейінде игерілуде

Фото:archive.turkystan.kz

Ауыл шаруашылығы сала­сын дамыту еліміздегі ең маңыз­ды міндет болып табылады.

Елбасы Н.Назарбаев өзінің «Қазақ­стан­-2050» Стратегиясында ХХІ ғасыр­дың он жаһандық сын-қате­рін атап өте келіп, «Үшінші сын-қатер – жаһандық азық-түлік қауіпсіздігіне төнетін қатер. Әлемдік халық саны өсуінің жо­ға­ры қарқыны азық-түлік проблемасын күрт шиеленістіріп отыр. Бүгіннің өзінде әлемде мил­лиондаған адам аштыққа ұшырап, миллиардқа жуық адам тағамның ұдайы жетіспеушілігін бастан кешіруде. Тамақ өнімдерін өндіруде революциялық өзгерістер жасамаса, осынау үрейлі цифрлар тек өсе түспек. Біз үшін бұл сын-қатер астарында орасан зор мүмкіндіктер бар. Біз қазірдің өзінде астық дақылдарын аса ірі экспорттаушылар қатарына ендік. Бізде аса ірі экологиялық таза аумақ­тар бар және экологиялық таза тағам өнімдерін шығара ала­мыз. Ауылшаруашылық өнер­кәсібінде сапалы секіріс жасау толықтай қолымыздағы нәрсе. Бұл үшін бізге жаңа тұрпаттағы мемлекеттік ой-сана қажет болады», деген болатын. Елімізде қазірдің өзінде агроөнеркәсіп кешенін дамытуға мемлекет тарапынан үлкен қолдау көрсетіліп отыр. Ауыл шаруашылығы саласын қаржыландыру да жыл өткен жақсара түсуде. Бұл бағытта бірнеше қаржы институттары жұмыс істейді. Салаға салынған қаржының қайтарымдылығы қазірдің өзінде нәтижесін бере бастады. Салада ілгерілеу, санада сілкініс бар. Бұл ауыл шаруа­шы­лығын дамытуда мүм­кіндігі­міз­дің мол екенін дәлелдейді. Өңірде тиімді де жүйелі жұмыс істеп келе жатқан қар­жы институттарының бірі – «ҚазАгро­Қаржы» АҚ. Акционер­лік қо­ғамның Ақтөбе облыстық филиалының директоры Қорған Нұртазиннің айтуынша, осы ком­пания­ның қаржылай қолдауымен облыста азық-түлік белдеуі құрыл­ған. Екі тауарлы-сүт фермасы, шошқа фермасы, екі репродуктор, екі жылыжай, көкөніс қоймасы және бірқатар ауылшаруашылық өнімдерін өңдеу кәсіпорындары салы­нып, пайдалануға берілген. 2000 жылдан бері облыстың ауыл­шаруашылық техникалық пар­кін жаңарту мақсатында 24,2 млрд. теңге қаржы қаралған. 2000 жыл­дан бері облыста 478 ауыл­шаруашылық құрылымына 5937 миллион теңгенің 976 техникасы берілген. – Өткен жылы 645,9 миллион теңгеге 203 техника сатып алуға 108 шаруашылықпен 175 келісім-шарт жасалды. Бұрын компания ауылшаруашылық техникасы ­және өңдеу қондырғыларын сатып ­алу­ды қаржыландыруға басымдық бе­ріп келсе, енді өз инвестиция­сының бағыттарын кеңейтуді қолға алды. Қазір отандық агробизнесті дамытуға қажетті бірқатар жаңа инно­вациялық жобаларды қаржы­ландыруға бағыт ұсталып отыр. Компанияның қазіргі негізігі ұстан­­ған қағидаты ол әлемде таныл­­ған және өзінің тиімділігін көр­сет­кен ауыл шаруашылы­ғы­ның жаңа бағыттарын дамытуды қаржылай қолдау арқылы ынталандыру болып табылады, – дейді Қ.Нұртазин. Қазіргі таңда аталмыш ұйым­ның қолдауымен өңірде жалпы сомасы 12,3 миллиард теңге тұратын он бес инвестициялық жоба жүзеге асырылды. Олардың қатарында Мәртөк ауданы Саржансай ауылындағы «Айс» ЖШС-ның 1100 сауын сиырлық тауарлы-сүт фермасын, Хромтау ауданы Қопа ауылындағы «Молочные историй» ЖШС-ның 16400 ірі қаралық репродуктор шаруашылығын, «Изет Гренхаус» ЖШС-ның гектар жылыжайын, алға ауданындағы «Парижская коммуна» ЖШС-ның 40 мың шошқа өсіретін мал шаруашылығы кешенін, «АкТеп» ЖШС-ның 1500 асыл тұқымды репродуктор-шаруашылығын, «Ақтө­бе жылы­жай» ЖШС-ның 3 гектар жылыжайын қосуға болады. Айта кетейік, ауыл шаруашылығы — материалдық өндірістің ең маңызды түрлерінің бірі. Ауыл шаруашылығы халықты азық-түлікпен және өнеркәсіпті шикізаттың кейбір түрлерімен қамтамасыз етумен айналысады. Ауыл шаруашылығы екі үлкен саладан, яғни өсімдік шаруашылығынан және мал шаруашылығынан тұрады. Сонымен қатар оның құрамына балық аулау, аңшылық және омарта шаруашылығы да кіреді.

Ауыл шаруашылығы — шаруашылық салаларының ішіндегі ең ежелгі және табиғат жағдайларына тікелей тәуелді саласы. Сонымен қатар ауыл шаруашылығы — неғұрлым көп тараған сала. Шындығында, дүниежүзінде халқы ауыл шаруашылығының түрлі салаларымен айналыспайтын бірде-бір ел жоқ. Ауыл шаруашылығының барлық жерге таралуы оның алуан түрлілігіне байланысты. Ғалымдар шамамен онын 50-ге жуық түрін бөліп көрсетеді. Қазіргі мәлімет бойынша дүниежүзінде бұл салада шамамен 1,3 млрд-тан астам адам еңбек етеді, оған ауыл шаруашылығындағы шаруа отбасыларын қосатын болса, онда ол көрсеткіш 2,6 млрд адамға жетеді. Еңбекке жарамды ер адамдардың ауыл шаруашылығындағы үлесіне сәйкес елдер индустриялы, постиндустриялы және аграрлы болып жіктеледі. Дүниежүзінде экономикалық белсенді халықтың (ЭБХ) 46%-ы осы салада еңбек етеді.

Жеке елдер бойынша ауыл шаруашылығында жұмыс істейтіндер саны үлкен айырма жасайды. Мысалы, Батыс Еуропа елдерінде бұл көрсеткіш — 8%, АҚШ- та — 3%, Канадада — 4%, Ресейде — 14%, Қазақстанда 40%-ға жуық болса, ал дамушы елдерде ол өте жоғары (44-сызбанұсқаға қараңдар).

Ауылшаруашылық географиясы климаттық, әлеуметтік және өндірістік факторлары әсерінен ұзақ тарихи уақыт аралығында қалыптасып, дамып отырды. Соңғы уақытқа дейін ауыл шаруашылығы климаттық факторларға тікелей тәуелді болып келді. Олар: вегетациялық мерзімнің ұзақтығы; өсімдіктердің өсуіне мүмкіндік туғызатын 10°С-тан жоғары температуралар жиынтығы; жылдық жауын-шашынның мөлшері мен түсу мерзімі; топырақтың механикалық құрамы мен құнарлылығы сияқты мәселелер. Жер шарындағы ең құнарлы топырақ қатарына құрамында карашірігі мол қара топырақ, минералды заттары мол жанартаулық топырақ және тұнба жыныстардан түзілген өзен анғарлары бойындағы топырақтар жатады. Қазіргі кезде ғылым мен техниканың озық жетістіктері ауыл шаруашылығында кеңінен колданылып отырған еллерде климаттық жағдайға тәуелділік әлдеқайда төмендейді. Мысалы, Сауд Арабиясы көпшілік бөлігін шөлдер алып жатқанына қарамастан, соңғы жылдары бидаймен өзін толық қамтамасыз етіп, тіпті оны экспортқа шығара бастады.

Дүниежүзінің кез келген елінің ауыл шаруашылығы өзара бір-бірімен тығыз байланысты екі саладан — өсімдік және мал шаруашылығынан құралады. Олардың арасалмағы әр елдің әлеуметтік-экономикалық жағдайы мен еңбек ресурстарының көрсеткіштеріне және табиғат жағдайларының ерекшелігіне сәйкес өзгеріп отырады. Экономикалық деңгейі жоғары елдерде (АҚШ, ГФР, Франция және т.б.) ғылым жетістіктері мен агротехникалық шаралар кеңінен қолданылуы нәтижесінде мал шаруашылығы өнімдерінің үлесі жоғары. Мұндай жағдай кейбір жекелеген дамушы елдерде де байқалуда, бірақ оның басты себебі климаттың қолайсыз әсерінен өсімдік шаруашылығының өркен жаюына мүмкіндіктің болмауы. Бұл керініс Таяу Шығыстың кейбір елдеріне тән. Өсімдік және мал шаруашылығы тек қана өзара байланысып қоймай, олардың өнімдерін өңдейтін өнеркәсіп салаларымен де тығыз байланысты. Бұл салалар арасындағы өзара байланыс агроөнеркәсіптік кешен (АӨК) арқылы жүзеге асады. Мұндай кешендер құрылымы мен қуатына қарай алуан түрлі болып келеді және дамыған елдерде кең қанат жайған. Ал дамушы елдерде олар жаңа-жаңа белең алып келеді.

Бүгінгі таңда жерге иелік етудің бірнеше түрі қатар кездеседі. Олар: жеке-меншіктік, мемлекеттік меншік және кооперативтік меншік. Ең көп таралғаны жерге жекеменшік иелігі, олар дүниежүзіндегі тауарлық ауылшаруашылық өнімдерінің басым бөлігін өндіреді.

Жоғары дамыған елдердің көпшілігінде жер қорының біраз бөлігі ірі жер иеленушілердің — фермерлердің қолында шоғырланған. Оларға берілген орташа жер мөлшері — 40—50 га. Бірақ жердің басты қожасы — мемлекет. Мысалы, АҚШ-та жер қорының 1/4-і мемлекет меншігінде. Дамушы елдерде аграрлық қатынастар түрліше сипатты болып келеді. Азия мен Африканың бірқатар елдерінде жергілікті және сырттан әкелінген күрделі қаржыға негізделген ірі капиталистік шаруашылықтармен қатар феодалдық, тіпті ру-тайпалық қатынастары өлі сақталып калған шаруашылықтар да көптеп кездеседі. Ал Латын Америкасы елдерінде жер қорының көпшілігін помещиктік шаруашылықтың негізін құрайтын ірі жер иеліктері — латифундиялар меншіктейді, оларға берілген орташа жер мөлшері — 2—3 мың га. Бұрынғы ТМД мен Шығыс Еуропа елдерінде меншіктің жаңа түрлері енгізілуде.

Ауыл шаруашылығы өзінің дамуы мен өркендеу сипатына қарай үш топқа ажыратылады.

Дәстүрлі (тұтынушы) ауыл шаруашылығында қауымдық және ру-тайпалық қатынастар әлі де сақталған. Бұл топ ауыл шаруашылығының екі түрінен тұрады. Біріншісі — Африка, Оңтүстік Америка және Азияның ылғалды тропиктік ормандарына тән аңшылық, балық аулау және өсімдіктерді жинаумен қатар жер өңдеуді ұштастыру. Негізгі өсіретін дақылдары — тамыр және түйнек жемістілер, астық, бұршақ тұқымдастары, май пальмасы. Жер өңдеуде дәстүрлі көне тәсілдер (кетпен, соқа) қолданылады. Бұл шаруашылық өртеп-кесу шаруашылығы деп те аталады. Ал екіншісі — көшпелі және жартылай көшпелі мал шаруашылығы. Әсіресе Африка мен Азияның тропиктік, қоңыржай белдеулерінің құрғақ аудандарында (түйе, қой, ірі қара, жылқы өсіру) және Солтүстік Еуропа мен Азияның тундра зонасында (бұғы өсіру) кең тараған. Бұл шаруашылық дамушы елдерге тән, өте ұсақ шаруашылық жиынтықтарынан құралады. Олардағы еңбек өнімділігі дамыған елдермен салыстырғанда 25 есе төмен. Кейде егіншілік мал шаруашылығымен ұштаспай, одан бөлек дамиды және көп жағдайда бір ғана дақыл өсіруге бағытталған. Мысалы, Оңтүстік-Шығыс Азия елдері — күріш, Африка елдері — кофе мен жержаңғақ, ал Латын Америкасы елдері — қант құрағы мен какао өсіруге маманданған.

Тауарлы және жартылай тауарлы дәстүрлі шаруашылық пен помещиктік-латифундиялық шаруашылық — ауыл шаруашылығында үш түрлі бағытта жүргізіледі:

а) егіншілік шаруашылығы (көп еңбек күшін қажет ететін Азиядағы күріш өсіру);

ә) егіншілік және егіншілік пен мал шаруашылығы — Африка мен Азияға және Латын Америкасына тән. Сұранысқа ие дәнді дақылдар мен жемістер, сергітпе және техникалық дақылдар (банан, кофе, какао, шай, каучук және талшық алынатын өсімдіктер) күш-көлік ретінде және өнім алу үшін өсірілетін мал шаруашылығымен ұштасады;

б) көпсалалы тауарлы егіншілік пен мал шаруашылығы — Еуропаның кейбір елдері мен Азия және Латын Америкасы елдеріне тән. Егіншілік пен мал шаруашылыры бір-бірімен тығыз байланысты болғандықтан шаруашылықта сан салалы, сұранысқа ие дақылдар басым өсіріледі.

Жоғары маманданған тауарлы ауылшаруашылығы — ол ауыспалы егістіктері бар өсімдік шаруашылығы мен мал азығын дайындауды қоса жүргізетін интенсивті мал шаруашылықтарынан және оларды байланыстырушы агроөнеркәсіптік кешендер (АӨК) жиынтығынан тұрады. Мұнда

FTP нәтижесікде механикаландыру мен химияландыру өзінің шарықтау шегіне жеткен. Тіпті автоматтандыру, селекция мен генетика, биотехнологияның соны жетістіктері кеңінен пайдаланылуда.

Шаруашылық өнімдерін өндірумен қатар, оны ұқсату, сақтау, тасымалдау және өткізу, сондай-ақ тыңайтқыш сияқты заттарды шығаруды да қамтиды. Бұл өз тарапынан ауыл шаруашылығына индустриялық сипат береді. Мұндай шаруашылықтар жақсы жерлерге орналасып, жалдамалы жұмысшылар күшін және агротехникалық шараларды кеңінен пайдаланады. Олардың өндірісі ішкі, әсіресе сыртқы нарық сұранысына бағдар ұстайды, сөйтіп, олар «мемлекет ішіндегі мемлекет» рөлін де орындайды. Жоғары механикаландырылған алты шаруашылық түріне бөлінеді:

а) дәнді дақылдар шаруашылығы (бидай, жүгері). Солтүстік Америка, Аустралия, Еуропа (Ресей, Украина), Азия (Қытай, Қазақстан) аумақтары;

ә) интенсивті егіншілік (дәнді дақылдар, техникалық дақылдар, жеміс және бау-бақша). Еуропа мен Солтүстік Америка елдері, Азия (Қытай, Жапония) аумақтары;

б) плантациялық шаруашылық (жеміс, сергітпе және техникалық, дақылдар). Латын Америкасы, Азия мен Африканың тропиктік, субтропиктік аймақтарындағы дамушы елдер;

в) экстенсивті жайылымдық мал шаруашылығы (етті бағыттағы ірі қара, қой). Солтүстік Америка (АҚШ), Оңтүстік Америка (Аргентина, Уругвай), Еуропа (Ресей), Азия (Ңазакстан), Аустралия аумақтары;

г) интенсивті мал шаруашылығы (сүтті және сүтті-етті ірі қара, ет бағытындағы ірі қара бордақылау, шошқа және құс өсіру). Батыс Еуропа (Ұлыбритания, Германия), Шығыс Еуропа (Украина, Ресей), Солтүстік Америка (АҚШ), Жаңа Зеландия аумақтары;

ғ) интенсивті егіншілік пен мал шаруашылығы (бау-бақша, жем дайындау, сүтті-етті ірі қара, шошқа және құс өсіру). Еуропа, Солтүстік Америка елдері мен Жапонияға тән.

Соңғы жылдары экономикасы дамыған елдердің ауыл шаруашылығындағы еңбек өнімділігі біртіндеп дамушы елдерге де ауысуда. Осы заманғы агротехникалық шараларды кеңінен пайдалану негізінде ауыл шаруашылығын қайта түлету XX ғасырдың 60-жылдарынан басталған "жасыл революция" арқылы жүзеге асуда. Жасыл революцияның негізі болып табылатын басты мәселелерге — мәдени өсімдіктердің өнімділігін арттыратын және егістік жерлерді пайдалану мүмкіндігін кеңейтетін дақылдардың тез пісетін сорттарын шығару, суландыру шараларын ұлғайту жатады. Өйткені жаңа сорттар қолдан суарған жағдайда ғана өзінің жақсы қасиеттерін көрсетіп сапалы өнім береді.

Сонымен қатар осы заманғы техниканы, тыңайткыштар мен зиянкестерге қарсы улы химикаттарды кеңінен пайдалану шаралары жатады. Жасыл революция нәтижесінде кейбір дамушы елдер өздерінің астыққа мұқтаждығын өтеді, дәнді дақылдар шығымдылығы екі-үш есеге артып, аштықты жоюға мүмкіндік туды. Әсіресе бұл құбылыс халық саны қарқынды өсіп жатқан Мексика, Үндістан және Қытай елдерінде белең алды. Қалай болғанда да жасыл революция дамушы елдердің артта қалған ауыл шаруашылығына аса үлкен өзгеріс әкеле қойған жоқ.

Негізінен, шетелдік компаниялар мен ірі қожайындарға тиесілі жерлерге ғана ықпал етті. Сонымен бұл революция дамушы елдер ауыл шаруашылығының артта қалуы табиғи себептерге ғана емес, ең алдымен, әлеуметтік-экономикалық жағдайларға байланысты болатынын тағы да көрсетті.

XX ғасырдың 80-жылдары басым түрде дамыған елдер аясында екінші «жасыл революция» немесе биотехнологиялық революция (нанотехнология) жүрді. Гендік инженерия нәтижесінде үсік пен түрлі ауруларға төзімді томат, картоп, мақта, қытайбұршақ (соя) сияқты өсімдіктердің жаңа сорттары будандастырылса, сүтті сиырлардың етті шошқа мен ірі қараның жаңа түрлері шығарылды. Мұндай жетістіктерді өндіріске енгізу өте қымбатқа түсетіндіктен, қазірше батыстың жоғары дамыған елдерінде ғана қолданылуда. Ауыл шаруашылығы даму бағыттарына қарай интенсивті және экстенсивті болып бөлінетіні сендерге таныс.

Қазіргі ауыл шаруашылығына тән басты белгі — бір немесе бірнеше өнім түрлерін өндіруге мамандану. Жалпы өнімнің құрамы мен мөлшері сұранысқа, табиғи және әлеуметтік-экономикалық жағдайларға, көлікпен жабдықталуына, әр елдің экономикалық, географиялық жағдайына тәуелді.

Бүгінгі таңда ауыл шаруашылығында жоғары маманданған кәсіпорындар мен ауылшаруашылың аудандары көбеюде. Географиялық еңбек бөлінісі нәтижесінде тауарлық қатынастардың кең етек алуы, өндірістің көлік және жоғары технологиялық жетістіктерімен қамтамасыз етілуі, ауыл шаруашылығының жекелеген ел шеңберінен шығып, ғаламдық деңгейге көтерілуіне себепші болып отыр.

Қазір Қазақстанда ауыл шаруашылығы мақсатына арналған жеке меншік иелері мен жер иеленушілердің қарамағындағы 149,1 млн. га жер бар. Оның 25,7 млн. га-сы егістік, 3,6 млн. га-сы шабындық, 103,5 млн. га-сы жайылым (1998). Мемлекеттік ауыл шаруашылығы кәсіпорындарын жекешелендіру және ұжымшарлар жүйесін қайта жаңғырту оң нәтиже берді. Жерге байланысты құқықтық қарым-қатынас жүйесі өзгерді, баға, несие, қаржы саясаты реформаланды, басқару механизмі жеңілдетілді. 1997 жылы Қазақстанда жалпы саны 72335 ауыл шаруашылығы құрылымдары жұмыс істеді. Оның 1847-сі шаруашылық серіктестіктері, 601-і акционерлік қоғамдар, 3714-і өндірістік кооперативтер, 65 мыңнан астамы шаруа қожалықтары, 192-сі мемлекеттік кәсіпорындар. Ауыл шаруашылығы кәсіпорындарын жекешелендіру меншік нысанын ғана өзгеріске ұшыратып қойған жоқ, сонымен бірге оларды жедел дамытуға, өндірісті қайта құруға, тауарлы өнім өндіруді арттыруға мүмкіндіктер тудырды. Ауыл шаруашылығы салалары бойынша жалпы өнім құны 305, 4 млрд. теңгеге жетті (1997). Оның 41,5%-і мал шаруашылығы үлесіне тиеді. Негізгі ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс көлемі 1997 жылы 21843,7 мың га, оның ішінде дәнді дақылдар 15651,5 мың га болды. Бидай 11512,2 мың га, күріш 85, 2 мың га, жүгері 69 мың га, қант қызылшасы 13,6 мың га, мақта 103,6 мың га, күнбағыс 223,9 мың га, картоп 176,3 мың га, көкөніс 87,1 мың га, мал-азық дақылдары 5445,6 мың га жерге егілді. Дәнді дақылдарының жалпы түсімі — 12,4 млн. т құрады. Оның ішінде бидай 8955 мың т, күріш 255,0 мың т, жүгері ұны 111,2 мың т, қант қызылшасы 139 мың т, мақта 198 мың т, күнбағыс 66 мың т, картоп 1472 мың т, көкөніс 880 мың т. болды. Ауыл шаруашылығы дақылдарының әр га-дан түсетін өнімділігі: дәнді дақылдардан 8,7 ц, күріштен 30,8 ц, қант қызылшасынан 126,5 ц, мақтадан 19,3 ц, күнбағыстан 3,5 ц, картоптан 84,1 ц, көкөністен 100,6 ц болды. 1997 жылдың аяғында ірі қара малдың саны 4405,7 мың (оның ішінде сиыр 2181,8 мың), қой мен ешкі 10896,6 мың, шошқа 881,5 мың, жылқы 1101,1 мың, құс 15858,2 мың болды. Ет 1302,1 мың т., сиыр сүті 3220,4 мың т, жүн 32,4 мың т мөлшерінде өндірілді.