Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Ұлытау төрінде берген сұхбатында: «Біздің елдігіміз, қазақ жұртының арғы түбі ғұндардан басталады. Ғұндардан кейін көк түріктерге жалғасады. Одан кейін Алтын Орда орнығады. Сөйтіп, хандық дәуірге ұласып, кейін біртіндеп Тәуелсіздікке келіп тіреледі. Осындай үлкен тарихымыз бар. Жастарымыз мұны білуі керек. Біз кеше ғана пайда бола қалған халық емеспіз» деп ой толғап, көне тарихымызға жаңаша баға бергені баршамызға аян. Ел Президентінің тарих жөніндегі ой-толғамдары көпшіліктің қолдауына ие болды. Зиялы қауым өкілдері, ғалымдар мен тарихшылар, журналистер, жалпы, барлық қазақстандықтар қазақ мемлекеттілігінің тамыры тереңде жатқанына аса мән беруде, тарихтан тағылым алуда. Бүгінде көптеген зерттеу еңбектері мен ғылыми материалдар жарық көруде. Тәуелсіз еліміздің түп тамыры Қазақ хандығымен тығыз байланыста екендігіне дәлел ретінде Президент Қазақ хандығының 550 жылдығын атап өту жөнінде бастама көтеріп, қазіргі уақытта еліміз көлемінде осыған байланысты ізгі шаралар жүзеге асуда. Түптеп келгенде, Елбасының бастамасы игілікті істердің алтын арқауына айналды.
«Қасқа жолды қасым хан...»
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың: «Бізге мыңжылдықтар тоғысқан алмағайып кезеңде мемлекет құру, ел болу міндеті жүктелді. ...Атамекен жері үшін қасықтай қанын қиған даңқты бабалардың аттары ұрпаққа ұран болып бүгінге жетті. Сондықтан, жыраулар мен абыздарды, билер мен батырларды бар болмысымен жас ұрпақтың санасына сіңіру керек» деген ұлағатты сөзін, тағылымы мол түйінін терең түсінген Республика Жоғарғы Сотының Төрағасы Қ. Мәми тәуелсіз сот саласы өзінің қайнар бастауын дала демократиясы атанған - билер сотынан алатынын зерделей келіп, әр өңірдің тарихи ерекшелігін сараптап, өзекті тақырыптарды ұсынғанын ұғындық.
Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты мемлекеттік органдар арасында алғаш болып, Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойын мерекелеуге «Мәңгілік ел» жалпыұлттық идеясы аясында белсене атсалысуда. «Қазақ құқығы мен билер сотының төрелігі - қазақ мемлекеттілігінің феномені» атты ғылыми конференцияны қыркүйек айында өткізуді жоспарлап отыр. Оған көптеген тарихшылар мен құқықтанушы заңгер-ғалымдар, шетелдік зерттеушілер қатысады деп күтілуде. Бұл ғылыми конференцияға дейін облыстық және оларға теңестірілген соттардың ұйымдастыруымен республиканың бес өңірінде Қазақ хандығының 550 жылдығына арнап өңірлік конференциялар өткізілді. Бұл өз кезегінде ғалымдар мен тарихшы-зерттеушілердің қызығушылығын тудырумен қатар, жұртшылықтың ықыласына ие болғанын айта кеткеніміз жөн. Себебі, бұрынғы билер атқарған қызметті еліміздің қазіргі мемлекеттік билік жүйесінің үш саласы болып табылатын: басқару, заң шығару, оны орындау құзыреті жүктелген функциялармен салыстырып қарауға деген жаңаша бағыттағы ізденістер бес облыста өткен конференциялардың маңызын одан әрі арттыра түсті.
Енді осынау іс-шаралардың республикадағы қай өңірлерде өткеніне және Қазақ хандығына қатысты нендей тақырыптар қозғалғанына тоқталып өтелік.
Қазақ хандығына және еліміздің мемлекеттілігіне негіз болған Алтын Орда кезеңі, одан бұрын өмір сүрген Майқы биден бастап, кешегі патшалық Ресей империясына қызмет еткен дәстүрлі құқығымыз бен билер сотының әр ғасырдағы рөлін, мемлекеттік билікке қосқан үлесін ғылыми тұрғыдан талдауға зор мән берілген. Мәселен, Алтын Орда хандығы, Керей, Жәнібек, Бұрындық, «Қасқа жолды Қасым хан» заманынан Хақназар, Тәуекел хандар билік құрған кездегі мемлекеттік басқару, құқықтық жүйе және сот билігі, билердің әділ шешімдері, өзге елдермен елшілік байланыс, дипломатиялық қызметтер тақырыбындағы материалдар тарихшылардың, ғалымдар мен жұртшылықтың талқысына салынды.
Бұл ауқымды тақырып бойынша Атырау, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Маңғыстау облыстық соттары бірлесіп, Қызылорда облыстық сотының ұйымдастыруымен, биылғы 14 мамырда Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің Студенттер сарайында өңірлік конференция болып өтті. Оған Жоғарғы Соттың судьясы, облыс әкімі, бес облыс сотының төрағалары мен судьялары, құқық қорғау органдарының өкілдері, ғалымдар, ардагерлер кеңесінің мүшелері, жастар ұйымдарының белсенділері, т.б. қатысты.
Астанадан арнайы келген Б. Мақұлбеков іс-шараны ашып, Жоғарғы Сот Төрағасының ашық хатын оқып берді. Онда Сыр бойында маржандай тізіліп жатқан қалалардың ішіндегі ең маңызды тарихи орын - Сығанақ қаласы екені жан-жақты баяндалған. Бұл қала 1468 жылы Қазақ хандығының тұңғыш астанасы болған. Бұдан басқа Сыр бойында орналасқан Сауран, Созақ, Отырар, Түркістан, Жент, Баршынкент және тағы басқа да қалалардың Қазақ хандығының экономикалық күш-қуатын нығайтудағы рөлі зор болғаны кеңінен атап өтілді.
Конференция барысында сөз сөйлеген Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры, тарих ғылымдарының докторы Х. Әбжанов «Бұл конференция жоғары деңгейде өткізілді» деп өз ризашылығын жеткізсе, әл-Фараби атындағы ҚМУ профессоры, тарих ғылымдарының докторы Б. Кәрібаев «Елдің тарихын тануда жастарға үлгі-өнеге болады деп сенеміз» деген пікірін білдірді. Сонымен бірге, әл-Фараби атындағы ҚМУ профессоры, заң ғылымдарының докторы А. Ағыбаев, ҚР ӘҒА академигі, философия ғылымдарының докторы А. Тайжан, т.б. жасаған баяндамалар тартымдылығымен ерекшеленді.
«Есім ханның ескі жолы...»
Есім хан билік құрған 1598-1643 жылдардағы Қазақ хандығының күшеюі, мемлекеттік басқару жүйесі мен құқықтық заңдардың өріс алуы, «Есім ханның ескі жолы» заң ережелерінің реформалық мәні және сипаты, хандық биліктегі Билер кеңесі және мемлекеттік билік пен билер соты тақырыбы Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл облыстық соттары бірлесіп, 13 мамырда Түркістан қаласында өткізген аймақтық конференцияда барынша қамтылды.
Қ.А. Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде өткен іс-шарада Түркістан қаласы мен осы қасиетті мекенде орналасқан Қ.А. Ясауи кесенесі бүкіл түркі тектес халықты бір орталыққа жинаған киелі жер екені, онда сан ғасырға ұласқан тарихи шежіре, құнды жәдігерлер бары нақты деректер арқылы баяндалды. «Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойын өткізуге, елдігімізді тереңнен тануға ұйытқы болған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев екенін сіздер жақсы білесіздер. Қ.А. Ясауи мешітіндегі ұлттық пантеон қазақ халқының ЮНЕСКО-ның тізіміне енгізілген ежелгі құндылығы және қаһарман хандарымыздың, данагөй билеріміздің, даңқты батырларымыздың жерленген жері. Бұл конференцияның киелі Түркістан қаласында өткізілуі және талқыланып отырған тақырып қазақ мемлекеттілігінің бай тарихын зерттеудің үлгісі ретінде өсер ұрпаққа мол тағылым берері сөзсіз» делінген Қ. Мәмидің конференцияға қатысушыларға арнаған хатында.
Конференцияда сот саласының ардагері Б. Тұрғараев, түркология ғылыми-зерттеу институтының директоры Қ. Ергөбек, М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті Гуманитарлық зерттеулер институтының директоры М. Мырзахметұлы, Оңтүстік Қазақстан облыстық сотының төрағасы Н. Шәріпов, т.б. тағылымды баяндама жасады.
Іс-шара аясында «Қазақ хандығының тарихындағы Түркістанның орны» атты тақырып аясында арнайы көрме және сурет, кітап көрмелері ұйымдастырылды. Екі cессиядан тұратын конференция жұмысына белгілі тарихшы, заңгер, филолог ғалымдар, зерттеушілер мен жазушылардың 17 ғылыми баяндамасы оқылды.
«Жеті жарғы» - дала демократиясының озық үлгісі...»
Әз Тәуке заманында «дала демократиясы» атанған «Жеті Жарғы», оған өшпес үлес қосқан әділ биліктің төбе биі Төле, Қаз дауысты Қазыбек, айыр тілді Әйтеке билердің құқықтық мұралары мен билік-шешімдері, ұлағатты сөздері және даңқты Әбілқайыр, Әбілмәмбет, Абылай хандар ел басқарған тұстағы Қазақ елінің мемлекеттік басқару жүйесі, өзге елдермен дипломатиялық байланыс жасау, одақтасуға қатысты тақырыпты қозғаған конференция, Астана, Алматы қалалық, Қарағанды облыстық соттарының және Әскери соттың бірлесіп ұйымдастыруымен, 15 мамырда әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде өтті.
«Жеті Жарғы» - дала демократиясының озық үлгісі, мемлекеттік құқық пен билер сотының алтын арқауы» атты тақырыпта өткен бұл конференцияның ашылуында ҚР Жоғарғы Сотының судьясы Ақылтай Қасымов Қ. Мәмидің конференцияға қатысушыларға арнаған құттықтауын оқыды. Онда сот қауымдастығы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев жүргізіп отырған бес институционалдық реформаны, «Мәңгілік ел» жалпыұлттық идеясын бар ынтасымен қолдайтыны әрі табандылықпен іске асыруға белсене атсалысатыны айтылған. Одан әрі «Хандық басқару жүйесі қазақ халқы біртұтас ұлт ретінде ұйыстыруға, мәйегі мықты мемлекет құруға, оның құқықтық ережелері мен әдет-ғұрыптарын заңдастыруға айрықша үлес қосты. Ал, мемлекеттік биліктің бірден-бір арқауы - далалық демократияның классикалық үлгісі, билер соты болғанын жұртшылық жақсы біледі» делінген баяндамада.
Конференцияға Ұлттық ғылым академиясының тарих және этнология институтының директоры, профессор М. Қойгелді, филология ғылымдарының докторы, академик
С. Қирабаев, «Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы» республикалық қоғамдық бірлестігі Төрағасының бірінші орынбасары Т. Мамашев, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының төрағасы, академик Ө. Айтбайұлы, тарих ғылымдарының докторы, профессор Х.Әбжанов, жазушылар Қ. Жұмаділов, Б. Нұржекеұлы, С. Сматаев құрметті қонақ ретінде шақырылды. Ал Әл-Фараби атындағы Ұлттық университеттің ректоры Ғ. Мұтанов құттықтау сөзін арнап, осы конференцияны ойдағыдай ұйымдастырған сот қызметкерлерін «ҚазҰУ-дің 80 жылдық мерекелік медалімен» марапаттады. Конференцияда осы университеттің ұстаздары, заң ғылымдарының докторлары З. Кенжалиев, А. Ибраева, А. Исабеков, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия университеті тарих факультетінің деканы Т. Садықов, мазмұнды да мағыналы баяндама жасады. Сондай-ақ көршілес Қырғызстан, Өзбекстан Республикаларының ғалымдары жіберген стенттік баяндамалар тыңдалды.
Алматы қалалық соты осы іс-шара аясында Алматыдағы № 2 балалар үйінің тәрбиеленушілері мен БАҚ өкілдерінің қатысуымен, Мемлекеттік орталық мұрағатта және Ә. Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер мұражайында кездесулер ұйымдастырды. Сессиялар бойынша өткізілген конференция шеңберінде белгілі ғалымдар, тарихшылар, заңгерлер мен зерттеушілердің 20-дан астам баяндамасы тыңдалды.
Абай құнанбайұлы және «қарамола» ережесі
Қазақ даласындағы Ресей мемлекеті бекіткен заңдар және Қазақ елінің құқықтық жүйесіндегі сот қызметі, билер дайындаған ережелер, сол кездегі үш буынды - ауылдық, болыстық және төтенше билер сотының құрылымы мен құқықтық қызметі де өте ауқымды тақырып екені анық. Әсіресе, биыл 130 жыл толатын Абай Құнанбайұлы жазған «Қарамола» ережесі, тағы басқа заңдардың Қазақ елінің құқығы мен билер сотын жаңартуға қосқан үлестері өте орасан. Бұл ретте Алматы, Шығыс Қазақстан, Павлодар облыстық соттары бірігіп, 15 мамырдаСемей қаласындағы Қазақ инновациялық гуманитарлық-заң университетінде (ҚазИГЗУ) өңірлік конференцияның өтуіне ұйытқы болды.
Осы іс-шарада Жоғарғы Соттың судьясы Ә. Құрықбаев конференцияға қатысушыларға арнаған құттықтау сөзінде Семей қаласы бүкіл түркі тектес халықтарына бірнеше ғасырлық тарихи жазбаларымен және бағалы мұраларымен белгілі, киелі жерлердің бірі болып табылады делінген. Одан әрі баяндамада «Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің Ұлытау төрінде берген сұхбатында еліміздің елдігін айғақтайтын, тарихтан белгілі іргелі шаралар қатары туралы атап өткен болатын.
Онда, әсіресе, қазіргі күнгі мемлекеттілігімізге негіз болған билер соты, хандық дәуірдегі билік жүргізу ерекшеліктері сынды бірқатар мәселелерге де тоқталған-ды. Мысалы, солардың бірі ретінде Абайдың атсалысуымен Қазақ елінің игі жақсылары, бес болыстың ел билеушілері бірігіп жазған «Қарамола» ережесінің мән-мағынасын, құқықтық іс жүргізудегі тәлімін салмақтау қажеттігін айтуға болады. Жалпы, қорыта айтар болсақ, бұл бағытта жүргізілуге тиіс жұмыстар Елбасы өзі бастама ретінде көтерген «Мәңгілік Ел» идеясымен сабақтас болып келеді» делінген.
Конференция барысында сөз алған Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті «Философия» кафедрасының меңгерушісі, философия ғылымдарының докторы Ғ. Есім «Елдік мәселесін бірінші болып сот жүйесінің көтергені - бұл үлкен жақсылықтардың бастамасы» дей келіп, осы іс-шараны өткізуге атсалысқан облыстық сот төрағаларына философ ғалым өз ризашылығын айтты. Абай атындағы Қазақ ҰПУ «Әлеуметтік тарих» кафедрасының меңгерушісі, профессор, белгілі тарихшы Мәмбет Қойгелді өз сөзінде «Мұндай конференцияның берері мол. Әсіресе, оған жастарды көптеп қатыстыру керек» деген оң пікірін білдірді. Одан кейін «Елбасымыз өзінің бір сөзінде біздің жеріміздің қазыналы екенін, ал қазыналы жерге көз тігушілердің көп болатынын, сондықтан да бұл сын-қатерге даяр болуымыз керектігін баса айтқан еді. Бүгінгі мемлекетшілікті нығайту жолындағы мақсат-мүддеміз міне, осы арнада да келіп тоғысады» дей отырып, «Мәңгілік Ел» идеясының түп негіздеріне тоқталды.
Бұдан соң Семей қаласындағы Шәкәрім атындағы мемлекеттік университеті Педагогика жоғары мектебінің директоры, ғылым докторы А. Еспембетов, С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті «Қазақ тілі» кафедрасының меңгерушісі, профессор А. Зейнулина, сондай-ақ сот төрағалары мен судьялар баяндама жасады. Бұл ретте Семей қаласының әкімі А. Кәрімов пен ҚазИГЗУ-дың ректоры, саяси ғылымдар докторы Ш. Құрманбаеваның баяндамалары да мазмұнды болғанын атап өткіміз келеді.
Іс-шара аясында Ғылыми зерттеу орталығы «Кешегі Алаш идеясы - бүгінгі Мәңгілік Қазақ Елі» атты тақырыпта экспонаттар мен тарихи деректердің арнайы көрмесін, Қазақ хандығы билерінің өмірі мен қызметі туралы кітап, сурет көрмелерін ұйымдастырды. Конференцияға қатысушыларға «Абай Құнанбаев - ұлы би» атты деректі фильм көрсетілді. Сондай-ақ, олар өлкетану және Абай мұражайларын, Невзоровтардың отбасылық мұражайын аралап шығып, Семей өңірінің сан ғасырлық бай тарихы туралы мол мағлұматқа қанықты.
«хvііі-хіх ғасырлардағы қазақ елінің құқықтық жүйесі және билер сотының төрелігі»
Ақмола облыстық соты бас болып, Солтүстік Қазақстан және Қостанай облыстық соттарының ұйымдастыруымен, 22 мамырда Бурабайда өткен конференцияның өзіндік маңызы бар.
Қасиетті өлке - сұлу Көкшенің Қазақ хандығы үшін орны бөлек екенін барша халқымыз жақсы біледі. Ал атақ-абыройын Ресей мен Қытай сынды алып елдер мойындаған Абылайдай айбынды ханымыз қырық сегіз жыл хандық билігін жүргізгенде, мемлекетіміздің «Ақ туы» желбіреген киелі ордамыз орныққан жер. Ел тәуелсіздігі мен мемлекеттік билігімізді нығайтуда, өзге елдермен дипломатиялық қарым-қатынас орнатуда талай келелі кеңес өткен құтты мекен. Оған қоса, Абылай хан құрған «Хан Кеңесінің» бас уәзірі Қанай би бастаған қырық екі бидің еліміздің құқықтық жүйесі және ел басқару мен билер сотына қосқан өлшеусіз еңбегінің ізі қалған өңір. Міне, осындай қасиетті мекенде болып өткен конференцияның «ХVІІІ-ХІХ ғасырлардағы Қазақ елінің құқықтық жүйесі және билер сотының төрелігі» деп аталуының мәні зор, мағынасы терең.
Еліміз Ресей империясына қараған тұста құқықтық заң-ережелеріміз Батыс Сібір генерал губернаторының бұйрық-шешімдеріне сай қалыптасқаны ақиқат. Әсіресе, мемлекеттік басқару мен сот жүйесі, оның ішінде билер сотының іс қарау тәртібі, олар қолданған құқықтық ережелерді реформалау сипаты осы кезеңнен бастау алады. Соның ішінде ең алғашқы конституциялық заңымыз іспетті жинақталып, 1824 жылғы 8 ақпанда жарияланған «Омбы уақытша комитетінің ережелері», өзінің ғылымдағы ғұламалық даңқымен Еуропаны мойындатқан Шоқан Уәлихановтың 1854 жылғы «Сот реформасы жайында хат» еңбегі, «Баянауыл округі сұлтандары мен билерінің 1863 жылғы «Билер сотын күшінде қалдыру жөніндегі съезд шешімі» сынды құнды құжаттар ел мүддесі үшін қызмет еткені бүгінгі ұрпақ үшін өшпес үлгі-өнеге. Осындай мол мұраны зерделеу, оқып-үйрену, керегімізге жарату - өскелең ұрпақтың алдында тұрған асқарлы міндеттердің бірі екені шүбәсіз. Аталған конференцияда Республика Конституциясында атап жазылғандай, «байырғы қазақ жерінде» мемлекеттілік құрған елдігімізді, оның құқықтық жүйесі мен билер сотының әділдігін, ел басқарудың тура жолын көрсететін тарихи танымы кең, құндылығы терең баяндамалар жасалды.
Алқалы басқосуда Сенат депутаты, жазушы Ж. Ерғалиев, Республика Судьялар Одағының хатшысы С. Райымбаев, Ш. Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университеті өңірлік ғылыми зерттеулер институтының директоры, тарих ғылымдарының докторы Қ. Әбуев, М. Қозыбаев атындағы СҚМУ-дың профессоры, тарих ғылымдарының докторы А. Ибраева, сондай-ақ Ақмола, Солтүстік Қазақстан облыстық соттарының төрағалары, алқа төрағалары мен судьялар, т.б. сөз алып, келелі пікір, ғылыми тұжырымдарын ортаға салды.
Жиын барысында Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған фильм көрсетілді. Бұған қоса «Азат ұлттың рухы» фильмі кофференцияға қатысушылар назарына ұсынылды. Іс-шара соңында Абылай хан атындағы тарихи-өлкетану музейінде болғандар көнеден сақталып қалған жәдігерлерді көріп, рухтанып қайтты.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың мемлекеттігімізді одан әрі нығайту, ел тарихын жас ұрпаққа дәріптеу мақсатында Қазақ хандығының 550 жылдығын атап өту жөніндегі игілікті бастамасын іскерлікпен қолдап, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ұйымдастыруымен республика өңірлерінде жоғары деңгейде өткен бұл іс-шаралар жастарға төл тарихымызды кеңінен танытуда айқын айқын бағдар, дәйекті негіз болмақ деген ойдамыз.