Еліміздің төл тарихында тұңғыш рет мемлекетті басқарудың жаңа үлгісі – президенттік басқару жүйесі енгізілді. Біздің қоғамға таңсық басқару жүйесі Қазақстанды сол кездегі дағдарыстан алып шығудың бірден-бір дұрыс жолы болды.
Аса күрделі тарихи сәтте Қазақстан басшысы тағы да көрегендік танытты. Басты мақсат – елде тұрақтылық пен тыныштықты сақтауға қол жеткіздік. Саяси тұрғыда тәуелсіздікке жетудің алғышарты қаланды. Президенттік институт тарихтың сындарлы сәтінде Қазақстанның мемлекет ретінде әлемдік қауымдастыққа танылуына жол ашты және тәуелсіз еліміздің саяси-мемлекеттілік келбетін қалыптастырды.
Мемлекетті басқару жүйесіндегі Президенттің рөлін айқындау үдерісінде 1991 жылғы 16 қазандағы «Қазақ КСР Президентін сайлау туралы» Қазақ КСР-інің заңы мен «Қазақ КСР Президентін сайлауды тағайындау туралы» Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің қаулысының алатын орны ерекше. Осылайша, Қазақстанның тарихында Президентті баламалы негізде тікелей бүкілхалықтық сайлауға алғашқы қадам жасалды.
Президенттік республиканың қалыптасуы мен дамуы арқылы қазақ тарихында, тіптен басқа, жаңа да жаңашыл, қазақстандық жол басталды. 1991 жылғы 1 желтоқсанда өткен жалпыхалықтық алғашқы сайлауда Н.Назарбаевты дауыс берушілердің 98,78 пайызы қолдады. Бұл жарқын жеңіс Қазақстанның бүгінгі күнге дейін жалғасып келе жатқан ұлағатты жолының бастауы еді.
Салтанатты ұлықтау рәсімі 1991 жылдың 10 желтоқсанында өтті. Данагөй абыз ақын Шәкір Әбенов халқымыздың атынан Елбасына жүрекжарды батасын берді. Сол күні қазақстандықтар Тұңғыш Президентіне елі мен жерінің тағдырын тапсырды.
Егемен елдің мемлекеттік тарихи күні – 1991 жылғы 16 желтоқсанда «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Тәуелсіздігі» туралы конституциялық заңы қабылданды. Президенттік институттың құрылуы, оның елдің қоғамдық-саяси жүйесінде алатын орны мен рөлінің нормативтік-құқықтық тұрғыда реттелуі заңнамалық негізде қамтамасыз етілді. Бұл бағытта 1998 жылға дейін жүргізілген жетілдіру жұмыстары президенттік институтты Қазақстанда тұрақты сипатта орнықтырды. Президенттік институт, Президенттің мемлекеттік органдармен өзара қарым-қатынасы, билік тармақтары жүйесіндегі Президенттің орны, оның қоғамның пәрменді дамуына тікелей ықпал етуші факторлары біртұтас президенттік басқару жүйесін жасақтады.
Атап айтсақ, бүкіл басқару жүйесі қайтадан құрылды:
– Екі палаталы Парламент қалыптасып, оның нақты мәртебесі айқындалды; – Тәуелсіз сот жүйесі нығайтылды және құқықты реформа жүргізілді; – Министрлер кабинеті құрылып, министрліктің өкілеттіктері бекітілді; – Билік органдарының өкілеттілік құзырлығы кеңейтілді; – Жергілікті басқару жүйесі және оны дамыту мәселесі заңнамалық шеңберде бекітілді; – Мемлекеттің қауіпсіздігін қамтамасыз ететін өкілетті органдар құрылды.
Демократияландыру мен саяси либераландырудың негізгі элементтері өмірімізге енді:
– Сайлау заңнамалары жетілдіріліп, еркін және әділ сайлау жүйесі өмірге келді; – Елдің саяси өмірінде партияның рөлі күшейді; – Азаматтық қоғам институттары нығайтылып, қоғамдық және үкіметтік емес ұйымдар пайда болды; – Адам құқығын қорғау қамтамасыз етілді; – Бұқаралық ақпарат құралдары еркіндігі мен тәуелсіздігінің негізі, қаланды; – Қоғамдағы әйелдердің рөлі көтерілді.
Аталған үдерістер нәтижесінде еркін, тиімді және қауіпсіз қоғам қалыптасты. Ерекше тоқталатын жайт, ол – Қазақстан халқы ассамблеясын құрылуы болды. Бүгінгі бірлігі жарасып, тату-тәтті өмір сүріп жатқан халқымыз бен баянды мемлекеттілігіміз арқауы да президенттік басқарудың нәтижесі. Қазақстандық қоғам қарым-қатынастың барлық аспектілерінде толеранттылықты темірқазық етіп қалады.
Президенттік басқару моделі – әлемде мемлекет басқарудың кең тараған және тиімді тәжірибесі ретінде Қазақстанда ширек ғасыр уақыт ішінде өзінің өміршеңдігін және тиімділігін толықтай дәлелдеді. Еліміздің даму парадигмасына өлшеусіз оң өзгерістер енді. Мемлекетіміздің өркендеу жолында ілгерілей даму қағидасын ұсынды және үздіксіз жүзеге асыртуда. Мән-мағынасы мен мазмұны жағынан аса маңызды және өте ықпалды биліктің басқару институты еліміздің экономикалық өсуі, әлеуметтік өрлеуі, саяси бекемдігі және қоғамның демократиялық, зайырлы, құқықтық дамуы мен бірлігінің нығаюын қамтамасыз етті. Стратегиялық нысандағы бағдарламалар қабылданды. Мемлекеттік мақсатты бағдарламалар жүзеге асырылды.
Тәуелсіздіктің бірегей көрінісі елордамыз – Астананың салынуы болды. Қазақстан дүниежүзінен атақты сәулетшілерді шақыра отырып, оларға жаңа астанада өздерінің небір керемет ойларын жүзеге асыруға мүмкіндік берді. Астана – жаңа идеялар жүзеге асырылған ақылды қала. Астанадағы таңғаларлық көптеген сәулет нысандары соның дәлелі. Астана – қазақстандықтардың Тұңғыш Президентіміздің жасампаздық идеяларын және әлеуметтік-рухани сұраныстары мен интеллектуалды әлеуеттерін жүзеге асырған өмірлік қала. Президенттік институт мемлекеттің бүкіл тыныс-тіршілігін айқындады. Президент лауазымы – президенттік институттың атрибутын білдірді. Қазақстан Республикасындағы президенттік институт – елдің тәуелсіздігі мен егемендігінің тірегі, әлемдік қауымдастыққа лайықты қосылуының, мемлекеттің экономикалық және әлеуметтік дамуының кепіліне айналды. Президент институты Қазақстан үшін игілікті басқару жүйесі болып табылды.
Бүгінгі күні ізденімпаз қауым Тұңғыш Президент есімімен аталатын мекемелердің мұрағаттық қорларында шоғырланған кітаптар, тарихи құжаттар мен материалдар топтамасы арқылы «Президенттік институт – қазақстандық дамудың кепілі» деген ұғымды зерделеуге мүмкіндік алды. Соның ішінде, Елбасы кітапханасының мұрағаттық және кітапханалық қорында Тұңғыш Президентіміздің Тәуелсіз Қазақстан мемлекетін құру мен қалыптастырудағы рөлін және айтулы бастамалары мен идеяларының жүзеге асу үдерісін жан-жақты ашып көрсететін зерттеулік еңбектер мен құжаттар топтамасы ғылыми айналымға енгізу басталды. Әсіресе, президенттік институт тарихына қатысты дәйекті деректер зерттеушілер үшін ерекше қызығушылық тудыратын материалдар болатыны сөзсіз. Бұл қоғамның президенттік институтты белсенді қолдау тарихын саяси, экономикалық және әлеуметтік-мәдени өрістердегі жетістіктер арқылы баяндайтын кітаптар, құжаттар, жинақтар, фотосуреттер мен арнаулы материалдар топтамалары. Сонымен қатар Елбасының дүниежүзіндегі және Қазақстандағы бейбітшілік пен татулықты сақтау жолындағы қызметінен сыр шертетін құжаттар және бар. Президенттік институт тарихын ширек ғасыр белесі тұрғысынан зерделеудегі басты мақсат зерттеу қорытындыларын көпшілікке жеткізу болмақ.