$ 446.49  475.38  4.79

Туризм – экономиканы дамытудың бірегей жолы

Бүгінде әлемнің алдыңғы қатарлы 30 елінің қатарына кіруге ұмтылып отырған тәуелсіз Қазақстанның алдында тұрған ұланғайыр міндеттер аз емес. Әлемдегі дағдарысты кезеңнен сүрінбей өтудің әрқилы жолдарын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев әрдайым айтып жүр. Оның басты бағыттары биылғы «Нұрлы жол» бағдарламасында тайға таңба басқандай айқын көрсетілді. Одан беріде Президент белгілеген «Ұлт жоспары – 100 нақты қадамда» да одан әрі дамытылып, сараланды.

Осындай сындарлы сәттерде Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы экономиканы әртараптандыруға елеулі серпін бергені сөзсіз. Сонымен қатар, бұл орайда экономикамызды нығайта түсудің басқа да өрісті жолдары аз емес. Бүкіл төрткүл әлеммен тығыз байланысымыз әр салада күшейіп, барыс-келіс үдей түскен қазіргі кезде экономиканың тынысын ашатын тағы бір шұрайлы жол – туризм индустриясын дамыту болмақ. Әлем сарапшыларының нақтылауына қарағанда, туризм индустриясы мұнай-газ саласынан кейінгі ел қоржынын толтыруда екінші орында тұрған көрінеді. Президент өзінің биылғы Жолдауында туризмнің жұмыс орындарын құруда өнеркәсіпке қарағанда, 10 есе арзанға түсетінін де қаперге салды. Президенттік Ұлт жоспарының 57-ші қадамында да туристік кластерлер құруда үздік тәжірибесі бар стратегиялық инвесторларды тарту қажеттігіне арнайы тоқталып өтті.

Құс қанаты талатын, әлемде көлемі жағынан алғанда тоғызыншы орын алатын Қазақстанда туризмді дамытуға әлеует жеткілікті. Кең байтақ қазақ жерінде табиғаттың өзі бере салған шұрайлы өлке, кім-кімді де өзінің көркем келбетімен тамсандыра алатын тұмса табиғат аз емес. Іргедегі Бурабай, Баянауыл, Ұлытау бөктері, Шарын шатқалы, Алтай мен Алатау арасы, бүкіл түркі жұртының рухани астанасы дерлік Түркістан, Каспий жағасындағы Кендірлі демалыс аймағы, Ақсу-Жабағылы, және басқа да жасыл өлкелер мен көрнекті орындар аз емес. Бүгінде тіпті Қытай, Ресей, Қазақстан болып, үш жақтап «Ұлы Жібек жолының» даңқын қайта жаңарту жоспары да бар. Батыс Еуропа – Батыс Қытай күре жолы, «Нұрлы жол»  бағдарламасы бойынша қолға алынып жатқан көлік инфрақұрылымын жаңарту жобалары елімізде туризмді жан-жақты дамытуға жол ашары анық. Оның үстіне, бүкіл әлем көз тігіп отырған «ЭКСПО-2017» жобасын жүзеге асыру жұмыстары да басталып кетті. Міне, осының бәрі, сайып келгенде, Қазақстанның бүкіл әлемнен шетелдік туристер ағынын молайта түсуіне қолайлы жағдай жасайды. Әлемдік туристік рыноктың дәстүрлі аудандары өзінің рекреациялық сыйымдылығының шегіне іс жүзінде жеткендіктен, туризмнің өсуі туристер баратын жаңа аумақтар есебінен басым дамитын болады. Осыған байланысты, Қазақстанның әлемдік туристік рынокта өзінің лайықты орнын табуға бірегей мүмкіндігі бар.

Қазіргі туризм – бұл әлемдік экономиканың құлдырауды білмейтін саласы. Мамандардың есебі бойынша, орташа есеппен, бір шетелдік туристің беретін табысын алу үшін оған бара бар, шамамен 9 тонна тас көмір немесе 15 тонна мұнай немесе 2 тонна жоғары сортты бидайды әлемдік рынокқа шығару керек. Бұл ретте, шикізат сату елдің энергия көздерін азайтады, ал туристік өндіріс – таусылмайтын ресурс. Шетелдік экономистердің есебі бойынша, 100 мың турист қалада орташа есеппен екі сағат болған кезде кемінде 350 мың доллар немесе адам басына бір сағатта 17,5 доллар жұмсайды. Сөйтіп, шикізат сату өзіндік экономикалық тығырыққа тірелу болса, ал туризмді дамыту – ұзақ мерзімді, экономикалық тиімді болашақ. Туризм жалпы алғанда, мемлекеттің экономикасына үш оң нәтиже береді: шетел валютасының құйылуын қамтамасыз етеді және төлем теңгерімі мен жиынтық экспорт сияқты экономикалық көрсеткіштерге оң ықпал жасайды; халықтың жұмыспен қамтылуын көбейтуге көмектеседі. ДТҰ мен Дүниежүзілік туризм және саяхат кеңесінің бағалауы бойынша туризм өндірісінде құрылатын әрбір жұмыс орнына басқа салаларда болатын 5-тен 9-ға дейін жұмыс орны келеді екен. Туризм тура немесе жанама түрде экономиканың 32 саласының дамуына ықпал жасайды.

Енді мәселенің мәнісіне үңілу үшін еліміздің осынау өміршең саласының бүгінгі жай-күйіне назар аударатын болсақ, ең алдымен бұған дейін саланы экономиканың басты көздерінің бірі ретінде қолға алынған елеулі шаралар болмады. Туризм көбіне бұрынғыша, спорттық немесе демалыс саласы ретінде ғана қаралып, «еріккеннің ермегі» сияқты саналып келгені жасырын емес. Бізде құрылған туристік агенттіктер мен туроператорлардың негізгі қызметі туристерді қабылдаумен және шетелдерге жөнелтумен ғана шектеліп отыр. Оның өзінде де талай адамның демалысының берекесін кетіріп, дау-дамайға айналдырған «Гүлнан-Тур», «Travel System» туристік компанияларының әрекеттері салада күрмеулі мәселелер аз емес екенін аңғартады.  Туристік нысандар, қонақүйлер көбіне ірі қалаларда, облыс орталықтары маңында ғана орналасқан. Ал нағыз тұмса табиғат аясында болып, еліміздің көрікті жерлерін, тарихи-мәдени ескерткіштерін көруге құмартқан саяхатшыға ойластырылған инфрақұрылым мәз емес. Оның үстіне, жол шығынының, қызмет көрсетудің қымбатшылығы да туристік саланы дамытуға шіркеу болып отыр. Статистика агенттігінің мәліметін негізге ала отырып, 2010 жылы Қазақстанның үлесіне дүниежүзілік туристік айналымның 0,5 пайызы ғана тиген деген қорытынды шығаруға болады. Мысалға айтар болсақ, 2012 жылы елімізге сырттан келген туристер саны 4 млн. 219 600 адамды құраған болса, елден сыртқа шығу 6 млн. 732 700 адамға жеткен, сөйтіп, біз өзіміздегі ақшаны сыртқа шашып жатқан жайымыз бар.

Ірі күрежолдарда орналасқан демалыс үйлері, кемпингтер, қоғамдық тамақтандыру орындары да сын көтермейді. Ал Қазақстандағы автомобиль жолдарының сапасы өзімізге мәлім. Алыс жолға шыққан саяхатшы діттеген жеріне көзі қарайып, өзегі талып жетеді. Теміржол вагондарының қызмет көрсету сапасы ешқандай сын көтермейді. Ал әуе жолын айтар болсақ, оның құны қалтаны ойып түседі. Мәселен, Үрімшіге барып-қайту жолы 45 мың теңгеге түсетін болса, Астанадан Орал қаласына әрі-бері ұшу құны 60 мың теңгеден асады. Туризмнен шаш-етектен келетін пайданы әлі бағамдай алған жоқпыз.

Мәселен, Швейцария тау шаңғысы туризмінің өзінен бір жылда 20 миллиард доллар түсіріп отырған көрінеді. Бізде Алматы баурайындағы Шымбұлақтан басқа тау шаңғысы туризмі дамымаған деуге болады. Өр Алтай жатыр тусырап.

Бүгінгі таңда  туризм саласында жеке фирмалар ғана жұмыс істеп жатқанын ескерер болсақ, туристердің үлкен ағынына олар әзір емес. Оған мол қаражат керек. Бұл орайда мемлекеттің қуатты қолдауынсыз туризмнің оңалып кетуі қиын.

Әрине, мемлекет те қол қусырып отырған жоқ. Тәуелсіздік алған Қазақстанда 1991 жылдан туризм саласы дамудың жаңа сатысына көшті. 1993 жылы Қазақстан Дүниежүзілік туризм ұйымына мүше болды. Осы жылы туризм индустриясын дамытуға арналған ұлттық бағдарлама қабылданды. 2009 жылы Астанада БҰҰ Дүниежүзілік туризм ұйымы Бас Ассамблеячсының 18-ші сессиясы өтті. Еуразияда алғаш рет өткен осы басқосуға әлемнің 120 елінен 140-тан астам делегация қатысты.

Әлемдегі жалпы өнім көлемінің 10 пайызын туризм саласындағы кіріс құрайды. Шамамен алғанда, еңбеккерлердің төрттен бір миллиарды осы салада жұмыс істейді. Туризмнен түсетін кірістің жаһандық масштабы 4 триллион долларға жетеді. Туризм саласындағы бизнес әлемнің барлық мемлекетінің 800 миллиардтан астам долларын салықтық түсімдермен қамтамасыз етеді.

2009 жылы Туризмді дамытуды табыс көзіне айналдырған елдерде саланы дамытуға мемлекет тарапынан көптеген жұмыстар жүргізіліп отыр. Мәселен, Түркияда қонақүй-туристік кешеніне мемлекет 40 пайыз көлемінде демеу көрсетеді, бұл бәсекеге қабілетті бағаларды белгілеуге мүмкіндік береді. Израильде қонақүй саласындағы инвестициялардың 30 пайызға дейінгі көлемі инвесторларға мемлекеттен тікелей аударылады. Испанияда туристік өнімнің бағасын арзандату, сөйтіп, туризм ағынын ұлғайту үшін курорттық аймақтарда қонақүйлерді жаңартуға, жағажайы жоқ аудандарда (Валенсия) ауыл туризмін дамытуға басымдық беріледі, туристік өнімдер ғана емес, туристер тұратын жерлердегі жанармай құнын төмендетуді де қарастырады, Мексикада Акапулько және Канкун сияқты курортты аймақтар салық салудан босатылған. Туризм жалпы инфрақұрылымды жақсарта түсумен қатар, оған ілеспе көптеген жұмыс орындарын ашуға, шағын және орта бизнесті, сервистік қызметтерді көбейте түсуге мүмкіндік жасайды.

Сондықтан да бізде әлі де бұл салада жете пайдаланылмай отырған резервтер жеткілікті. Ең алдымен, туризм орталықтарын құру, оларда мотель, ақпараттық орталығымен туристік қызмет көрсету бюросы, бағдарлар және демалыс пен ойын-сауық орындары, мейрамхана/дәмхана, дүкендер, дәретханалар, жанармай құю стансасы, жүк машиналарын қоюға арналған тұрақ, автожөндеу шеберханасы, шина жөндеу шеберханасы сияқты қызметтердің барлық түрлері ескерілуі тиіс. Еліміздің туристік маркетингілік стратегиясын жасау, тау шаңғысы, экотуризм, тарихи орындарға, ұлттық-мемлекеттік қорықтарға жолбағыттар қалыптастыру  және басқа да өрісті жолдарды мұқият ойластыру қажет. Тағы бір күрделі мәселе – еліміздің жоғары және арнаулы оқу орындарында туризм саласының мамандарын даярлап, кадрлық әлеуетін күшейтуге баса назар аудару қажет, өйткені, егер шетелдерден туристер ағынын күшейтеміз десек, шет тілдерді білетін, жол бастап жүретін арнайы мамандар даярлау қажеттігі туындайды. «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» күрежолының бойында туристік кластер құру қолға алынды. Осы арада тағы бір айта кететін мәселе, жақында Президент Н.Назарбаев осы жолды Ресейге дейін тарту жөнінде ұсыныс айтты. Оңтүстік Қазақстанда «Көне Түркістан», «Көне Отырар» туристік орталықтарын құру, Ақтөбе облысында «Greenland», «Ырғыз керуен сарайы» демалыс базаларын салу, Қызылорда облысында «Байқоңыр» туристік орталығы және Қамбаш көліндегі туристік орталық, «Ғарыш айлағы» сауда ойын-сауық кешені, киіз үйлі қонақ үй, сондай-ақ «Қорқыт ата» туристік орталығын (2011 – 2020 жж.) салу сияқты маңызды жобаларды іске асыру қажет.

Шетелде Қазақстан туралы сапасы жоғары полиграфиялық және аудиобейне жарнама материалдарын шығару және белсенді түрде таратуды қолға алу керек. Қазақстанға туристерді тартуға өлкетану жарияланымдары, жарнама-баспа қызметі, оның ішінде туристік фирмалар мен қонақ үйлердің жарнама-баспа қызметі өз ықпалын тигізеді. Жаңа ақпараттық технологияларды пайдалануға, оның ішінде Интернет жүйесінде Қазақстанның туристік фирмаларының WEB-сайттарын құруға айрықша мән беру қажет.

Әрине, шағын мақаланың көлемінде саланың қордаланып қалған проблемаларының барлығының тігісін жатқызып әңгімелеп беру мүмкін емес. Ең бастысы, Қазақстанға деген шетелдіктердің қызығушылығы бар. Бұған себеп, еліміздегі саяси тұрақтылық, бай мәдениетіміз бен тарихымыз, көз тұндырған көрікті жерлеріміз бар, шетелден келетін туристердің де көруге ұмтылып, келуге дәмететін себептері – осылар. Оларды қазіргі заманның үрдісі, аспанмен таласқан үйлеріміз, ойын-сауық орталықтарымыз емес қызықтыратын. Ондай қызықшылық өздерінде де жеткілікті. Олар ел көріп, жер көріп, ұлттық мәдениетпен, танысып, табиғат аясында демалып, бой жазуға құштар. Міне, біз олардың осы үдесінен шықсақ қана ұтарымыз кәміл. Барымызды базарлап, қолданбалы қолөнеріміздің үлгілерін, тарихи-этнографиялық жәдігерліктерімізді, ЮНЕСКО-ның әлемдік мәдени мұралар тізіміне енген ғажаптарымызды көрсетсек, халқымыздың баға жетпес ұлттық құндылығы – қымызымыз бен шұбатымызды ұсынсақ, бір өзіне бес Франция сыйып кететін кең қолтық дарқан даламызды көрсетіп, замана көшіндегі қазақ деген халықтың ата салтын дәріптей білсек, ат арытып, шеттен келген туристердің көңілінен шығарымыз анық. Ал мұның өзі бюджетімізге де қосылар қомақты қаржы болар еді.

Әзірге, туризм саласы – біз үшін игерілмеген тың болып, күрмеулі мәселелер көп болып тұр.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары

Тегтер:

#туризм