Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықова денсаулық сақтау жүйесі қызметкерлерімен кездесті, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.
Кездесуге денсаулық сақтау және әлеуметтік даму бірінші вице-министрі Салидат Қайырбекова, медицина саласындағы жоғары оқу орындары мен ғылыми мекемелер басшылары, ауыл дәрігерлері, жаңашыл медиктер, алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету және санитарлық авиация дәрігерлері, фармация мамандары қатысты.
Кездесу барысында денсаулық сақтау саласына, соның ішінде алғашқы медициналық көмек көрсетуге, өңірлік ғылыми мамандандырылған медициналық ұйымдар мен ауылдық медициналық мекемелер жұмысына байланысты және өзге де өзекті мәселелер талқыланды.
Гүлшара Әбдіқалықова өз құттықтау сөзінде ұлт денсаулығы мемлекеттік саясаттың маңызды басымдығының бірі болып табылатынын атап өтті.
Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық табысты дамуы және 2050 жылға қарай әлемнің ең дамыған озық 30 елі қатарына қосылуы денсаулық сақтау саласын жаңғыртумен тікелей байланысты.
Биылғы жылы «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру аяқталатыны белгілі. Осы жылдар ішінде Денсаулық сақтаудың бірыңғай ұлттық жүйесі құрылды. Ол медициналық мекемені таңдау еркіндігі, медициналық көмек көрсету шараларының ашықтығы, медициналық қызмет көрсету ісінде бәсекелестік орта қалыптастыру, медициналық қызмет көрсетудің көлемі мен сапасына қарай ақырғы нәтижеге сәйкес қаржыландыру қағидаттарына негізделген.
Мемлекет басшысы 2014 жылы Қазақстан халқына арнаған «Қазақстан жолы – 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты жолдауында атап өткендей, тек «салауатты өмір салтын орнықтыру және медицинаны дамыту ғана қазақстандықтардың өмір сүру жасын ұзартуға мүмкіндік туғызады».
Соңғы 5 жылда қазақстандықтардың өмір жасының ұзаруы отандық медицинада қол жеткізілген табыстың айғағы болып отыр. Өмір жасының ұзақтығы 3 жылға артып, 2014 жылы 71,6 жасты құрады. 2010 жылмен салыстырғанда ана өлімі 2 есе, бала өлімі 1,7 есе азайды. Қазақстан 2011 жылы Мыңжылдық дамудың төртінші және бесінші мақсаттарына мерзімінен бұрын қол жеткізді.
Талқылау қорытындысы бойынша Мемлекеттік хатшы құзырлы мемлекеттік органдарға бірқатар нақты тапсырма берді.
Кездесу соңында Гүлшара Әбдіқалықова медицина қызметкерлерін алдағы кәсіби мерекелерімен құттықтап, зор денсаулық және ел игілігі жолындағы жұмыстарына табыс тіледі.
Естеріңізге сала кетейік, Үкіметтің жаңадан жасақталатыны жөніндегі әңгіме Кәрім Мәсімовтің сәуір айындағы тағайындалуынан кейін қызу талқылана бастаған. Күзге қарай болжанған ауыс-түйістер 6 тамыз күні орын алды. Елеулі өзгерістердің бірі –денсаулық сақтау саласы мен еңбекпен қамту және әлеуметтік бағдарламалар саласының бір министрлікке бағынуы. Ал жаңа Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің басшысы – Тамара Дүйсенова. Салидат Зекенқызы орынбасарлық қызметке жайғасып, денсаулық саласын үйлестіру жұмысын жалғастыратын болды. Қайырбекованың басшылығы кезіндегі ведомствоны тарату жөнінде Мәжіліс депутаты Дариға Назарбаева бірнеше рет мәлімдеген. Бұған министрдің мына бір сөзі себеп болды: «Денсаулықты қорғау жауапкершілігін министрден, әкімнен, жұмыс берушіден, қарапайым азаматтан талап етіп, соны нақты жазып қою керек. Бұндай нормаларды қабылдамайынша, біз өз денсаулығымызды қадірлеп, оны қорғау мәдениетін халыққа сіңіре алмаймыз». Бар жауапкершілікті адамдардың өзіне жүктеген министрліктің қажеттілігіне қоғам күмәнмен қараған. Халықтың өз денсаулығына қарайласып жүру керектігіне ешкім сөз таластырмайды. Егер дәрігерлерден, медициналық ұйымдардан жауапкершілікті алып тастасақ, Денсаулық сақтау министрілігінің шын мәнінде, қандай қажеттілігі болуы мүмкін?! Бір жағынан, тиісті міндеттерін атқара алмайтын ұйымды тарату шешімі осыдан кейін де қабылдануы ықтимал.
Екінші жағынан, дәл осы реорганизация алдағы уақытта адамдарға оңай тимейтінін ескерген жөн. Көптеген елдерде денсаулық сақтау ісімен (Германия, Франция, Жапония, Ресей) жеке ведомство айналысады. Бұған дейін күрделенген мәселелердің жеке министрлік кезінде еш шешілмегенін назарға алсақ, онда жаңа ведомство құрамында бұл мәселелердің нәтижелі шешілуі тіптен екіталай. Тарихқа көз жүгіртсек, 1997 жылы Денсаулық сақтау, білім және мәдениет министрлігі болып, 1999 жылы Денсаулық сақтау, білім және спорт министрлігі болып қайта құрылғанында үш саланың жағдайы бірдей нашарлап кеткен болатын. Қазіргі амал оңтайландыру мақсатымен жасалғанымен, адам денсаулығы мен өмірін сақтауға қаражатты үнемдеу, кадрды қысқарту тіптен ақылға сыйымсыз. Демек, мемлекет үшін денсаулық сақтау басымдылық мүдде емес. Оның орнын қазір энергетика басты (жаңадан Энергетика министрлігі құрылды). Салдарынан, енді медициналық мекемелердің бюджеті мен қызметкерлер құрамы қысқарады, қызмет көрсету түрлері мен дәрі-дәрмектердің қолжетімділігі төмендейді. Себебі, жаңа министрлік, жаңа талаптар мен жаңа ережелер. Бұл денсаулық сақтау жүйесіне қосымша бас ауыртар жайларды қосты.
Соңғы жылдары денсаулық сақтау жүйесінің аспанына қара бұлт жиі үйіріліп, дау-дамайлар көбейді. Әсіресе, Жақсылық Досқалиевтің екінші рет Денсаулық сақтау министрі атанған сәті (2001-2004 ж. аралығында министр болды) атышулы жағдайлармен есте қалды. Жемқорлық қылмысы бойынша жеті жылға сотталып, кейін ақталып шықты... Оның орнына жайғасқан орынбасары Салидат Қайырбекова да салаға айтарлықтай өзгеріс әкелмеді. Медициналық қызмет сол баяғынша қолжетімсіз.
Жалпы, денсаулық сақтау жүйесі бүгінгі таңда басты жетістік ретінде ана мен бала өлімінің төмендеуін алға тартады. Соңғы үш жылдың ішінде ана өлімі 3,7 есеге, бала өлімі 25 пайызға азайған. Министрліктің басты көзірі де – осы. Алайда, Қайырбекованың «Жалпы республикада ана мен баланың өлімі азайғанымен, Оңтүстік Қазақстанда бұл көрсеткіш көңіл көншітпейді. Себебі, мұнда босанатын аналардың саны басқа өңірлерге қарағанда әлдеқайда көп» деген пікірі түсінбестік туғызды. Қазақтар ең көп шоғырланған өңірде ана өлімінің азаймауын немен түсіндіруге болады? Демек, ведомство ана мен бала денсаулығын жақсарту бойынша кешенді жұмыстарын одан әрі жалғастыруы керек. Денсаулық саласына 2004 жылдан бері 10 жыл ішінде бөлінген ақша 5 есеге артып, биыл 862 млрд. теңгеге жетті. Жаңа нысандар мен жабдықтар сатып алынуда. Жалпы айтқанда, министрлік қолынан келгенін барлығын жасап жатқан көрінеді сөздеріне сенсек. Алайда, осы шарапат халыққа сезілмей келеді.
Ең алдымен, министрліктің ресми деректері шынайы жағдайға сай келіңкірей бермейді. Қазақстан БҰҰ әзірлеген денсаулық индексі бойынша, 187 елдің арасынан 129 орында. Бұл позицияда еліміз бірнеше жыл қатарынан орнынан қозғалмай тұр. Сондықтан, денсаулық сақтау жүйесіндегі серпін туралы айту әлі ерте. Қазақстанның дамуы туралы әңгіме қозғағанда билік үнемі Сингапурды мысал етеді. Мәселен, онда әрбір министрлік жеке бизнес корпорациясы ретінде жұмыс істейді. Кез келген министрлік бюджеттен бөлінген әрбір тиын үшін жауапты. Ал бізде миллиардтаған қаржы жұмсалғанымен, нәтиже мардымсыз. Есеп комитетінің мәліметінше, министрліктің бюджеттік және өзге де заңнамалар бойынша заңбұзушылығы 70 млрд. теңгеден астам. Ал медициналық ұйымдардағы хаттамалардың жартысынан астамы заманауи талаптарға мүлдем сәйкес келмейтін көрінеді. Сонымен қоса, өткен жылы мемлекет кепілдендірген тегін қызмет үшін дәрігерлердің ақша алған 179 фактісі тіркелген.
Бір ғажабы, елімізде адам қателік жіберген сайын қызметі өсе түсетін сияқты. Дәл осындай жағдай дәрігер қателігіне де байланысты. Адам өліміне себепкер болған кейбір ақ халаттылар қызметтерінен қуылудың орнына сол жұмыстарында ары қарай «адал» қызмет етіп жүре береді. Қатал тәртіп пен жүйеліліктің жоқтығы ведомство қызметінің тиімсіздігін арттырып отыр. Мысалы, Өскемендегі №1 қалалық ауруханадағы инфекциялық бөлімінің санитарлық жағдайы «адам өміріне қауіпті» болып танылған соң, бас дәрігерге сот шешімімен бар-жоғы 5 АЕК (шамамен 9 мың теңге) салынған. Ал Хромтауда науқастардан ақша алған үш аурухана басшысына жарты млн. теңгеге жуық айыппұл салынды. Бала өліміне себепкер болған Павлодар облысындағы дәрігер шартты түрде екі жылға бас бостандығынан айырылды... Мамандардың айтуынша, медицина саласында дәрігердің қателігін дәлелдеу мүмкін емес, сондықтан олардың көпшілігі қылмыстық жауапкершілікке тартылмайды. Осы жағдай ауруханалардағы жауапсыздық пен немқұрайлықтың кең таралуына түрткі болып отыр. Мысалы, өткен жылы ақ халаттыларға қатысты қозғалған 400-ден астам қылмыстық іс бойынша тек екі іске қатысты ғана сот шешімі шыққан.
Медициналық құрамның кәсібилігі де үлкен сұрақтар туындатады. Әсіресе, дәрігерлердің қызмет көрсетуі сын көтермейді. Өкінішке қарай, олар үшін баяғыда-ақ Гиппократқа берілген анттары ұмытылып, науқастар клиентке ауысқан. Бас прокуратураның ақпаратына сәйкес, азаматтардың көпшілігі медициналық қызмет түрлеріне шағымданады. Сондықтан, барлық деңгейдегі медициналық қызметкерлердің қызмет көрсету сапасын жоғарылату мен жетілдіру шараларын қолға алу керек секілді.
Сарапшылар салаға бөлініп жатқан қаражаттардың талан-таражға түсіп жатқанына алаңдаулы. Медициналық мекемелердің, құрылғылар мен техника сатып алуда бюджет миллиардтаған теңгеге шығынға бататыны құпия емес. БҰҰ-ның келтірген мәліметтеріне сәйкес, гепатитке қарсы дәріні басқа елдерге қарағанда үш есеге дейін қымбатқа дейін сатып алады екенбіз. Мысалы, Грузия оны 65 долларға сатып алса, Қазақстан оны 310 долларға алады. Бұл тек ресми анықталған жайт. Осы себепті ведомствоға ашықтық пен қоғамдық бақылау жетіспейді.
Денсаулық сақтау жүйесінде ең негізгі түйткілдер де шешілмеген. Мәселен, депутаттар мәжілісте Талдықорғандағы 120 адамды емдеуге арналған мекемеде 200 адамға дейін қаралғанын келтірген. Және бұндай фактілер еліміз бойынша әр аймақта кездеседі. Ауылдық жердегі жағдай тіптен төмен. Ауылдағы тапшылық қаржыландырудан емес, білікті дәрігерлердің жоқтығынан туындап отыр. Мысалы, 9 облыста құны миллиард теңге тұратын құрылғылар қаңырап тұр. Себеп – оларды қолданып, жұмыс істейтін адам жоқ. Кадр жетіспеушілігі мамандық беделі мен оның тартымдылығының төмендігінен. Атышулы парақорлық оқиғалары, күнделікті шағымдар, әлбетте, дәрігер беделін биіктете қоймасы анық.
«Саламатты Қазақстан» бағдарламасына 251 млрд бөлініп, ол бойынша әр адам қалаған дәрігерін таңдау, дәрі-дәрмекті қолжетімді бағамен алу, бағдарлама аясында тегін скринингтен өту, науқастар құқығын қорғау институтын қалыптастыру мүмкіндіктерін іске асыру жоспарланған. Осы тізімнің ішінде қайсысы орындалды және орындалуға жақын? Дәрі-дәрмек бағасын ұстап тұру туралы меморандум болғанымен, препараттарың құны қазір шамамен 10-20 пайызға астам жоғарылады. Сондықтан бағдарламада көзделген міндеттер орындалмай сәтсіздікке ұшырады деуге толық негіз бар.
Бірыңғай денсаулық сақтау жүйесінің орындалуы да созылып кетті. Ауруханаларда бәсекелестік деңгейін арттыру, дәрігер мен емхананы таңдау сынды мақсат-міндеттер қойылған еді. Бірақ, жағдай бірыңғай жүйе құрылмай тұрған кезден еш айырмасы жоқ. Ауыл-аймақта сол баяғынша бір аурухана, бір дәрігер, бір қызмет түрі. Қаладағы жағдай да айтарлықтай өзгеріске ұшыраған жоқ.
Сонымен қатар, «Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласын дамытудың 2011-2015 жылдарға арналған «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы Қазақстан Республикасы Президентінің 2010 жылғы 29 қарашадағы № 1113 Жарлығымен қабылданды.
Бағдарламаның мақсаты – еліміздің орнықты әлеуметтік-демографиялық дамуын қамтамасыз ету үшін Қазақстан азаматтарының денсаулығын жақсарту.
Бағдарламаның өзекті міндеттері мыналар болып саналады:
Азаматтардың денсаулығын сақтау және санитарлық-эпидемиялық саламаттылықты қамтамасыз ету мәселелері бойынша сектораралық және ведомствоаралық өзара іс-қимылды күшейту:
Бірыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесін дамыту және жетілдіру;
медициналық және фармацевтикалық білімді жетілдіру, медицина ғылымын және фармацевтикалық қызметті дамыту.
Денсаулық сақтау саласын дамытудың мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру барысында Қазақстан мынадай негізгі жетістіктерге қол жеткізуге тиіс:
халықтың күтіліп отырған өмір сүру ұзақтығының 2013 жылға қарай 69,5-ке дейін, 2015 жылға қарай 70 жасқа дейін ұлғаюы;
ана өлім-жітімінің 100 мың тірі туылғандарға шаққанда 2013 жылға қарай 28,1-ге дейін, 2015 жылға қарай 24,5-ке дейін төмендеуі;
нәресте өлім-жітімінің 1000 тірі туылғандарға шаққанда 2013 жылға қарай 14,1-ге дейін, 2015 жылға қарай 12,3-ке дейін төмендеуі;
жалпы өлім-жітімнің 1000 адамға шаққанда 2013 жылға қарай 8,14-ке дейін, 2015 жылға қарай 7,62-ге дейін төмендеуі;
туберкулезбен сырқаттанушылықтың 100 мың адамға шаққанда 2013 жылға қарай 98, 1-ге дейін, 2015 жылға қарай 94,7-ге дейін төмендеуі;
15-49 жас аралығындағы жас тобында АИТВ инфекциясының таралушылығын 0,2-0,6 пайыз шегінде ұстау.
Айта кетейік, Қазақстан Республикасында денсаулық сақтау саласындағы жұмыстар Қазақстан Республикасы Конституциясына, «Қазақстан Республикасы азаматтарыныңденсаулығын сақтау туралы» Заңға, «Халық денсаулығы» атты мемлекеттік бағдарламаға сәйкес жүргізіледі. Қазақстан Републикасы азаматтарының денсаулығын қорғау тұрғысындағы мемлекеттік саясат мына принциптерге негізделген: мемлекеттік денсаулық сақтау мекемелері көрсететін дәрігерлік-санитарлық, дәрігерлік-әлеуметтік, дәрі-дәрмектік көмектің мемлекеттік кепілдігін қамтамасыз ету; олардың орындалуын қадағалаудағы жауапкершілігі; денсаулығынан айырылғаназаматтардың әлеуметтік қорғалуы, кепілденген дәрігерлік жәрдем шеңберіне сәйкес дәрігерлік жәрдем алудың әлеуметтік әділеттігі және теңдігі.
Республикадағы барлық мамандық бойынша дәрігер саны 50,6 мың немесе әрбір 10 мың тұрғынға 33,9 дәрігерден келеді. Орта буын медицина қызметкерлерінің саны 104,4 мың адамды құрайды (10 мың тұрғынға 74,1). Жоғары білімді медицина кадрларын мамандандырылған 6 жоғары оқу орындары даярлайды. Барлық облыс орталықтары мен ірі қалаларда орта буынды медицина қызметкерлері даярланады.
Қазақстанда тұрғындарға емдеу-профилактикалық қызмет денсаулық сақтау ісінің аумақтар бойынша тарамдалған нысандары арқылы жүзеге асырылады. Халыққаамбулаторлық-емханалық көмек көрсететін мекемелер саны 1999 жылы 3057, әйелдер консультациялары, балалар емханалары мен жеке амбулатория саны 1738 болды. Тұрғындарға стоматологиялық көмек көрсететін мекемелер саны көбейе түсті. 1990 жылы республикада 88 жеке стоматологиялық емхана жұмыс істесе, қазір олар 3 есе көбейіп, қазіргі уақыттағы саны 243-ке жетті. Сондай-ақ, халыққа стоматологиялық қызметті 1042 стоматологиялық кабинеттер де көрсетеді.
20 ғасырдың 90-жылдары жекеменшік медицина кең етек жая бастады. Ірі кәсіпорындар мен мекемелерде, ауылдық елді мекендерде санитарлық, дәрігерлік, фельдшерлік-акушерлік пунктер жұмыс істейді. Республикада (негізінен, облыс орталықтары мен Астана, Алматы қаласында) әр түрлі ауру-сырқаттарды емдейтін ірі мамандандырылған медицина орталықтары бар. Соңғы жылдары, Қызылордамен Жезқазған қалаларында, еліміздің экологиялы қолайсыз аймақтарының тұрғындарына көмек көрсететін ірі, қазіргі заманғы жаңа құралдармен жабдықталған медициналық орталықтар іске қосылды.