$ 494.87  520.65  4.91

Елбасы Назарбаев Университеті түлектерін болашақ қаржы орталығында жұмыс істеуге шақырды

Назарбаев Университетінде алғашқы түлектерге диплом тапсыру салтанатты рәсімінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев  осы оқу орнының түлектерін Астанадағы болашақ қаржы орталығында жұмыс істеуге шақырды.

«Жолдың ар жақ бетінде ЭКСПО-2017 көрмесінің ғимараттары салынып жатқанын көріп отырсыздар. Халықаралық көрме аяқталғаннан кейін бұл жерде дүниежүзілік қаржы орталығын салу туралы Жарлыққа қол қойдым. Ол әлемнің ең таңдаулы қаржы орталықтарының стандарты бойынша жұмыс істейтін болады. Іс-қағаздарының барлығы ағылшын тілінде болады, сот ісін жүргізу ағылшын тілінде болады. Ол орталық  отандық экономиканың ең басты локомотивінің біріне айналады. Университеттің жанында салдырып жатқанымның да бір мәні бар. Оның жұмысын жандандыруға осы университеттің түлектері өз үлесін қосады деп сенемін»,-деді Президент түлектерге қаратып айтқан сөзінде.

Осы орайда Елбасы Назарбаев Университеті «ЭКСПО» көрмесіне және болашақ  қаржы орталығының іргелес болуы бекер емес екендігін атап өтті.

«Сендер әлемдік білім ордасында оқып, әлемдік қаржы орталығында еңбек ететін боласыңдар. Біз сендердің алаңсыз білім алып, қалаған кәсіптеріңнің шыңына жетулерің үшін барлық жағдайды жасадық. Бүкіл еңбегімізді, ерік-жігерімізді ұрпақтың болашағы үшін сарп етудеміз. Тәуелсіздік жылдарындағы ең қиын кезеңге қарамай қолға алғанымыз- ол жастарға білім беру»,-деді Мемлекет басшысы.

Жаңа қаржы орталығының қандай болатындығы ел президентінің ресми баспасөзде жарияланған «100 нақты қадам» бес институционалдық реформаны жүзеге асыру жөніндегі жоспарында қысқаша баяндалған.

Астана халықаралық қаржы орталығы (AIFC) ЕХРО-2017 инфрақұрылымы базасында орналастырылмақшы. Оған арнайы құқықты мәртебе  берілетін болады.

Атап айтқанда, ағылшындық құқық принциптерімен жұмыс істейтін  дербес юрисдикциядағы тәуелсіз сот жүйесін  құру қарастырылуда. Судьялар корпусы шетелдік мамандар қатарынан  қалыптастырылмақ.

AIFC мамандануы – капитал нарықтарына қызмет көрсету және исламдық қаржыландыру, жаңа элиталық қаржы қызметтері түрлерін дамыту,  оның ішінде private banking пен активтерді басқару да бар.  «Орталықта либералды салық режимін жүргізу.  Офшорлық қаржы нарығының құрылуы да мүмкін.  Дубайдағыдай инвестициялық резиденттік жасау принципін енгізу», – делінеді жоспарда.

Қаржы орталығы аумағында ағылшын тілі ресми тіл ретінде танылып, AIFC дербес заңнамасы  ағылшын тілінде жазылып, қолданыс таппақ.

Орталықты ТМД, Батыс және Орталық Азия елдері үшін қаржы орталығы ретінде қалыптастыру, әлемнің 20 озық қаржы орталығының қатарына енгізу міндеті қойылып отыр.

AIFC халықаралық көліктік қолжетімділікті қамтамасыз ету мақсатында  жетекші қаржы орталықтарымен тұрақты әуеқатынасын жасау қарастырылуда.

Айта кетейік,  елордада халықаралық қаржы орталығын құру идеясын  бір ай бұрын Нұрсұлтан Назарбаев мәлім еткен еді. Ол, сондай-ақ ЕХРО өткен соң босаған павильондарға Ұлттық банктің бас кеңсесі орналасуы мүмкін екенін  де жоққа шығармады.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары