Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің V съезінде тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету, қақтығыстардың алдын алу мақсатында діни лидерлердің саяси қайраткерлермен, халықаралық ұйымдармен және азаматтық қоғаммен диалогқа жәрдемдесу шешімі қабылданды.
Бұл туралы бүгін Астанада Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің V съезі қатысушыларының декларациясын оқып берген дінаралық диалог жөніндегі Папа кеңесінің президенті кардинал Жан-Луи Торан мәлім етті.
Аталған құжатта әскери қақтығыстарға қатысып жүрген тараптарды жанжалды тоқтатып, бітімге келіп, келіссөздер арқылы зорлық-зомбылықты доғару, бейбіт тұрғындарды қорғау мен барша қайшылықтарды бейбіт шешу жөніндегі келісімді даярлауға шақырылған.
Кардинал өз сөзінде Съезге қатысушылар саяси қайшылықтарды шешуде күштік әдістерден табанды түрде бас тартуға, қазіргі заманғы әлемде сенімсіздіктің артуын тоқтатуға, өзара санкцияларды доғаруға, сондай-ақ бейбітшілік пен тұрақты даму үшін рухани және саяси қайраткерлер арасында өзара іс-қимылдың жаңа тетіктерін іздестіруге шақырғанын атап өтті.
Сонымен қатар Декларацияда әлемдік және дәстүрлі діндерге бірдей сыйластықты қамтамасыз ету мәселесі атап өтілген. Мұнымен қоса онда өшпенділік пен зорлық-зомбылықты тудыруға бағытталған арандатуларға қарсы тұру, сондай-ақ экстремизмге және лаңкестікке қарсы іс-қимыл бойынша күш-жігерге қолдау жасау мәселесі қамтылған.
Атап айтқанда қатысушылар Съездің БҰҰ-мен, қауіпсіздік саласында халықаралық ұйымдармен бұдан ары қарайғы өзара іс-қимылын дамытуға, жастардың білімін жетілдіруге жәрдемдесуге, БАҚ-ты дінаралық өшпенділіктің отын жағу үшін пайдалану тәжірибесін тоқтауға шақырды.
Бұдан бөлек құжатта кедейліктің, ашаршылықтың, эпидемиялардың, жұмыссыздықтың және өзге де қатерлердің проблемаларын шешу үшін діни және саяси қайраткерлердің күш-жігерін жұмылдыру атап өтілген.
Айта кетейік, Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің келесі съезі 2018 жылы Астанада өтеді.
Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Бас хатшысы Ламберто Заньер Астанадағы дінаралық форумның айрықша маңызын атап өтіп, оған қатысушылар құрамының ерекшелігіне назар аударды. Оның пікірінше, осындай форумдар әлемдегі, әсіресе, Таяу Шығыстағы күрделі ағымдар жағдайын ескере келгенде өте қажет және ол барлық халықтардың қауіпсіздігі жолындағы ауқымы зор жемісті жұмысы үшін Президент Нұрсұлтан Назарбаевқа алғысын білдірді.
Қ.Тоқаев Қазақстан үшін ЕҚЫҰ басымдыққа ие екенін және оны одан әрі нығайту қажеттігін атап өтті. Сенат Төрағасы Хельсинки Қорытынды актісінің 40 жылдығы қарсаңында Ұйым, оның ішінде, парламенттік өлшемі Еуразиядағы үнқатысу және бірлескен іс-қимылға маңызды тұғырнама болып қала береді, деп санайды.
АҚШ Мемлекеттік департаментінің Діни қауымдастықтар бастамалары мәселелері жөніндегі басқарма жетекшісі Шон Кейси дінаралық үнқатысуға ерекше мән беретін Мемлекеттік хатшы Джон Керридің сәлемін жеткізді. Съезд жұмысынан алған әсері туралы айта келіп, Ш.Кейси діндер арасындағы үнқатысу үшін осыншама өнімді күш салып келе жатқан өзге мемлекет жоқ екенін атап өтті.
Испанияның бұрынғы сыртқы істер министрі Мигель Анхель Моратиноспен кездесуде Съезд бен БҰҰ Өркениеттер альянсі арасындағы өзара іс-қимыл туралы пікір алмасылды. М.Моратиностың пікірінше, әлемдегі күрделі жағдай, атап айтқанда, радикализмнің арта түскен деңгейі
Съездің ерекше маңызды екенін айқындайды, осыдан он екі жыл бұрынғы дінаралық үнқатысу туралы бастамасы Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың стратегиялық тұрғыда көрегенділік болғанын көрсетіп отыр.
Біріккен Араб Әмірліктері Дін және уақыптар істері жөніндегі Бас агенттіктің атқарушы директоры Убейд аль-Мазруи діни және саяси қайраткерлерге, әсіресе, Таяу Шығыстағы күрделі жағдайды ескере келгенде, Қазақстан дер кезінде мінбе ұсынғанын атап өтті. Мейман атап өткендей, қазіргі кездегі әлемдегі бейбіт дін ретінде Ислам туралы дұрыс ақпарат жеткізу және Исламды қылмыстық мақсаттарға пайдаланатын экстремистік топтарға тосқауыл қою аса маңызды. М.аль-Мазруи Съездің бұдан былайғы жұмысының табысты болуына тілектестік білдірді және басқа гуманитарлық-діни ұйымдар форум қызметіне қатыса алатынына сенім білдірді.
Дүниежүзілік Ислам мәзхабтарын жақындастыру ассамблеясының Бас хатшысы Мохсен Мохаммади Аракимен кездесуде мұсылман үмметінің бірлігін нығайту қажеттігі, Исламдағы түрлі ағымдарды жақындастыру шаралары және ағарту жұмыстары арқылы экстремизмге қарсы іс-қимыл туралы әңгіме болды. Дүниежүзілік ассамблея мен Қазақстан зерттеу орталықтары арасындағы ынтымақтастықты жолға қою туралы ұсыныс айтылды.
Әлемдік діндер съезі діндер арасындағы диалогтың қажеттігін дәлелдей түседі. Бүгін Астанада өтіп жатқан Әлемдік және дәстүрлі діндер басшылары съезі Хатшылығының XIV отырысы барысында Әулие Престол Папа кеңесінің Исламмен дінаралық диалог жөніндегі бөлім меңгерушісі Халед Акаше осылай мәлімдеді.
Өз сөзінде Х.Акаше Қазақстан Президенті Н.Назарбаевтың әлемдік діндер форумын өткізу туралы бастамасының өзектілігіне тоқтала келе, мұндай таңдаудың дұрыс болғанын атап өтті.
«Диалог - бұл адам өмірі туралы әңгіме және ол бейбітшілікті сақтаудың ажырамас бөлігі. Сондықтан да бүгінгі кездесуіміздің негізгі міндеті 5-ші Діндер съезіне мұқият дайындалып, оның өзара сыйласым сипатында өтуіне күш салуымыз керек. Осы арқылы біз бүкіл әлемге діндер арасындағы диалогтың аса қажет екенін дәлелдей аламыз», - деді Х.Акаше.
Сонымен қатар Хатшылық мүшесі бүгінгі кездесу мен жаһандық бастамасы үшін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа және барша Қазақстан халқына алғысын жеткізді.
«Діндер конгресінің тақырыбы саяси және діни салаларда қандай да бір айырмашылықтары болғанымен, діндер мен саясат арасындағы байланыстың сенімге негізделуі тиістігін көрсетіп отыр. Сондықтан да осы екі саладағы өкілдер бейбітшілік үшін тығыз ынтымақтастықта болуы шарт», - деді Х.Акаше.
Қазіргі уақытта Қазақстанда 140 этникалық және 40 конфессиялық топ өкілдері татулық пен түсіністікте өмір сүруде. Діннің қоғамдағы маңызы артқанын жіті сезіне отырып, Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев республика елордасы – Астана қаласында әлемдік және дәстүрлі діндер форумын өткізу бастамасын көтерді.
Мемлекет басшысының пайымдауынша, әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары арасындағы сенім мен өзара түсіністікке негізделген диалог осы саладағы халықаралық ынтымақтастық үшін кең мүмкіндіктерге жол ашады және заманымыздың күш көрсету, экстремизм, терроризм сияқты келеңсіз құбылыстарын еңсеруге ықпал ететін болады.
Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының I съезі 2003 жылы 23-24 қыркүйекте Астанада өтті. Оның жұмысына ислам, христиандық, иудаизм, синтоизм, индуизм және буддизмнің мейлінше беделді өкілдері қатысты.
Съездің қатысушылары құрамының көрнекілігі мен жоғары деңгейі конфессияаралық форум өткізу жөніндегі Қазақстан бастамасының жүзеге асуының даусыз табысына айналды. Діндер диалогы І Съездің тұжырымдамалық идеясы және дау-дамайды шешу тәсілі ретінде дінаралық және ұлтаралық қарым-қатынастардағы күш көрсету мен террор әдістеріне қарсы қойылды. Съезге қатысушылар арасында бүгінгі әлемдегі діннің рөлі және кез келген діннің негізгі моральдық құндылықтарының жалпыадамзаттық сипаты жөнінде ашық пікірлесу өтті.
Бірегей және есте қаларлық оқиғаға айналған форум бүкіл әлемдегі адамзат баласының бейбіт және лайықты өмірі үшін түрлі діндер өкілдерінің ынтымақтастығы мен бірлігінің өзектілігін және аса қажеттігін көрсетіп берді. Съездің идеясын К.Аннан, Дж.Буш, М.Тэтчер, Цзянь Цземинь, Н.Манделла, Ж.д'Эстен және әлемнің өзге де аса ықпалды саясаткерлері қолдады.
Форум қорытындысы бойынша рухани көшбасшылар болашақтағы үйлесімді әлемнің негіздері ретінде адамзат үшін бейбітшілік пен өрлеуді қамтамасыз ету және барлық қоғамда тұрақтылықты сақтау бағытындағы бірлескен іс-әрекеттері туралы мәлімдеген декларация қабылдады. Ауқымды шараның табысы І Съездің дінаралық форумды әр үш жылда бір реттен кем емес тұрақты негізде өткізіп тұру туралы шешімінде бекітілді.
Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының ІІ съезі 2006 жылы 12-13 қыркүйекте Астанада өткізілді. Съезд арнайы форум өткізу үшін салынған жаңа «Бейбітшілік және келісім сарайы» ғимаратында өтті.
Форум «Дін, қоғам және халықаралық қауіпсіздік» атты жалпы тақырып аясында «Діни наным-сенім бостандығы және өзге дінді ұстанушыларды құрметтеу» және «Діни көшбасшылардың халықаралық қауіпсіздікті нығайтудағы рөлі» деген екі негізгі бағыт бойынша өткізілді. Екінші форум жұмысына 29 делегация қатысты.
Бірінші күні Съезд жұмысының барысында қатысушылар басшылыққа алған негізгі бөлігі көрініс тапқан «Дінаралық диалог қағидаттары» қабылданды. Екінші съезд қорытындысы бойынша қатысушылар барлық діндер мен этникалық топтар өкілдерін мәдени және діни ерекшеліктер негізіндегі дау-жанжалдарға жол бермеуге шақырған бірлескен декларация қабылдады. Бұл құжатта «қырғиқабақ идеологияны» «әлем мәдениетіне» ауыстырудың жаһандық қажеттілігі кең көрініс тапты.
Еуропа, Азия, Таяу Шығыс және Американың 35 елінен 77 делегация қатысқан Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының III съезі 2009 жылы 1-2 шілдеде Астана қаласында өтті. Оның басты тақырыбына кез келген мәселенің оң шешілуіндегі рухани көшбасшылар рөлін олардың өзара құрмет пен ынтымақтастыққа негізделген толерантты әлемді қамтамасыз етуге қосқан үлесі аясында арттыру жайы арқау болды.
Сонымен қатар, Съездің өткізілуіндегі жаңалық бейбітшілікті қамтамасыз етумен, қазіргі әлемдегі келісім және үнқатысумен байланысты өткір мәселелерді талқылау жөніндегі секция отырыстарын ұйымдастыру болды. III Съезде секция отырыстары үшін мынадай тақырыптар таңдап алынды: 1) Моральдық және рухани құндылықтар; 2) Әділеттілік, бейбітшілік және қауіпсіздік; 3) Қоршаған орта және үйлесім; 4) Диалог және әріптестік; 5) Дағдарыстар кезеңінде аса қажет ынтымақтастық.
Үшінші форумның қорытындысы бойынша қатысушылар жұртшылықты шынайы дінаралық диалог орнату үшін діни көшбасшылар мен ұйымдардың күш-жігерін қолдауға және арттыруға, діндер мен өркениеттердің өзара түсіністік пен құрметті жақсартуға бағыталған үнқатысуын қолдауға ықпал етуге шақырған бірлескен декларация қабылдады.
Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының IV съезі 2012 жылғы 30-31 мамырда Астанада өтті. IV Съездің басты тақырыбы «Бейбітшілік пен келісім адамзат таңдауы ретінде» деп аталды. Форумға әлемнің 40 елінен 85 делегация қатысты.
IV Съезд аясында Діни көшбасшылар кеңесінің бірінші отырысы болып өтті. Діни көшбасшылар кеңесінің мақсаты – жұмысы мәдениеттер диалогына және экономикалық өзара ықпалдастыққа бағытталған өзге де форумдар мен халықаралық ұйымдармен диалог және ынтымақтастықты қамтамасыз етудің басымдықтары мен тетіктерін айқындау болып табылады.
Форум төрт секция отырысы бойынша өтті: 1) «Орнықты дамуға қол жеткізудегі діни көшбасшылардың рөлі». 2) «Дін және мультикультурализм». 3) «Дін және әйелдер: рухани құндылықтар мен заманауи талаптар». 4) «Дін және жастар».
Съезд жұмысының қорытындысы бойынша Қатысушылардың үндеуі қабылданды. Бұл құжаттан биік рухани мән-мағынаға толы үн байқалып тұрды. Діни көшбасшылар бүкіл адамзатты ғаламшарымыздың болашағы үшін өзара ықпалдастыққа, келісім мен бейбітшілікке, әділеттілік пен жасампаздыққа ұмтылуға шақырды.
Өткізіліп келе жатқан жылдар ішінде Съезд барлық діндердің міндеті қазіргі заманда көбінесе ортақ екенін айқын көрсетіп берді. Бұл – рухани бос қуысты және адамзаттың моральдық-адамгершілік құндылықтары дағдарысының қатерін еңсеру. Бұл – кез келген қоғамның еңбексүйгіштік, адалдық және әділеттілік құндылықтары іспеттес жасампаздық бастауларын нығайту қажеттілігі. Мұнымен қоса, діннің бітімгершілік күші кез келген қоғамдағы жанжал-қақтығыстардың, төзімсіздік пен радикализмнің алдын алуға мүмкіндік жасауда болып отыр.
Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезін өткізу арқылы Қазақстан бүкіл әлемдік қоғамдастыққа жалпыұлттық консенсус пен қоғамның топтасуының үлгісін көрсетіп келеді. Біздің еліміз этносаралық және конфессияаралық келісімді қолдау саласында бай тәжірибеге ие және осы тараптағы кең ауқымды әрі тиімді ынтымақтастыққа қашанда әзір.
Әлемнің діни көшбасшыларын Астанаға шақыру жөніндегі Мемлекет басшысының бастамасы мәдениеттер мен өркениеттер диалогының жаһандық үдерісінің дамуында орасан маңызды орын алады.
Кезекті рет бүкіл әлемнің назарын өзіне аударды. Елордадағы Бейбітшілік пен келісім сарайында екі күн бойы Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің кезекті бесінші съезі өтті. «Дін лидерлері мен саяси қайраткерлердің бейбітшілік және даму жолындағы үнқатысуы» атты тақырыппен шақырылған форумға әлемнің 42 елінен 80-нен астам делегация қатысқан болатын. Бұдан бөлек, шараға халықаралық беделді ұйым жетекшілері, шетелдік және отандық саясаткерлер мен дін қайраткерлері де атсалысып, алқалы отырыстың салмағын да арттыра түскен еді.
Айта кетерлігі, соңғы жылдары жаһандық деңгейдегі мәселелер, ушыққан отты нүктелер, қарсыластары қайтпай отырған қақтығыстар аясында адамзат бейбітшілік пен келісімнің үмітті жолын іздестіруге белсене араласа бастады. Сондықтан да, Астанадағы дін лидерлерінің форумы маңызды жаһандық бастамалармен астарласып жатыр. Ал басқосуға Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы Пан Ги Мунның арнайы қатысуы бейбітшілік пен келісім үшін диалог алаңының маңыздылығын одан сайын танытса керек. Екінші жағынан, Қазақстан этносаралық, конфессияаралық бейбітшілік пен келісімнің ерекше үлгісін қалыптастырды. Қалыптастырып қана қоймай, дінаралық және конфессияаралық келісім - бейбітшілік пен қауіпсіздікті нығайту үшін маңызды шарт болып табылатынын да дін лидерлерінің форумы арқылы дәлелдеп келеді. Бұл ретте діни форумның - дінаралық үнқатысу, әлем құрылысы, діни тұрғыдағы шиеленістерді болдырмау, халықаралық ынтамақтастықтың жаңа түрлерін әзірлеуді ілгерілету үшін діни көшбасшылардың күш-жігерін біріктіру екенін айта кеткен де орынды. Ең бастысы Астанадағы Съезд ұсынған алаң арқылы әлемнің түкпірінен келген діни көшбасшылар мен саяси қайраткерлер бейбітшілік және даму жолындағы үнқатысуға қатысады. Түрлі тараптар бір-бірін естіп, тыңдап, үйренеді. Бұл жолы да солай болды.
Съездің алғашқы пленарлық отырысына қатысқан ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев әлемдегі орын алып жатқан алауыздықтарға, қақтығыстарға назар аударды. «Соңғы жылдары әскери және ішкі қақтығыстар көбейді, оған қатысушылар адамдардың діни ұстанымын белсенді пайдалануда. Осындай қақтығыстардың бірі - мұсылмандардың ең басты киесі, Ислам әлемінің бесігі - Мекке мен Мединеге жақын маңда - Иеменде тұтанғаны алаңдатады. Бірқатар экстремистік топтардың іс-қимылдары түрлі конфессияны ұстанушылардың арасында жаулық тудырып, Азия мен Африкадағы көп қоғамды жікке бөлуде. Украинаның шығысында қалалар мен селоларды атқылау кезінде храмдардың бүлінгені туралы хабарлар да алаңдатады», - деді Президент Назарбаев.
Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы жалған діни көзқарастың жетегіне кеткен содырлардың Ирак пен Сирияда мыңдаған жылдардан келе жатқан мәдени мұралар мен құндылықтарды қиратып жатқанын, өзге дінді ұстанушыларды жұртшылық алдында өлім жазасына кесіп, оны жер жүзіне таратып жатқан сұмдық шараларын айыптады. «Исламды экстремизм мен лаңкестіктің кез келген формасын ақтау үшін пайдалануға ұмтылу - күпірлік. Сондықтан да, осынау күрделі кезеңде барлық діни қайраткерлерді өз жамағаттарын татулық пен келісімге, толеранттылық пен кешірімділікке үндеуін еселей түсуге шақырамын», - деді Мемлекет басшысы.
Бұдан бөлек, Елбасы бесінші съездің ерекшелігіне тоқтала келе, қазіргі таңда Жер шары қауіпті белгісіздік жағдайында дағдарып тұрғанын алға тартты. Сосын съезд аясындағы секцияларда талқыланатын мәселелер негізінде қазіргі заманғы әлемдік тәртіпке, қауіпсіздікке, рухани салт-дәстүрлер мен өркениет құндылықтарына төнген ауыр сын-қатерлерге де назар бұрды.
«Біріншіден, жаһандық қауіпсіздік режімінің күрт әлсіреуі орын алды әрі бұл әлі де аяқталған емес. Екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі соңғы ондаған жылдар бойына қалыптасқан жетекші мемлекеттер арасындағы сенім ахуалының жойылғанына өкініш білдіруге тура келеді. Өзара санкциялық қысымдар әлемдік экономикадағы ахуалды күрделендіруде. Ол таяуда ғана бастан өткен жаһандық экономикалық дағдарыс зардаптарын тездетіп еңсеру перспективаларын алыстата түсті. Сенімсіздік экономикалық қана емес, сонымен бірге, елдер мен халықтар арасындағы гуманитарлық қарым-қатынастарға да теріс әсер етуде. Өзара туризм, мәдени алмасулар қысқаруда, бір-біріне қарсы ақпараттық шабуылдар жүруде. Осының бәрі - тұрақсыздықтың, сенімсіздіктің, ошақты соғыстар мен қақтығыстардың салдары», деді Н. Назарбаев. Бұдан бөлек, Елбасы әлемде әскери және ішкі дау-дамайлар қауырт өсе түскенін айтып, бұл ретте Украинаның шығысындағы жанжал еуропалық және жаһандық қауіпсіздік деңгейін айтарлықтай төмендеткенін жеткізді.
Сосын Президент халықаралық терроризм қатерінің «ислам мемлекеті» деп аталатын пішінге енгенін де атап өтті. «Жалған діни үндеулермен бүркемелене отырып, содырлар өзге діндер өкілдерін, журналистер мен еріктілерді жаппай өлім құштырудың жантүршігерлік актілерін жүзеге асыруда. Біз сіздермен бірігіп, мұндай көзқарасқа және діннің осындай қаскүнемдіктеріне қарсы ортақ пікірімізді білдіруіміз керек. Олар Ирак пен Сириядағы санғасырлық мәдени мұраларды қасақана қиратуда. Мұның бәрін ізгі ниеттілікке және адамгершілікке қарсы актілер демеске лаж жоқ», - деді Н. Назарбаев.
Бұл ретте Елбасы қауіпсіздік пен дамудың жаңа парадигмасын қалыптастыру бойынша кең көлемді үнқатысуларды жолға қоюдың маңыздылығын атап өтті. Президенттің пайымынша, мұның негізінде тең құқылық, өзара құрмет, бір-бірінің мүдделерін мойындау, ынтымақтастық, толеранттылық және өзара түсіністік қағидаттары болуы тиіс. «ХХІ ғасырда барлық салалардағы - саяси, экономикалық, мәдени, рухани салалардағы үнқатысуға балама жоқ. Бүгінде адамзат үлкен материалдық, ғылыми-техникалық және интеллектуалдық мүмкіндіктерге ие. Егер адамдар бір-бірімен бейбітшілікте және рухани келісімде өмір сүріп үйренбесе, ешқандай прогресс болмайды. Адамзаттың болмысы сондай, этностық, тілдік, діни және мәдени айырмашылықтар болжаулы болашақта әркезде де бола бермек. Бірақ олар ажыратушы жіктер емес, біріктіруші бастаулар болуы тиіс», - деді Н.Назарбаев.
Екі күндік алқалы басқосудың қорытындысы бойынша Әлемдік және дәстүрлі діндердің V съезінің декларациясы қабылданған болатын. Мемлекет басшысы бұл декларацияға бүкіл әлем бойынша миллиардтаған адамдардың мұң-мұқтаждары мен үміттерін бейнелейтін бірқатар үндеулер қосу туралы ұсыныс жасаған еді. «Бірінші. Барлық әскери жанжалдарды тоқтату және бітім жариялау. Барлық қарсы тұрушы тараптар келіссөздер үстеліне отырып, зорлық-зомбылықты тоқтату, бейбіт азаматтарды қорғау, бүкіл қарама-қайшылықтарды бейбіт жолмен шешу жөнінде келісімдер қалыптастыруы тиіс. Екінші. Кез келген елде және мемлекетаралық қарым-қатынастарда кез келген саяси қарама-қайшылықтарды шешудің күш қолдану тәсілдері батыл түрде теріске шығарылуы керек. Үшінші. Бүкіл жетекші державалардың саяси лидерлерін қазіргі заманғы әлемдегі сенімсіздік шыңырауының ұлғая түсуін тоқтатуға шақыру маңызды. Салдарынан «үшінші әлем» мен қарапайым адамдар ауырырақ зардап шегетін өзара санкцияларды тоқтату қажет Төртінші. Барлық адамдарды саналылыққа және Интернетті қоса алғанда, бұқаралық ақпарат құралдарын адамдар арасындағы дінаралық араздықтарды тұтандыру үшін пайдалану тәжірибесін тоқтатуға шақыру қажет. Бұл тұрғыда БАҚ-тардың қожайындары мен баспагерлерінің, өздерін «төртінші билік» деп атайтындардың бәрінің моральдық жауапкершілігін арттыру керек. Бесінші. Мемлекеттер мен қоғамдарға кедейшілік, аштық, эпидемия, жұмыссыздық, табиғи зұлматтар мен техногендік апаттар проблемаларын шешу үшін күш-жігерді біріктіру өмірлік тұрғыда қажет», - деп атап өтті ұсынысында Елбасы Н. Назарбаев.
* * *
Пан Ги Мун, Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы: Адамдар мен әлемдік қоғамдастықтың араласып тұруы - бұл әлемнің осынау бөлігіндегі ізгілікті іс қана емес, бұл сіздердің тарихтарыңыздың бір бөлігі. Осы арқылы Қазақстан өңірде озық шығып, әлемді рухани тұрғыда байытатын жетістікке жетті. Бұл - құрғақ декларациялар шығаруға қарағанда, әлдеқайда жақсы бастама. Осы арқылы сіздер мейлінше өзекті дүниеге терең үңіле бастадыңыздар. Бұл съезд бен басқа да күш-жігерлер арқылы сіздер қоғамдағы үйлесімділіктің ешқашан өзінен өзі пайда бола алмайтынын біліп отырсыздар. Осы түсінікті күн сайын дамытып, қорғау керек. Осы тұрғыдан алғанда, мен, Нұрсұлтан Әбішұлы, Сізге бүгінде әлемдік тұрғыда күн тәртібінде тұрған келелі әлеуметтік мәселелерді шешу мен жаһандық қатерлердің алдын алу бағытындағы белсенді бастамаңыз үшін алғыс айтқым келеді
Аятолла шейх Мохсен Араки, Дүниежүзілік ислам мазһабтарын жақындастыру ассамблеясының Бас хатшысы: Жаратқан Иеміз адамды тек жақсылық жасау үшін жаратты. Өмірдің құндылығы мен бейбітшілік үшін және жоғары идеалдар үшін адамдар әділ істер жасағысы келеді. Осылардың негізінде Қасиетті кітап бейбітшіліктің елшісі ретінде түсірілді. Жоғары мәртебелі Нұрсұлтан Назарбаевқа әлемдік діндер лидерлерін бір шаңырақ астына жинап, өзара үнқатысу ұйымдастырғаны үшін алғысымызды білдіреміз. Себебі, бүкіл адамзаттық құндылықтарды дамыту мәселесі алдыңғы шепке шығып отыр.
Абдалла бин Абдел Мұхсин әт-Түрки, Дүниежүзілік ислам лигасы Бас хатшысы (Жолдау - Бас хатшы анасының қайтыс болуына байланысты Съезге келе алмаған): Астанадағы съезд адамзат баласы үшін аса маңызды. Өйткені, онда әлемдік қоғамдастыққа ортақ өткір мәселелер талқыланады. Дін лидерлерінің жиыны, сондай-ақ, бейбітшілікті қамтамасыз ету, шиеленістер мен қақтығыстардың алдын алу және адам құқықтарының сақталуына ықпал етуде өзіндік рөл атқарады.
Кардинал Жан-Луи Торан, Папа кеңесінің дінаралық үнқатысу жөніндегі президенті: «Бүгінгі әлем алаңдап өмір сүретін жағдайда тұр. Мұндайда баршаға парасаттылық керек. Ал бүгін басқосып отырған дін көшбасшылары өзгелерден ерекше. Олардың ерекшелігі әділеттілігі мен кез келген адамға деген құрметтеушілігінде. Астанадағы осынау басқосу бейбітшілік пен бауырластық жолындағы ниеттестігімізді білдіреді. Мұндай алаң әртүрлі діндегі адамзат қоғамының байлығы бола алатындығын көрсетеді.
Ицхак Йосеф, Израильдің Бас сефард раввині: Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезі әлем халықтарын бірлікке, ынтымаққа және тыныш өмір сүруге шақырады. Өйткені, тыныштық - адамзат баласы үшін ең басты құндылық. Сосын адам мен айуанның арасындағы айырмашылық - парасаттылық. Ендеше, біз өзге діннің өкіліне парасаттылықпен қарай алсақ, сонда ғана бейбіт қатар өмір сүре алар едік.
Саули Нийнистё, Финляндия президенті: Бүгінгідей шапшаң өзгерістерге түскен әлемде Қазақстанда өтіп жатқан осындай форумдар аса қажет, ал осындай үнқатысу алаңдарында ұзақ мерзімді перспектива аясында салмақты да ауқымды проблемалар кеңінен талқылануы тиіс. Біз бірлесе отырып, мейлінше бейбіт өмір сүруге, толерантты болуға, басқа көзқарастар ұстанушылар мен діни наным-сенім иелерінің пікірін сыйлауға үйренеміз. Сондықтан да, әлем үшін осындай пікірталастар алаңдарын ұйымдастырып отырған Қазақстан секілді елдердің маңызы зор. Себебі, шекаралар мен мәдениеттер арқылы үнқатысуларды жандандыру бағытындағы Қазақстанның күш-жігері мойындауға да, құрметтеуге де тұрарлық.
Абдрахман Бен Абдолла Әл-Заид, Дүниежүзілік ислам лигасы Бас хатшысының орынбасары: Съездің мақсаты - адамзат үшін маңызды мәселелерді талқылау. Бейбітшілік тақырыбында үнқатысу - әлем халықтарының ортақ мүддесі. Қазіргі таңда діни көшбасшылар мәдениеттердің арасындағы үнқатысуды қалыптастыруда өздерінің маңызды рөлін атқаруда. Демек, діндер съезі бейбітшілікті қамтамасыз ету, шиеленістер мен қақтығыстардың алдын алу, аспанымызды тыныштықта сақтап, адам құқықтарының бұзылуын болдырмау мүддесін көздейді. Адам құқықтары саласындағы екіұдай стандарттар ешқандай да жақсылыққа әкелмейді. Керісінше, бұл көптеген қақтығысқа және халықтар арасындағы алауыздыққа алып келуі мүмкін.
Ламберто Заньер, ЕҚЫҰ Бас хатшысы: Ең жоғары деңгейде өтіп жатқан осы форумның қожайыны Қазақстан еліне және оның Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа үлкен алғысымызды айтамыз. Себебі бұл барша әлемнен келген барлық конфессиялар өкілдерінің ең маңызды кездесуі болып табылады. Қазақстанның ұлтаралық, мәдениетаралық және дінаралық қарым-қатынастардағы берік ұстанымы барлық әлемге белгілі. Жалпы, дін экстремизмнің себебі бола алмайды. Керісінше, ол - бейбітшіліктің ұйытқысы. Дегенмен осы аспектіні әрдайым қайталап отыру қажет. Себебі дін зорлық-зомбылыққа қарсы. Зорлықты насихайттайтын экстремистер дінді жамылып отырғаны анық және діни араздықты ушықтыруға талпынып жатыр. Бұл оларға өздерінің мүдделеріне қол жеткізу үшін қажет. Осындай ашық сұхбаттар экстремизмді діннен ажыратуға септігін тигізеді.
Нәсір Абд әл-Әзиз Ан-Насер, БҰҰ Өркениеттер альянсының Жоғары өкілі: Әлем елдері көптеген мәселелер бойынша Қазақстаннан үлгі алуы тиіс екенін үнемі айтып келемін. Әсіресе, бұл ел 125-тен астам этникалық топтар мен түрлі діндерден құралған өзінің әралуан қоғамдастықтарын парасаттылықпен басқарып отыр. Сонымен қатар, бүгінгі таңда барша адамзат әлемдегі теңдессіз өтпелі кезеңнің куәгері болып отыр. Ұзаққа созылып кеткен шешімін таппаған қақтығыстар, лаңкестік, ұйымдасқан қылмыс, есірткінің заңсыз айналымы мен денсаулық сақтаудың проблемалары бүгінде миллиондаған адамға қауіп тудыруда. Біз бөліну саясаты кезеңінде өмір сүрудеміз және бұл бағыттағы оқиғалар біздің мәдени түсінігімізге кере әсер етуде. Осы орайда әлем біз 20 жыл бұрын білгендей қалыпта емес екенін айтқым келеді.