$ 447.4  477.55  4.76

ХҒТО бас кеңсесі Астанаға көшірілді

Астанада Халықаралық ғылыми-техникалық орталықтың қызметін жалғастыру туралы келісімге алдын ала қол қою рәсімі өтіп, аталған орталықтың бас кеңсесі Қазақстан Республикасында орналасатындығы ресми түрде жарияланды.

Астанада өткен ХҒТО басқарушыларының 60-шы Кеңес отырысында Еуропалық Одақ, Жапония, Орталық Азия, Кавказ және АҚШ-тың өкілдері орталықтың қызметінің әрі қаратай жалғастыру және бас кеңсені Мәскеуден Астанаға көшіру туралы келісім жасады.

Басқарушылар кеңесінің төрағасы Рональд Лемон Халықаралық ғылыми-техникалық орталық бүкіл адамзаттың игілігі үшін бірқатар елдердің басын біріктіріп отырған тарихи ұйым екендігіне тоқталып:
- ХҒТО-ны қабылдағаны үшін ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа және ҚР Үкіметіне алғысымды айтамын, - деді.

Өз кезегінде ҚР Білім және ғылым министрінің орынбасары Такир Балықбаев:
- ХҒТО-ның бас кеңсесі Мәскеу қаласында орналасқан болатын. Өткен жылы Үкімет пен Халықаралық ұйымдардың шешімімен орталық Астанаға көшірілді. Бұл орталық елімізде былтырдан бастап жұмыс істеп жатыр. Ендігі негізгі мәселе орталықтың жұмыс істеу қағидаттарын бекіту болып отыр. Сондықтан бүгінгі күні бүкіл елдер келісіп алдын ала келісімге қол қойды. Енді осы жылдың аяғына дейін толық келісімге қол қояды деп отырмыз. Ғылым саласында біздің ғалымдар осы орталық және оның жобалары арқылы әлемдік әріптестерімен бірге қызмет істеу мүмкіндігіне ие болып отыр. Сондықтан бұл біріншіден, біздің Қазақстан ғалымдарының дамуына да қажетті нәрсе. Екіншіден, Қазақстанның халықаралық деңгейдегі ғылым және басқа салалардағы көрсетіп отырған ықыласы мен жетістіктерінің белгісі деп айтуға болады, - деді.

Сонымен қатар брифинг барысында Назарбаев Университетінің өкілдері 2014 жылдың 5 маусымында Назарбаев Университетінің жанынан ашылған ХҒТО бас кеңсесіне университет болашақта оқу орнының ғылыми паркінен арнайы орын берілетіндігін айтты. Орталықтың тұрақты кеңсесінің ғимараты 2017 жылдың көктемінде пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр.

Айта кетейік, ХҒТО 20 жылдан бері қаржыландыру, ғылыми ынтымақтастық орнату және бұрынғы Кеңес одағы елдерінде қаруды таратпау жөнінде жетекші ұйым болып табылады. Ол энергия, ауыл шаруашылығы, медицина, материалтану, аэроғарыш, физика және басқа да салаларға 1 миллиард доллар көлемінде инвестиция құйып, ТМД елдерінде 3000 ғылыми және даму жобаны басқарып келеді. Қазақстанға ХҒТО 66 миллион АҚШ долларын құрайтын биотехнология, ядролық реакторларды жасау, химия, қоршаған орта мен медицина саласына 184 жобаны қаржыландырған. ХҒТО Басшылар кеңесінің 60-шы кездесуінде ХҒТО мен Қазақстан арасында 520 000 АҚШ долларына тағы екі жоба мақұлданғалы отыр. Осыған дейін ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев ХҒТО жұмысына ризашылығын білдіріп, ХҒТО-мен бейбітшілік және прогресс жолындағы үздіксіз ынтымақтастықты асыға күтетінін айтқан болатын.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары