«Нұр Отан» партиясы «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын іс жүзінде жүзеге асыру бойынша 50 ұсыныс дайындады. Бұл туралы «Sarap Time» сарапшылар клубының екінші отырысы барысында «Нұр Отан» партиясының Қоғамдық саясат институтының директоры Саясат Нұрбек хабарлады.
«Мемлекет басшысы, «Нұр Отан» партиясы Төрағасы Н.Ә.Назарбаевтың партияның XVI Съезінде жария еткен 5 институтционалдық реформасы шеңберінде, партия Ұлт жоспарын іс жүзінде жүзеге асыру бойынша 50 ұсыныс дайындады», - деп хабарлады «Нұр Отан» партиясының Қоғамдық саясат институтының директоры Саясат Нұрбек.
Қоғамдастықтың белсенді қатысуымен ғана Жоспарды табысты іске асыру мүмкіндігі бар. Бес институтционалдық реформаның әр қайсысы бойынша партия бірқатар заңнамалық актілерге бастамашы болмақшы.
«Барлығына арналған бүгінгі мемлекет» реформасын іске асыру шеңберінде жастардың мемлекеттік және өкілетті билік органдарының қызметіне қатысуын кеңейту, сондай-ақ, мемлекеттік қызметкерлер мен бюджеттік сала жұмыскерлерінің нәтижелі жұмысы үшін моральдық және материалдық ынталандыру жүйесін қарастыратын заңнамалық актілерді қабылдау, мемлекеттік қызметкерлердің табыстары мен мүліктерін жариялау мәселелерін реттеу бойынша ұсыныстар айтылды.
Екінші реформа «Заңның үстемдігін қамтамасыз ету» бойынша азаматтық қоғам институттарының жемқорлыққа қарсы тақырыпқа арналған іс-шараларға қатысуы үшін ұсыныстар дайындалды.
«Тұрақты экономика» бағыты бойынша жаңа Кәсіпкерлік кодексін қабылдау жолымен мемлекеттің кәсіпкерлік қызметке қатысуын заңнамалық түрде қысқарту, 2020 жылға қарай бизнестің операциялық шығынын азайтуды қамтамасыз ету, 2015 жылдан бастап шағын және орта кәсіпкерлік субьектілерін тарату үдерісін жеңілдету, көлеңкелі экономиканың деңгейін төмендету бойынша шаралар қабылдау және басқа да ұсыныстар айтылды.
Сонымен бірге, Қазақстанның ЖМИ рейтингіндегі және түрлі көрсеткіштер («Әдеп пен жемқорлық», «Бизнес жүргізудің жеңілдігі», «Мемлекеттік қаржыны заңсыз пайдалану», «Бейресми төлемдер мен пара») бойынша позициясын жақсарту бойынша ұсыныстар айтылды. Жүйелі негізде өзара қарым-қатынас пен қоғамдық-саяси даму мен басқа да («Болашағы бір ұлт» бағыты бойынша) түрлі тақырыптағы партияның сұхбаттасу алаңының әлеуетін пайдалануды кеңейту күшейтіледі.
Бесінші реформа «Транспарентті және есепті мемлекет» шеңберінде заңдарды қабылдау бойынша бірнеше ұсыныстар айтылды. Онда ескерту тәртібі мен өзін-өзі реттеуге көшу жолымен рұқсат етудің санын 50% қысқарту қарастырылған. Сондай-ақ, мемлекеттік меншікті басқару мен жекешелендіру, оның ішінде сатып алу, келісім сомасы туралы ақпараттар үдерісінің ашықтығы мен жариялылығы, «Ақпаратқа қолжетімділік туралы», «Мемлекеттік сатып алу туралы», «Қоғамдық бақылау туралы» заңдарға байланысты да ұсыныстар сөз болды.
Бүгін Астанада «Нұр Отан» партиясы Қоғамдық саясат институтының әріптестігімен «SarapTime» сарапшылар клубының «Ұлт Жоспары – «Мемлекет құрылысының әрі қарай дамуының 100 нақты қадамын іске асырудың қоғамдық механизмдері» деген тақырыптағы екінші отырысының өткенін еске саламыз.
«SarapTime» сарапшылар тобының отырысына «Нұр Отан» партиясының Қоғамдық саясат институтының директоры Саясат Нұрбек, «Альтернатива» өзекті зерттеулер орталығының директоры, саясаттанушы Андрей Чеботарев, «Абай-ақпарат» Қоғамдық Қорының вице-президенті Айдос Сарым, Макроэкономикалық зерттеулер орталығының директоры Олжас Құдайбергенов, «Стратегия» Қоғамдық Қорының президенті Гүлмира Елеуова, саясат ғылымдарының кандидаты, саясаттанушы Ерлан Саиров және басқалар қатысты. Қазақстан Азаматтық Альянсының төрағасы Нұрлан Ерімбетов өткізілген іс-шараның модераторы болды.
Бүгін «Sarap Time» отырысының барысында Ұлт жоспарын өмірде іске асыру бойынша бес реформаның әр қайсысын қамтитын «Нұр Отан» партиясының 50 ұсынысы таныстырылды.
Сайлау нәтижесімен ел тізгінін қайта алған Президент Нұрсұлтан Назарбаев Конституция талабына сәйкес, Премьер-Министрдің кандидатурасын Мәжілісте ұсынып, депутаттардың келісімін алды. Кейіннен Үкіметтің толық құрамын қайта тағайындаған соң атқарушы биліктің басын қосқан Мемлекет басшысы Ақордада алғашқы отырыс өткізді. Жаңа, жаңа болса да ескі Үкіметтің алдына қойылған міндеттер сараланған жиында Елбасы алдағы Қазақстанның даму жолын сайлау алдындағы бес реформамен, сол реформалар аясында жүзеге асатын 100 қадаммен байланыстырды.
Алдымен бес реформаға келсек, бұл мәселе «Нұр отан» партиясының сессиясында Елбасының сайлауалды бағдарламасы ретінде жарияланған болатын. «Реформалар жоспары, бiрiншiден, әлемдегi бүгiнгi тұрақсыздық жағдайында халықтың қауiпсiздiгiн, екiншiден, кең ауқымды модернизацияны қамтамасыз етедi. Тәуелсiздiк алған алғашқы жылдары бiз егемендi мемлекеттiң негiздерiн қаладық. Бұл мемлекеттi қалыптастырудың алғашқы кезеңi болды. Осыдан кейiн бiз қалыптасқан мемлекеттiң жолынан өттiк, бұл екiншi кезең едi. Қазiр үлкен реформалар басталып жатыр, бiз мәңгiлiк елге жол саламыз. Бұл бiздiң мемлекеттiк құрылыстың үшiншi кезеңi болады», - деді Елбасы реформалар жоспарына түсініктеме бере отырып. Осы сайлауалды тұғырнаманың маңыздылығына Мемлекет басшысы ұлықтау рәсімінде де назар бұрып, қайта сайланған Президент ретінде ең бірінші кезекте Жаңғырту жөніндегі ұлттық комиссия құратынын жеткізді. «Ең жақын күндері ҚР Президенті жанынан модернизациялау жөніндегі Ұлттық комиссия құрылады. Комиссияның мақсаты – кезең-кезеңімен осы бес реформаны жүзеге асырып, мемлекеттік органдар, бизнес пен азаматтық қоғамның іс-әрекеттерін үйлестіру», - деген еді Нұрсұлтан Назарбаев Ант беру салтанатында. Толығырақ тарқататын болсақ, аталмыш комиссияның басты миссиясы – бес институционалдық реформаларды кезең-кезеңімен жүзеге асыруды басқару, мемлекеттік органдардың, бизнес-сектордың және азаматтық қоғамның іс-қимылын үйлестіру болып табылмақ. Ұлттық комиссия жанында беделді шетелдік және қазақстандық сарапшылардың құрамымен халықаралық консультативтік кеңес жұмыс істемек. Бұл өз кезегінде ең үздік халықаралық тәжірибені пайдалануға ықпал етеді. «Комиссияның бірінші отырысында мен бес реформа бойынша біздің не істегелі жатқанымызды түсіндіретін «Мемлекеттік құрылыстың одан арғы 100 нақты қадамы» атты Ұлт Жоспарын ұсынамын. «100 қадам» – бұл біздің жаһандық және ішкі сын-қатерлерге, сонымен бір мезгілде жаңа тарихи жағдайларда 30 дамыған мемлекеттің қатарына ену жөніндегі жоспарымыз. Реформаларды жүзеге асыру – алда тұрған 10-15 жылға бірінші кезекті жалпыұлттық міндет. Мен реформалар жоспарын Ұлт Жоспары деп атадым, өйткені, реформалар Қазақстанның әрбір азаматының тікелей қатысуын талап етеді. Реформалар – тек мемлекеттік машинаның ғана емес, халықтың ісі. Реформалардың мәні – ұлтты жаңғыртуда. Ұлттың сапасы, халық рухының күші, уақыт сын-қатерлерін қабылдай білу және тек қана алға басу бұрын да мемлекет табысының айқындаушы факторы болған және бола береді. Мен реформаларды жүзеге асырудың қатаң бірізді болуын қалаймын», - деген еді Елбасы. Сондай-ақ Мемлекет басшысы атап өткендей, «бүгінгі таңда біздің алдымызда жаңа қатерлер тұр. Ал біздің бұған жауабымыз - мемлекетті нығайтып, ұлтты жаңғырту». «Қазақ елінде «Асу бермес асқар жоқ» деген даналық бар. Қазақстандық жол - біздің ұлтымызды бір мақсатқа, ортақ мүддеге жұмылдырды. Сайлау -әрбір қазақстандықтың өзінің жеке басының, Отан алдындағы жауапкершілігін сезінетіндігін көрсетті. Сондықтан да мен жарияланған реформалардың табысты өтетініне, менің халқым мен мемлекетімнің табысты болатындығына сенімдімін. «Республика» сөзі латын тілінен тікелей аударғанда ортақ іс дегенді білдіреді. Сондықтан Қазақстанды жаңғырту - бұл біздің ортақ ісіміз. Алдымызда қандай да сынақтар болмасын, біз мемлекетіміздің қуатына, халқымыздың даналығына сүйене отырып, оны еңсеріп шығамыз», - дейді Нұрсұлтан Назарбаев. Президент қызметіне кіріскеннен кейін, Үкіметті жасақтап, сосын Жаңғырту жөніндегі ұлттық комиссияның төрағасы етіп Кәрім Мәсімовты тағайындады. Ендеше, бес реформа билік үшін кезек күттірмес шаруаға айналады деген сөз. Сайлау алдындағы тұғырнамаға айналған бұл реформалар қандай? Бірінші - мемлекеттік қызмет жүйесін реформалау. Мемлекеттік қызмет меритократия қағидаты негізінде барлық азаматтарға өз қабілеттерін жүзеге асыру үшін бірдей мүмкіндіктер берілетін әділ қазақстандық қоғамның түпбейнесіне айналады. Екінші реформа - сот жүйесін жетілдіруге бағытталады. Соның ішінде әділ сот төрелігі инвесторлар мен бизнес үшін қолжетімді болып, жекеменшік құқығына мән беріледі. Үшінші реформа - экономикалық көшбасшы беріктігін қамтамасыз ету. Бұл бағыттағы реформалар ұлттық эко¬номиканы білімге негізделген озық экономикаға айналдырады. Нәтижесінде қазақстандықтардың тұрмыс жағдайы жақ¬сартылады. Соның ішінде индустрияландыруға негізделген экономикалық өсімді қамтамасыз ету үшін Қазақстанда түбегейлі құрылымдық реформалар жүзеге асырылады. Төртінші реформа – біртектілік. Бұл ретте Елбасы қазақстандық қоғамның көптүрлілігі – біздің әлсіздігіміз емес, күшіміз екенін жеткізеді. Бұның аясында еліміздегі барлық азаматтар құқықтың бірдей көлемін пайдаланып, жауапкершіліктің бірдей жүгін арқалап және түрлі мүмкіндіктерге бірдей қол жеткізуі тиіс. Осындай бірлік пен берекені қамтамасыз ету арқылы Мәңгілік Ел идеясы толық жүзеге аса түседі. Осылайша, Мәңгілік Ел құндылықтары Қазақстанның бақуатты болашағының бағдарына айналады. Бесінші реформа - мемлекеттік аппараттың жұмысын мейлінше ашық етіп, азаматтарға есеп беретіндей деңгейге жеткізу. Мемлекет жинақы болып, өкілеттіктердің көбін жеке секторға беріледі. Түйіндей айтқанда, ұлтқа ұсынылған реформалар жоспары, біріншіден, беймаза әлемде азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, екіншіден, инклюзивті, бәрін қамтитын жаңғыртулар жүргізуге жағдай жасайды. Бес реформа мен «100 қадам» тұтастай мемлекеттің психологиясын өзгертеді Қайта жасақталған Үкіметтің толық құрамындағы алғашқы басқосуда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев алдағы уақытта мемлекет алдында тұрған мәселе – ол жарияланған бағдарламаларды, әсіресе, 5 халықтық бағдарламаны орындау екеніне назар аудартты. «Бұларды қалай орындауымыз, не істеуіміз керек? Халықтың белсенділігін арттырып, жаңғыртуға негізделген бағдарламаны қалай атқарамыз? Міне, осының бәрін қызметке кіріскен Үкіметтің алдында бүгін белгілеуіміз керек»,– деді Президент. Елбасы бұл ретте бес реформаны жоғары деңгейде атқару үшін Үкімет бар күшін салып, шығармашылығын да, білімін де аянбауы, үнемі ізденіс үстінде болуы керектігін алға тартты. Ондай жұмыстар үшін барлық жағдайлар жасалған. Яғни, шенеуніктерге ендігіде әркім өз ісін біліп, жоғарыдан жарлық күтпей, белді бекем буынып, іске кірісетін сәті туды. Айта кетерлігі, бес реформаның әрқайсысы бойынша 20 қадамнан бекітіледі, осылайша «100 қадам» айқындалып, ол тұтастай Ұлт Жоспарын құрайды. Мұны Елбасы былайша түсіндірді: «Бес реформаның әрқайсысы бойынша 20 қадамнан болып, жалпы есебі – 100 қадам жүзеге асырылады. Яғни не істейміз деп бас қатырудың еш қажеті жоқ. Бірақ осындағы әрбір іске шығармашылық тұрғыдан қарап, ілгеріге дөңгелетіп әкету қажет. Бұл жұмыс оңай емес, бұрын-соңды жасалмаған дүниелер. Осы арқылы біз биліктің және жалпы халықтың психологиясын өзгертейік деп отырмыз! Сондықтан да барлықтарыңыздан инттеллектуалдық жігер, жақсы жұмыс талап етіледі», - деп бастады сөзін Елбасы. Ұлт Жоспары болып табылатын «100 қадамның» орындалуына биліктің үш тармағы теңдей жауапты болса, Президент ондағы әрбір істі тікелей өз бақылауында ұстайтын болады. Сонымен Үкіметке, Жаңғырту жөніндегі ұлттық комиссияның алдына міндеттелген реформаның мәнісіне тоқталсақ. «Бес халықтық реформада айқындалған бірінші мәселе - кәсіби, дербес мемлекеттік аппаратты құру. Бұл дегеніміз не? Біз мемлекеттік қызметтің мансаптық моделіне өтуіміз керек. Мемлекеттік қызметке ең адал, талантты, дайындықтан өткен азаматтар ғана қабылданады. Қазақша айтқанда, бұл «оңай шаруа емес». Сөзбен айту бір басқа, ал оны орындау зор күшті талап ететін өте үлкен, мағыналы жұмыс»,- деді Н. Назарбаев. Бұл ретте Елбасы мемлекеттік қызметке әрбір кандидаттың жеке қасиеттерін бағалау үшін жаңа сынақтар енгізілетінін жеткізді. Ондай тестілер мемлекеттік қызметкерлердің бірыңғай дағдыларына негізделеді. «Біз мемлекеттік қызметкерлердің кәсіби аппаратын құруға тиіспіз. Олардың жалақысы да бәсекелестік қағидатында болуы керек, яғни, бұл жұмыс нәтижесіне тәуелді болады. Шамамен олардың жалақысы жеке сектордың 70 пайызына жуықтауы мүмкін. Алайда, бұған қосылатын үстемеақыларды әрбір органдар өз ішінен табуы керек. Біз министрлер мен ведомство басшыларына бюджет мәселесін өздері шешуге мүмкіндік жасаймыз», - деді Н. Назарбаев. Ал жаңа реформа нәтижесінде мемлекеттік қызметшілердің жалақысы екі бөліктен құралады, оның біріншісі – мөлшері бекітілген негізгі еңбекақы, ал, екінші бөлігі–жұмыс нәтижелері бойынша берілетін бонустардан тұрады. Осы бағытта жүзеге асырылатын жұмыстардың ауыр жүгі – Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне түсетін болады. Агенттік «бірыңғай рекрутингтік орталыққа» айналады, сосын барлық меморгандар үшін қызметкерлерді агенттік өзі іріктеп беріп отырады. Екінші мәселе - сот және құқық қорғау жүйесін жаңғырту. «Заңның үстемдігі, әділдік пен баршаның заң алдындағы теңдігі қағидаттарының сақталуы гүлденген мемлекеттің негізі және экономикалық өсудің кепілі болып табылады. Бұл судьялық лауазымдарға кандидаттарға қойылар біліктілік талаптарын қатайтуды талап етеді. Жасырып қайтеміз, сот жүйесін жайлаған жөнсіздік әлі толық жойылған жоқ. Ескі кадрлар отыр. Парақорлық та жоқ емес. Халық біледі. Сондықтан бұл салада бізді өте салмақты әрі орасан зор жұмыс күтіп тұр», - деді Президент. Судьялардың біліктілігі үшін жаңа ережелер бекітіледі, мәселен, алғаш рет тағайындалып отырған судьялар өз қызметтеріне кірісудің алдында соттарда бір жылдық тағылымдамадан өтулері керек. Стипендиясы төленетін осы бір жылдық тағылымдаманы аяқтаған соң судьялар бір жылдық сынақ мерзімінен өтеді. Алматыда Гонконг пен Дубайдағы секілді төрелік (арбитражды) сот орталығы құрылады. Бұдан бөлек, ҚР Жоғарғы соты жанынан халықаралық кеңес құрылуы керек. Сотқа дейінгі істерді халықаралық стандарттарға сай қарайтын бұл кеңеске беделді шетелдік судьялар мен заңгерлер тартылуы тиіс. Сонымен қатар, кеңес Жоғарғы сотқа қазақстандық әділсот жүйесін жетілдіру бойынша консультациялар береді. Бұдан бөлек, Елбасы құқық қорғау саласында да түбегейлі өзгерістер басталатынын айтты. Атап айтқанда, жергілікті қоғамдастыққа есеп беретін жергілікті полициялық қызмет құрылмақ. «Жергілікті полиция – қоғамдық тәртіпті сақтауға, тұрмыстық қылмысқа қарсы тұруға жауап беретін болады, жол-патрульдік қызмет те соған жүктеледі. Бұл полиция жергілікті қоғамдастықпен қоян-қолтық араласа отырып, ұсақ құқықбұзушылықтарға «нөлдік төзімділік» режимін қамтамасыз етуге міндетті», - деді Мемлекет басшысы. Бес реформаның үшінші бағыты – индустрияландыру, экономикалық өсімді дамыту. Бұл бағытта атқарылатын шаралар да ауқымды. Мемлекет басшысы өз сөзінде индустрияландыру бағдарламасы ел экономикасының өнімділігін арттырудың әрі әртараптандырудың маңызды бағыты болып қала беретіндігін атап өтті. «Алдағы 5 жылда кемінде 3-4 экспорттық қазақстандық бренд құру үшін нақты жобаларды жүзеге асыруға назар аудару қажет. Үкімет қайта өңдеу өнеркәсібі мен ауыл шаруашылығы саласына 10 трансұлттық компания тарту бойынша жұмыстарды жүргізуі қажет. Бірден айтайын, ауыл шаруашылығы № 1-ші болады әрі осы салаға бірнешеуін тартуға болады. Бірін етті қайта өңдеуге, келесісін астық, көкөністі қайта өңдеуге тартуға болады ғой», - деді Нұрсұлтан Назарбаев. Мұндай трансұлттық компанияларға елімізде жұмыс істеу үшін барлық жағдай жасалатын болады. Бес реформаның тағы бір кең ауқымды, аса маңызды бағыты – «Болашағы біртұтас ұлт» қалыптастыру, «Мәңгілік ел» идеясы негізінде «қазақстандық біртектілікті» одан әрі нығайту шаралары. «Қазақстандық біртектіліктің өзегі – мәдениет. Әсіресе, ұлттық құндылықтарды, патриотизмді, өскелең ұрпақтың сана-сезімін нығайту маңызды. Осыған орай «Үлкен ел – үлкен отбасы» жобасын іске қосуымыз керек. Оның аясында Қазақстан тарихы, қазақстандық мәдениет, еліміздің қазіргі заманғы өмірі туралы кинофильмдер, телесериалдар, арнайы телебағдарламалар түсіріледі», – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Бұл ретте Елбасы қаламгерлер мен драматургтер арасында елге қызмет ету, отаншылдық тақырыптарында байқау жарияланатынын жеткізді. «Өз құндылықтарымыз бар. Адалдық, жанұяның бірлігі, елге қызмет ету, отанды сүю деген мәселелерде шығармашылық адамдарға байқау жариялау керек. Жақсы-жақсы шығармалар болуы қажет. Бұл жазушы қауымға, драматургтерге беріліп отырған керемет мүмкіндік қой», - деді ҚР Президенті. Реформаның бесінші бағыты - транспарентті және есеп беруші мемлекет. Ондағы басты қағидаттардың бірі - қолмен басқарудан «нәтиже бойынша басқаруға» көшумен түсіндіріледі. Оған сәйкес, Президент Үкімет алдына нақты 5-6 шешуші көрсеткіш-индикаторды белгілеп отыратын болады. Ал Үкімет әрбір министр мен әкімнің алдына 2-3 нақты көрсеткішті белгілейді. Сосын дәл сол белгіленген көрсеткіштерге қол жеткізбеген министрлер мен әкімдердің өз қызметтеріне лайықсыздығы туралы мәселе қойылуы ықтимал. Ашықтық демекші, Елбасы халық алдында министрлік басшыларының есептік кездесулері тәжірибесін енгізуді де тапсырды. Айта кетерлігі, облыс әкімдерінің халық алдында есеп беріп жүргені белгілі. Ал министрлердің есеп берулері бұдан сәл басқаша болады. «Бүгінде коммуникацияның, телеарна мен радионың дамығанын ескере отырып, министрлердің барша елдің өңірлерін шарлау міндетті емес. Бұл тұрғыда адамдар кез келген ақпаратты қайдан нақты алуы керектігін білуі тиіс. Сосын көпшіліктің ақпаратқа қолжетімділігі де қамтамасыз етілуі тиіс»,-деді Н. Назарбаев. Реформа аясындағы тағы бір жаңалық – мемлекеттік қызмет көрсетудің сапасын жоғарылату мәселесі. Елбасы осы мақсатта «Аза¬маттарға арналған Үкімет» мемлекеттік корпорациясын құруды ұсынды. Бұл корпорация барлық мемлекеттік қызметтердің біртұтас провайдеріне айналады. Жаңа жасақталған Үкіметтің алғашқы отырысын қорытындылай келе, Мемлекет басшысы уақыттың таршылығын айтып, жайбарақаттануға жол берілмеуі тиістігін ескертті. «Тез уақытта біз осыны жүзеге асырып шығуымыз керек. Сол себепті биыл жаз бойы барлық қажетті, негізгі заңдар жобалары жасалуы керек. Оларды Парламенттен күзгі сессияда шұғыл қабылдауды сұраймыз. Сөйтіп, ендігі жылдың басынан бастап, реформаларды іске қосуға тиіспіз. Бұлардың барлығы өте ауқымды, әрі білім мен біліктілікті, өзге озық елдер тәжірибесін қарауды қажет етеді. Ең ақыры бұл бес реформа Қазақстанның бұрын-соңды жетпеген жаңа сатыға көтереді»,– деді Нұрсұлтан Назарбаев. Өз кезегінде Премьер-Министр Кәрім Мәсімов Елбасы бекіткен тапсырмаларды, соның ішінде «Қазақстан-2050», Инфрақұрылымды дамытудың «Нұрлы жол» бағдарламасы, Индустрияландыру саясаты және бес халықтық реформаны атқаруға Үкіметтің әзір екенін мәлімдеді. «Біз маусым айының соңына дейін бес халықтық реформаға қатысты өз ұсынысымызды әзірлейтін боламыз»,- деді Кәрім Мәсімов.