Ақмола облысының сот орындаушылары сот шешімін орындаудан жалтарған борышкерлердің ҚР аумағынан шығуына шектеу қойды.
Бұл туралы Ақмола облысы бойынша әділет департаментінің баспасөз қызметінен хабарлады.
Өткен жылдың қорытындысы және 2015 жылдың басынан бері сот актілері және басқа да актілер бойынша қарыздарын өтемеген 9 345 ақмолалыққа елімізден тыс аймақтарға шығуына шектеу салынған. Биыл жылдың басынан бері облыс бойынша 2 099 борышкерге шектеу қойылды.
Аталған борышкерлерді Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 669-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тарту үшін әкімшілік материалдар әзірленуде.
Сол себепті Қазақстан Республикасы аумағынан тыс жерлерге шығуға ниеттенген ақмолалықтардың шекарадан өту кезінде жағымсыз жағдайларға тап болмас үшін ҚР әділет министрлігінің www.adilet.gov.kz ресми сайтынан қарызы бар-жоғын анықтап алуларына болады.