25.06.2015, 18:00

Астанадағы жаңа теміржол вокзалының ауданы қандай болады

http://astana.gov.kz/

Жаңа теміржол вокзалы аумағының даму тұжырымдамасы бекітілді, деп жазады елорда әкімдігінің ресми сайты.

Астана қаласы Сәулет және қала құрылысы басқармасының хабарлауынша, қала құрылысы кеңесінде«Мыңжылдық» саябағының маңайында орналасқан жаңа теміржол вокзалы аумағының даму тұжырымдамасы қаралып, бекітілді.

Елордада ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі аясында тәулігіне 12 мың жолаушы өткізетін жаңа теміржол вокзалы ашылады. Бұрын хабарланғандай, көрме кезінде вокзал күн сайын 35 мың жолаушы қабылдай алатын болады.

Бұл өз құрамында тұрғын үй кешендерін, бизнес-орталықтарын, қонақ үйлерді, мектепке дейінгі және мектеп ұйымдарын, басқа да әлеуметтік-мәдени объектілері орналасқан елорданың көп функционалды және перспективті ауданы.

Жобаға сәйкес, коммерциялық ғимараттардың ауданы 656 032 шаршы метрді құрайды. Бизнес-орталықтар 507660 шаршы метр аумақты алса, қонақ үйлер, апартаменттер 304 375 шаршы метр аумақта орналасады. Ал, тұрмыстық қызмет үшін 126 000 шаршы метр аумақ бөлінген.

Елорданың жаңа теміржол вокзалы 2017 жылы іске қосылады және барлық бағыттар (Тобыл, Көкшетау, Карағанды, Павлодар) бойынша өткізу қабілетін қамтамасыз етеді.