25.06.2015, 18:00

Алматылық азамат қоқыстан коттедж тұрғызды

Қоқыстың өзін кәдеге асырған Алматылық тұрғын баспана мәселесін шешудің жолын оңай тапты. Үй салатын құралдың барлығын қоқыстан тауып, жертөлесімен қосқанда үш қабатты коттедж тұрғызды.

Алпысты алқымдаған Оқап Мұқажанұлы ерекше баспана салды. Әдеттегідей, кірпіштен не ағаштан емес, шыны шөлмектерден тұрғызған. Алты баласы бар ақсақалдың не жұмысы, не зейнетақысы жоқ. Қалтаны қаққан қымбатшылық пен тұрмыстың нашарлығы бұл қадамға баруға итермелеген.

Қыста жылы, жазда салқын бұл баспанаға 80 мыңнан астам шыны бөтелке жұмсалған. Ең бастысы қауіпсіз. Тіпті, 9 баллдық жер сілкінісі кезінде де шыдас беретін көрінеді.Оқап аға шыны шөлмектерді көшеден, дүкендер мен күл-қоқыстардан жинаған. Оған ақсақал бір жыл уақытын сарп еткен. Бір тиын да ақша жұмсамай салған зәулім үйі адам денсаулығына еш зияны жоқ дейді.Тек қана цементке қана ақша алдым балалардан жаңағы ішкен жегенімнен артылған ақшаны цементке жұмсадым, қалғанын бәрін бөтелке топырақ, апилка, бөтелкемен салып шықтық, дейді Оқап Мұқажанұлы.Алты жыл бұрын салынған баспанасына бүгінде балалары мен немерелері қоныстанған. Зәулім үйден бөлек монша, киіз үй мен қораны да шөлмектен салған. Бір ғана моншаның өзіне 9 мыңнан астам бөтелке кеткен. Ал мынандай күйтабақтарды сәндік үшін жабыстырғанын айтады.Ешкімнің көмегінсіз зәулім баспана тұрғызған ақсақал қазір үйдің ішкі бөлмелеріне күрделі жөндеулер жасап жатыр. Ендігі арманы немерелері ойнайтын шағын ойын алаңын салу екен.

31 канал