28.06.2015, 18:00

Өлген киіктің мүйізін кескендер ұсталды

http://kaz.tengrinews.kz/

Қостанай облысында 49 жастағы ер адам өлі киіктердің мүйізін арамен кесіп алды, - деп хабарлайды облыстық ІІД баспасөз қызметі.

Баспасөз қызметінің мәліметінше, өлі киіктерден 119 мүйізді кесіп алған күдікті олардың әр келісін ең кемі 50 мың теңгеге Қостанай қаласында сатпақшы болған. Күдіктіні Аманкелді аудандық ІІБ қызметкерлері мен Қостанай облыстық ІІД ұйымдасқан қылмысқа қарсы басқармасының мамандары ұстады.

"Полицейлер ұсталған азаматтың гаражы мен сарайынан жалпы салмағы 10 келі мүйізді тәркіледі. Қазіргі таңда оған қатысты ҚР ҚК 339-бабы "Өсiмдiктердің немесе жануарлардың сирек кездесетiн және құрып кету қаупi төнген, сондай-ақ пайдалануға тыйым салынған түрлерімен, олардың бөліктерімен немесе дериваттарымен заңсыз айналысу" бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тергеу жүріп жатыр", - дейді баспасөз қызметіндегілер.

Айта кетейік, бұған дейін осыған ұқсас 10 оқиға тіркеліпті және ұсталғандардың барлығының бас бостандығына бір жылға шектеу қойылған.

Еске сала кетейік, биыл Қазақстанда киіктер жаппай қырылды. Соңғы мәліметтер бойынша, 132 329 бас киік көмілді, олардың ішінде 113 309 бас киік - Қостанай облысында, 9 386 - Ақмола, 9 634 бас киік Ақтөбе облысында.