30.06.2015, 18:00

Астанада биыл жабық типтегі 55 аялдама орнатылады

Астанада биыл жабық типтегі 55 аялдама орнатылады. Бұл туралы «Астана LRT» компаниясының басшысы Талғат Ардан мәлім етті.

«Бүгінде Астана әкімдігімен бірге қаладағы қоғамдық көліктің паркін толықтай жаңарту жоспарлануда. Ескі автобустар қала маршруттарынан алынып тасталуда. Тиісті инфрақұрылымдар да жаңартылады. Биыл әкімдік аялдамаларды жетілдіру бойынша жұмысты бастауды тапсырды. Қысқы уақыттарда өте көп шағымдар келеді. Қолда бар аялдамалар жазда адамдарды ыстықтан, қыста аяздан қорғай алмайды. Әкімдікпен тапсырма берілді, инвесторлар тартылуда. Жыл соңына дейін жабық типтегі 55 аялдама орнатылады. Жалпы, қалада осындай форматтағы 82 аялдама болады деп жоспарлануда. Олар негізінен адам саны көп, әлеуметтік нысандар орналасқан тұстарда қойылады. Яғни, қажеттілігі басым жерлерде бой көтермек», - деп атап өтті ол.

Оның айтуынша, Астана әкімдігіне қоғамдық көліктердің жұмысына наразы жұрт жиі хабарласады.

«Қазіргі уақытта күн сайын автобустар 800-850 мың адамды тасымалдайды. Бірақ ол елорда деңгейіне сай емес. 2017 жылға қарай автобустарды пайдаланатын халық санын 45 пайызға дейін жеткізуді және күніне 1,1 млн. адам тасымалдауды көздеп отырмыз. Бұл жоспарларды жолаушылар көлігінің тиісті сапасынсыз ұйымдастыру мүмкін емес», - дейді Т.Ардан.