Астана қалалық №2 балалар ауруханасының бас дәрігері Біржан Досмайылов кеше қатты желден ұшып кеткен батутта болған балалардың жағдайы туралы айтып берді.
"Қазір бір баланы жансақтау бөлімінен жарақат бөліміне ауыстырдық. Яғни, екі бала бөлімшеге ауыстырылды. Үшеуі әлі жансақтау бөлімінде жатыр, олардың жағдайлары ауыр. Қазір ешнәрсе болжап айта алмаймын. Олар барлығы да дәрігерлердің бақылауында", - деді Біржан Досмайылов.
Оның айтуынша, балалардың жағдайын білу үшін ауруханаға Астана әкімі Әсет Исекешев те келіпті.
Еске салайық, аталған оқиға елордадағы "Жаннұр" сауда орталығының алдында 4 сәуір күні болған еді. Қатты соққан жел балалар секіріп ойнап жүрген батутты 20 метрге дейін ұшырып әкетіп, төңкеріп жіберген. Салдарынан 5 бала жарақат алып, дереу ауруханаға жеткізілді.