07.05.2018, 12:47

АҚШ-та органдары донорлыққа алынғалы жатқан бала оянып кетті

АҚШ-та хал үстінде жатқан 13 жасар баланың ата-анасы оны қайтыс болғаннан кейін органдарын донорлыққа беруге келісімін беріп, құжаттарының бәрін рәсімдеп болған сәтте науқас бала оянып кетті деп жазады Fox News.

Алабама штатының кішкентай тұрғыны Трентон Мак Кинли (Trenton McKinley) ауруханаға осыдан 2 ай бұрын басынан ауыр жарақат алып түскен болатын. Ол отырған көлік артындағы тіркеме кенет аударылып, басына қатты зат тиген екен. Есінен таңып қалған баланы сол сәтте ауруханаға жеткізген. Дәрігерлер болса Трентон енді ешқашан бұрынғы қалпына келмейтінін, яғни есін жиса да ауру боп қалатынын айтып, болжам жасаған.

Баланың миына оттегі жетіспегендіктен мидың біраз бөлігі жұмыс істеуден қалыпты. Әдетте мұндай науқастар көп ұзамай қайтыс болады екен. Тірі қалған күннің өзінде мәңгілікке арбаға немесе төсекке таңылып, мүгедек боп өмірден өтеді. Балаларынан үміт үзген ата-ана осылайша оның органдарын донорлыққа өткізуге келісімін беріпті. Олар тым болмағанда өзге науқас балалардың өмірін сақтап қалайық деп шешім қабылдағандарын айтып отыр.

Алайда, Трентонды жасанды демалдыру аппаратынан ажыратуға 1 күн қалғанда ол кенеттен есін жиып, орнынан тұрып, тіпті адамдармен еркін сөйлесе бастапты. Бұған дәрігерлер де таң. Дегенмен, науқас бала қазір күніге есін жоғалтып құлап қалады екен. Оның басы қатты ауырады. Трентонның өзі болса жәннатта болып келгеніне сенімді. «Мен ашық даламен тек алға қарай жүре бердім. Маған құдай қайта өмір берді, тіпті дәрігерлер де осылай айтып отыр», - дейді өлім аузынан аман қалған 13 жасар бала.