08.05.2018, 04:40

Өзбекстанда жұмыстан шығып қалған азамат басшысын пышақтап тастады

3 мамырда Қашқадария облысында Мәжбүрлеп атқарту бюросының жұмыстан шығып қалған қызметкері Шавкат Ибратов басшысы Бахром Жураевқа пышақ сұққан деп жазады centralasian.org.

Мәліметке қарағанда, жұмыстан себепсіз шығарды деп есептеген бұрынғы қызметкер бұрынғы басшысының жұмыс бөлмесіне кіріп барып, пышақ сұққан. Бюро басшысы Бахром Жураев ауыр жарақат алып, ауруханаға жеткізілген. Операциядан кейін, оның жағдайы "бірқалыпты" деп бағаланады.

Аталған меке қызметкерлерінің бірі Шавкат Ибратов аттестациядан өтпей қалғандықтан жұмыстан шығып қалғанын айтады.

– Ибратов бір ай бұрын аттестациядан өтпей қалған. Біз басшы екеуінің арасында қандай келіспеушілік болғанын білмейміз. Оқиға болған күні Шавкат Ибратов кеңсеге мас күйінде келді. Бұрынғы қызметкер болғандықтан, біз оған қарсылық көрсеткен жоқпыз. Ол бір уақытта Бахром Жураевтың бөлмесіне кіріп кетіп, оған төрт жерінен пышақ сұғыпты, - деді қызметкер.

Аудандық милиция болса, Мәжбүрлеп атқарту бюросында болған оқиға жайында мәлімет келіп түспеді дейді. Бірақ бюро қызметкерлерінің айтуынша, 4 мамырда Шавкат Ибратов милиция өкілдерімен бірге кеңсеге келіп, тергеу ісіне жауап берген.