Еліміздегі ең ірі балық шаруашылықтарының бірі сатылымға шығарылды. 17 мың шаршы метрді алып жатқан су қоймасы мен 346,7 га жер ұзақ жылдар бойы балықтың сирек кездесетін түрлерін өсіруге қызмет етіп келген болатын деп жазады "Алматы" телеарнасы.
Krisha.kz порталының хабарлауынша, шаруашылыққа қарасты көлдердің жалпы аумағы "Медеу" мұз айдынының екеуіндей келеді екен. Ал, жер көлемі 20 футбол стадионына пара-пар. Нысан Алматы облысы Панфилов ауданының орта тұсында орналасқан.
Нысан иесі жеке мүлкімен бірге аумаққа қарасты үш көлді жалға пайдалану құқығын да беретінін мәлімдеген. Олардың жалпы аумағы шамамен 80 гектар. Мұнда бекіре тұқымдас балық өсіруге жағдай жасалған. Сатып алушы аталған көлдерде балық өсіріп немесе аулаумен айналыса алады.
Айта кетейік, аталған орталықта бұған дейін жылына 150-200 тонна балық өндірілетін. Қазір су қоймасында шамамен 300 мыңдай балық қалған, олардың жалпы салмағы 50 тоннаның төңірегінде. Бұл бұрыннан қалған балықтың төрттен бір бөлігі ғана.
Нысанды сатып алғысы келген адам 3,5 миллион долларға немесе 650 миллион теңгеге шығындалуы тиіс.