Астана қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасында хабарлағандай, батутпен болған төтенше оқиға салдарынан зардап шеккен балалардың жағдайы қазіргі уақытта қалыпты, өте жақын арада олар ауруханадан шығарылады, деп хабарлайды BNews.kz.
«Қайғылы оқиға болған күні ауруханаға жатқызылған бес баланың біреуі 11 мамыр күні үйіне шығарылды. Қалған төртеуі қазір жан сақтау бөлімінен шығарылып, стационарлық ем қабылдап жатыр. Олардың екеуі травматологиялық бөлімшеде болса, тағы екеуі нейрохирургия бөлімшесінде. Стационарлық ем қабылдап жатқан балалардың жағдайы қалыпты деп бағаланып отыр, олардың сауығып келе жатқаны байқалады. Жақын арада олар №2 қалалық балалар ауруханасынан шығарылады деп жоспарланып отыр», - деп мәлімдеді басқармада.
Еске салайық, «Жаннұр» сауда орталығының аумағында балалар ойнап жүрген батутты жел ұшырып жіберген. ҚР ІІМ ТЖК дерегі бойынша, батут бекітілген жерден 20 метрге дейін ұшып кеткен. Соның салдарынан бес бала түрлі жарақат алып, ауруханаға жеткізілген. №2 қалалық балалар ауруханасы дәрігерлерінің айтуынша, төрт бала ауыр хәлде болған.
Қазақстанның Бала құқықтары жөніндегі уәкілі Зағипа Балиева жел ұшырған батутта балалардың зардап шегуі оқиғасына қатысты пікір білдірді. Ол еліміздегі барлық аттракцион тексерілетін болады деп уәде берді. Сондай-ақ, ол аттракциондарды орнатқан кезде климаттық жағдайды да ескеру қажеттігін атап өтті.
Сонымен қатар, елорда әкімі Әсет Исекешев 5 мамырда "Жаннұр" сауда үйі алаңында орнатылған батутта ойнап, зардап шеккен балалардың хал-жағдайын сұрап, №2 қалалық балалар ауруханасына барды. Балалардың ата-аналарымен әңгімелесу барысында Астана әкімі қала билігі, ІІД мен ТЖД-нің оқиғаны өз бақылауына алғандығын айтты. Ол сондай-ақ, кінәлілердің жазаға тартылатындығын да ескертті.