Оралда мотоцикл «Мерседес» автокөлігімен соқтығысып, екі адам жарақат алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Оқиға кеше кешкісін Жәңгір хан көшесі бойында, Пост аялдамасы болды. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Айнагүл Сақпосынованың айтуынша, жедел жәрдем стансасына шақырту сағат 19.48-де түскен. Бригада бес минуттан кейін жеткен.
Жол-көлік оқиғасы салдарынан 1989 және 1981 жылғы екі ер адам жабық бас-ми жарақатымен және милары шайқалып, қалалық көпбейінді ауруханаға жеткізілді. Олардың екеуі де мотоциклде отырған, бастарында дулығалары (шлем) болмаған.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда екі жеңіл көлік түйісіп, үш адамның жарақат алғанын жазған болатынбыз. Олар келесі күні үйлеріне амбулаторлық емдеуге жіберілді.