21.05.2018, 11:03

Қарағандыда автобус жүргізушісі әйел адамды басып кетті

Қарағандыда №118 автобус жүргізушісі жолаушылардың бірін басып кетті, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

Оқиға бүгін, 21 мамырда болған. Куәгерлердің айтуынша, бұл жағдай «Теплоприбор» аялдамасында болған.

«Алдын ала мәлімет бойынша, автобус жүріп бара жатқанда есіктері жабық болған. Бірақ жолаушы әйелдердің бірі сол уақытта автобусқа қарай жүріп бара жатқан болуы мүмкін. Сол кезде автобус жүргізушісі оның аяғын басып кеткен. Қазіргі уақытта полиция жүргізушінің кінәсін анықтап жатыр», - деп хабарлады №3 автопарк директоры Артур Григорян.

Облыстық ІІД өкілдері әзірше осы жағдайға қатысты пікір білдірген жоқ. Ал жолаушылардың сөзіне қарағанда, сол кезде автобуста көп адам болған.

«Жолаушыны өткізіп жіберу үшін автобустан шамамен он адамдай шығуы керек болды. Осы кезде жолаушылар автобусқа қайта кірер кезде жүргізуші жүріп кетіп, қоғамдық көлік әйелді басып кетеді. Яғни, жүргізуші айнаға қарамай, жолаушылардың барлығының мініп болғанына көзі жетпей жүріп кете берген», - дейді жолаушылардың бірі.

 Облыстық денсаулық сақтау басқармасының өкілдері зардап шеккен әйелдің жансақтау бөлімінде жатқанын хабарлады.

«Әйел шамамен 50 жастан асқан. Ауруханаға жеткізілді, бірден ота жасалды. Жағдайы тұрақты деп бағаланып отыр. Бүгін палатаға ауыстырылады деп жоспарланып отыр», - деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметінің хатшысы Айжан Иса.