$ 443.44  480.51  4.88

Ресейдегі денсаулық сақтау саласының нашарлығына шағым айтқан келіншек қатерлі ісіктен көз жұмды

Ресей президенті Владимир Путинге Мурманск облысындағы денсаулық сақтау саласының сапасыз екенін айтып шағымданған орыс әйел қатерлі ісіктен көз жұмды. Бұл туралы РИА Новости жазған.

2017 жылдың 15 маусымында президентпен болған тікелей эфир барысында Дарья Старикова дәрігерлер өзіне дұрыс диагноз қоя алмағанын айтқан болатын. Салдарынан рак асқынып, 4-ші деңгейге бір-ақ жеткен. Сол кезде ғана ақ халаттылар жас келіншектің обырмен ауыратынын анықтапты. Владимир Путин болса оған емделуге көмектесетінін айтып уәде берген еді.

Мұнан кейін Путин сөзінде тұрып, Тергеу комитеті Дарьяны емдеген дәрігерлердің үстінен қылмыстық іс қозғады. Ал, науқастың өзін Мәскеуге алдырып, сонда химия-терапиядан өткізген. Желтоқсан айының соңында оған операция да жасалды. Дәрігерлер келіншектің ісігін түгел алып тастап, оның жағдайы біршама жақсарғанын мәлімдеген болатын. Артынша Дарья Старикова үйіне қайтты. Мұнан кейін ол туралы жұрттар ұмытып кеткен еді.

"Өкінішке қарай, медицина да әлсіз болады. Мен бұл туралы бүгін таңертең естідім. Енді Дашаны соңғы сапарға шығарып саламыз, ол Апатиты қаласында жерленетін болады", - деп мәлімдеді қала басшысы Николай Бова.

Оның айтуынша, жерлеу рәсімдерінің шығынын "Фосарго" компаниясы өз мойнына алыпты. Сондай-ақ, келіншектің өмірінің соңғы уақытында қала басшылары оның отбасына материалдық көмек көрсеткенін айтып отыр. Дарья Старикованың артында кішкентай қызы қалды.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары