Ақтөбедегі орталық базардың жүздеген сатушысы 25 мамыр күні наразылық білдіріп, сол маңдағы автокөлік жолдарын жауып тастады. Саудагерлер базар басшылығының «үш тәулік ішінде орынды босатыңыздар» деген талабына наразы деп жазады Азаттық.
Базар аумағында бірнеше жылдан бері сауда жасап келе жатқан кәсіпкер Дәмегүл Кеңесбаева:
- Базар әкімшілігі бізге орынды сол жерден берді. Сол үшін ай сайын әрқайсымыздан ақы алып отыр. Орынды сатып алғандар да бар. Енді «тез арада босатыңдар» деп жатыр. Жұрт қолында бар қаржысына сол орындарға сеніп, тауар алып қойды. Біз енді қайда барамыз?! – деп шарасыздық танытады.
Оқиға орнына келген жергілікті билік өкілдері наразы кәсіпкерлерді сабырға шақыруға тырысқанмен екі тарап арасындағы диалог сәтсіз аяқталды.
Базар маңына күштік құрылымдардың техникасы көптеп жинала бастағаннан кейін екі жақ мәселені қала әкімдігіне барып талқылауға келісті. Кәсіпкерлермен кездесуге Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Ербол Нұрғалиев, қала әкімі Ильяс Испанов, Ақтөбе облысы прокурорының бірінші орынбасары Айдос Майлыбаев және өзге де облыс пен қала басшылары қатысқан.
Кездесуде Ақтөбе облыстық төтенше жағдайлар басқармасының басшысы Бауыржан Сыздықов базардағы өрт қауіпсіздік жағдайы сын көтермейтінін айтып, кәсіпкерлерден орындарын босатуды не үшін талап етіп отырғанын түсіндіруге тырысқан. Басқарма басшысының айтуынша, Ресейдің Кемерово қаласындағы өрттен кейін басқарма мамандары орталық базарға ескертусіз барып, тексеру жүргізген.
- Біз әдетте, базарды жылына бір рет қана тексеретінбіз. Онда да базар әкімшілігіне бір ай бұрын ескертіп қоятынбыз. 21 сәуір күні ескертусіз барып, 32 заңбұзушылықты анықтадық. Оларды жою үшін 26 маусымға дейін уақыт бердік. Орталық базардағы өрт сөндіру техникасы жүретін жолдардың бәрі сауда алаңына айналған. Халықты эвакуация жасайтын жол бойындағы сауда орындарын сатушылар тез жанатын маталармен көлегейлеп, шатыр жасап алған. Өрт шыға қалған жағдайда оның бәрі өртеніп, халықтың үстіне құламай ма? Одан бөлек өрт дабылдары да жұмыс істемей тұр. Бұл жағдай жыл сайын қайталанады. Базар әкімшілігі тексерушілер барар кезде бәрін тәртіпке келтіріп қояды да, кейін білгендерін істейді-дейді Бауыржан Сыздықов.
Ал орталық базар басшысы Еламан Итеғұлов талқылау барысында мұны жоққа шығарды. Оның айтуынша, саудагерлер өрт техникасы жүретін жолдар мен өрт жағдайында халықты эвакуация жасайтын жолдардың бойында 10-15 жылдан бері сауда жасап тұр. "Осыған дейін ешқандай проблема туындаған емес" деді базар басшысы.
Талқылау соңынан Ақтөбе қалалық әкімдігінде орталық базардағы жағдайды реттеу үшін арнайы жұмыс тобы құрылды. Құрамында прокуратура, қала әкімдігі мен төтенше жағдайлар басқармасының мамандары бар бұл топ "мәселені жан-жақты зерттеп, сатушылар мен сатып алушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететіндіктерін" айтып отыр.
Ақтөбе облысы прокурорының бірінші орынбасары Айдос Майлыбаев кездесу соңында саудамен айналысатын кәсіпкерлерге заңсыз митинг өткізушілер жауапқа тартылатынын ескертті.
"Бұлай жинала салуға болмайды! Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 488-бабына сай заңсыз митинг өткізушілерге жауапкершілік көзделген. Мына жиын қазір тіркеліп жатыр. Егер ол қайталанған жағдайда қылмыстық жауапкершілікке тартылатындарыңызды ескертемін" деді прокурор.
Базар саудагерлерінің әкімдіктегі және көшедегі наразылығын ақпарат құрал өкілдерінен де басқа бірнеше камера түсіріп тұрды.