09.07.2015, 18:00

Тағы бір турфирма банкротқа ұшырады

bnews.kz

Күні кеше «Фараон» деп аталатын Қарағандылық тағы бір туристік фирмасы банкротқа ұшырағанын жария етті. Компания кеңсесі таңнан бері жабық тұр, ал басшысы ізін жасырмақ болған жерде құрықталды.

Бұл туралы Қазақстанның туристік агенттіктер қауымдастығының директоры Әсел Нүркебаева мәлім етті.

Қауымдастық мәлімдегендей, 9 шілде күні жер сипап қалған туристер құқық қорғау органдары мен қауымдастыққа арыз-шағыммен жүгіне бастаған. Тәртіп сақшылары дәл сол күні-ақ «Фараон» турфирмасы басшысының ізіне түсті.

Компания кеңсесі таңертеңнен бері жабық болған, ал жолдамасын қолына ұстаған жүздеген турист демалатын елдеріне ұшып шыға алмай әлекке түсті. Кешке қарай «Фараон» басшысы полицейлердің қолына түсіп, Қарағанды облысы ІІД-де түсініктеме берді.

«Фараон» турфирмасының директорынан кеше құқық қорғау органдарының қызметкерлері жауап алды. Менің білуімше, ол барлық туристің ақшасын қайтаратыны туралы қолхат жазған. Агенттік басшысы ұсталғанымен, үш сағат өткеннен кейін ешқайда кетпеу туралы қолхатпен үйіне жіберілді», -дейді Әсел Нүркебаева.

Алдын ала есептеу бойынша келген шығын көлемі 100 мың долларға жуықтап отыр. Бес жыл ішінде туристер арасында ең арзан туроператор ретінде танылған фирмаға жүгінетін халық қарасы да өзге агенттіктермен салыстырғанда әлдеқайда көп.