29 жастағы ағылшын пәнінің мұғалімі Тоғжан Ынтықбаева өзінің Instagram парақшасында қайырымдылық шараның фотоларын жария етті, деп жазады pavlodarnews.kz.
- Барлығы біреуге көмектесіп, жақсылық жасайық деген ниеттен пайда болды, - дейді жанашыр мұғалім.
- Мейірімді қазақстандықтар 2,5 миллион теңге жинап берді. Бұл – 280 отбасының бір айлық азығына тең. Бүгін біз ауылдардың бірінде 10 пакетті тараттық. Балаларға тәттілер, ересектерге азық-түлік бердік. Кеше 120 пакет таратылды. Барлығы бір тонна ұн, 750 келі күріш, 750 келі қант, 250 келі тұз, кофе, томат пен макарон сатып алынды. Әуелі 80, кейін 40 пакетті екі ауылдың тұрғындарына жеткіздік.
Тоғжан Ынтықбаеваның жұбайы Азамат Жағыпаровтың айтуынша, оның жұбайы және құрбысы 4D карталарды сатып, ақша тапқан.
- Азынаулық қаржы жинап, қасиетті Рамазан айында оны Африкаға жолдап, сол жақтағы мұқтаж жандарға көмек көрсеткіміз келді, - дейді Азамат Жағыпаров.
- Біз жайлы естіген Білім министрлігі таң қалды. Екі қыз бір айдың ішінде екі миллионнан астам қаражат жинаған. Африкадан арнайы шақырту келіп, қайырымдылық жасағандармен кездесуді қалайтындарын хабарлаған. Сондай-ақ, олар Қазақстан халқына үлкен ризашылығын білдірді.
Айта кетейік, Африкаға барып келу идея авторларына 500 мың теңгеге түсті. Бұл күні отбасы екі жастағы қыз баланы тәрбиелеуде. Сәбиі туғанға дейін Тоғжан Ынтықбаева «Білім-инновация» лицейінде жұмыс жасаған.
Думан Асқарбек
Фото: Азамат Жағыпаров