28 әйелдің қылмыстық істерімен кез келген тұрғын таныса алды, деп жазады Aktobenews.kz.
Әділетсіз сотталған әйелдердің қылмыстық істері мен фотосуреттері Ішкі істер департаментінің мұрғатынан алынды.
Бұл көрмеде Ақтөбе жерінен «АЛЖИР» лагеріне аттанған 28 әйелдің тағдыры туралы ақпарат жарияланды. Олардың ішінде «АЛЖИР» лагерінде 8 жыл жазасын өтеген Ментай Даукенованың тағдыры туралы мәлімет алуға болады. Ол өз естелігінде тұтқындағы әйелдердің 600 түп алма ағашын отырғызғанын жазды. Олар сол ағаштарды аш аңдардан, аяздан қорғаған. Себебі лагер басшылығы «егер алма өскіндері көктемге аман жетпесе, атамыз» деп қорқытатын болған.
«Ақтөбедегі ІІД ақпараттық-аналитикалық орталығындағы арнайы мемлекеттік мұрағатта барлығы 13 мыңнан астам қылмыстық іс сақталған. Олардың 9 мыңнан астамы ақталғандардың ісі, 600-ден астамы — ақталмағандардың, ал 2 мыңнан астамы — Ұлы Отан соғысы жылдарында неміс басқыншыларының лагерлерінде болған азаматтардың ісі. Жылына 100-ден астам адам өздерінің ата-бабалары, әкелері, туған бауырлары мен туыстары туралы ақпарат алу, қылмыстық істерімен танысу мақсатында бізге сұраныс білдіреді. Біз 2014 жылдан бері көпшілікке осы материалдарды қолжетімді еттік. Бұл, әрине, ауыр да болса, әрбір адамның тағдыры, ел тарихы. Жыл сайын саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу қарсаңында біз көрме ұйымдастырып, түрлі шаралар өткіземіз. Тарихты білудің келер ұрпақ үшін маңызы зор», - деді көрмені ұйымдастыруға үлес қосқан Ақтөбе облысы ІІД ақпараттық-аналитикалық орталығының қызметкері Алмагүл Ізбасарова.