Мемлекет басшысы Оңтүстік Қазақстан облысында жемқорлық деңгейі жоғары екеніне назар аударды.
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Оңтүстік Қазақстан облысында цифрландыруды неге дамыту қажет екенін айтты, деп жазады Sputnik Қазақстан.
«Маған түрлі ақпарат келіп түсіп жатады. Мәселен, мектепке еден жуушы болып орналасу үшін пара беру керек. Мұғалім болып жұмысқа тұру үшін пара қажет. Басқа облыстарда мұндай жоқ, тек сіздерде ғана. Басқа өңірлерде де осындай жағдай болса, не істемекпіз?», – деді Назарбаев Оңтүстік Қазақстан облысының өкілдеріне. Президенттің айтуынша, бизнес, жер бөлу, жұмысқа орналасу, денсаулық сақтау, білім беру салаларында ашық режимді енгізу үшін цифрландыруды дамыту керек.
«Әрине, халық саны көп, жұмыссыздық бар шығар. Жұмыс орындары жетпейді. Цифрландыруға көшпей, бұл мәселені шеше алмайсыздар. Нәтижесінде кедейлік мәселесі шешіледі», – деді мемлекет басшысы.
Айта кетейік, Астанада «Нұр Отан» партиясының саяси кеңесінің кеңейтілген отырысы өтіп жатыр. Отырыста мемлекет басшысының өткен жылы партия саяси кеңесінің отырысында берген тапсырмаларын орындау және президенттің бес әлеуметтік бастамасының іске асырылуын қадағалайтын қоғамдық бақылауды ұйымдастыру мәселелері қаралуда.