Астанада экстремалды аттракционның бірінде жас қыз секіріп жатқанда трос үзіліп кетіп, ол темірге соқтығысқан. Оқиға 1 маусым - Балаларды қорғау күнінде болыпты.
Осынау сәтті куәгерлердің бірі телефонының камерасына түсіріп, әлеуметтік желілер арқылы бөліскен.
«Бүгін орталық саябақтағы "рогатка" деп аталатын аттракционда жас қыз секіріп жатқан кезде трос үзіліп кетті. Қыз алдымен темірге соқтығысты, кейін ауада салбырап қалды. Адамдар шошынып қалды. Құдай сақтады, қыздың періштесі бар екен. Әкімдіктен аталған аттракционды тексеруін сұраймыз», - дейді болған жайтты камераға түсіріп алған әйел адам.
Видеокадрлардан ауада салбырап тұрған қыз бен үзілген трос анық көрінеді. ҚР ІІМ ТЖК мамандары әзірге бұл жайт бойынша өздеріне ақпараттың түспегенін айтып отыр.