ЖҚЕ енгізілген жаңашылдықтар бүгіннен бастап қатаң бақыланатын болады, деп хабарлайды «Қостанай таңы».
Тың өзгерістер мен толықтырулар жүргізушілер көңілінен шықса керек. Жол қозғалысының жаңа ережесі өткен жылдың соңында көлік иелері арасында шу шығарған еді.
13 шілдеден бастап аталмыш талаптарға бір қатар жаңашылдық енгізілді. Енді жол полициясы қызметкерлеріне темір тұлпарды басқаруға құқық беретін сенімхатты ұсыну міндетті емес. Бірақ, бұрын талап етілгендей, кісі көлігін мінген адам есімі сақтандыру полисінде көрсетілуі қажет.
Сонымен қатар, арнайы белгіленбеген, кез келген жерде тоқтауға, тұрақтауға тыйым салатын тармақ ережеден алынып тасталды. Ал, жаңа көлік иелеріне, жеке тұлғаларға, автокөліктерін 7 жылға дейін техникалық тексеруден өткізбеуге ерік беріледі. Бұрынғы ережеде 4 жыл мерзім берілетін.