02.06.2018, 16:03

Алматыда тағы бір сәби менингиттен қайтыс болды

Алматыда менингиттің асқынған түрінен 5 жасар сәби көз жұмды. Бұл туралы қалалық Қоғамдық денсаулықты сақтау департаментінің баспасөз қызметі хабарлап отыр.

"Иә, бүгін тағы бір сәби қайтыс болды. Балада минингиттің аяқасты асқынған формасы болған. Небәрі бірнеше сағат ішінде ол көз жұмды. Ол кешкі жетілер шамасында ауруханаға түсіп, түнгі екіде көз жұмды, - деді Адматы қалалық Қоғамдық денсаулықты сақтау департаментінің басшысы Айзат Молдақасымова.

Осылайша, аталған департамент мәліметінше, бүгінге дейін Алматыда менингиттен қайтыс болғандар саны 5 адамға жетіпті. Олардың екеуі кішкентай балалар.

"Біз қазір эпидемиологиялық науқанды ескере отырып антибиотиктік алдын алу жұмыстарын жүргізуді талап етіп отырмыз. Қала тұрғындары назар аударса екен дейміз. Адамның жасына байланысты антибактериялық бақылау терапиясы белгіленеді. Ересектерге рифампицин, ципрофлоксацин, цефтриаксон сынды препараттар беріледі. Ал, балаларға жасына байланысты эритромицин және амоксициллин дәрілері 5 күн бойы беріледі. Дәл қазір бұл ауруды алдын алудың ең тиімді жолы, бүгіннен бастасаңыздар да болады. Ал, вакцинация болса тек 1 айдан кейін ғана иммунитетті қалыптастырады. Аллергиясы жоқ адамдарға ең дұрысы жоғарыда аталған дәрілер. Тіпті, сіздер ауырмасаңыздар да, ешқандай белгілері болмаса да ішу керек. Бұл дәрігерлердің халықаралық тәжірибелерге сүйене берген кеңесі", - деді Молдақасымова.