Зейнеткер келіні мен 10 немересімен тосыннан танысқан. Айнагүл апай ұлын сынаған таныстарымен де сөзге келіп қалған кездері жайлы әңгімелеп берді деп жазады KYN.KZ.
Қазақстандық заңгер Жәнібек Қабановтың анасы Айнагүл апа бірден 10 баланың әжесі болған күнді есіне алып, сұхбат берді. Зейнеткердің сөзінше өзі үшін бұл жаңалық тосыннан болған.
«Жанар келінім әлеуметтік желідегі парақшасына тойдан сурет жүктепті. Оның парақшасына үйдегі келінім тіркелген екен. Содан бір күні үйдегі келін «Апа, мына кісі біздің аға сияқты» деп бір суретті көрсетті. Қарасам Жанардың қасында бір ер адам тұр.
Бетін бір затпен жауып қойыпты. Киімдеріне қарасам менің Жәнібегім. Жанарды мүлде танымаймын. Содан ұлыма хабарласып, «Қасыңдағы келіншек кім?» деп сұрақты төтесінен қойдым. Ұлда үн жоқ. Содан бұл жайында ұмытып кеттік.
Астанада туыстарым көп, бір күні соларға қыдырып келетін болдым. Вокзалдан Жәнібек пен Жанар күтіп алып, үйлеріне алып келді. Жолда Жанардың келінім екенін білдім, үйге келсем 10 бала мәз-мейрам қолдарына шар ұстап алған.
Ересектері стол дайындап жүгіріп жүр. Өзім де жас балаша қуанып, балалардың маңдайынан иіскеп, сол жерде алғаш көрсем де бауырыма басып, бірден қабылдадым», – дейді Айнагүл Әзімбаева.
Осыдан кейін барып зейнеткер шаңырақ көтерген ұлын ертіп, келінін туыстармен таныстыруға ертіп барған.
«Жанарды жас келін түскендей үкілеп алып бардық. Құлағына бриллиант сырғасын салып, барлық туыстарыммен таныстырдым. Арасында «Жәнібек 10 балалы әйелге үйленіпті» деп сынағандары да болды.
Мен оларға «Несі бар екен? Балалардың еш кінәсі жоқ! Қазақтар жетімін жылатып, жесірін қаңғыртпаған. Керек десең баяғыда үңгіштерді де, немістерді де бауырымызға басқанбыз» деп айттым.
Жанарым өте ақкөңіл. Студент кезінен ұлым осы қызды ұнатқан екен. Ешқандай қарсы болмаймын. Керісінше қамшының сабындай қысқа өмірде балалардың бақытты болуына барынша қолдау көрсетемін.
Ал немерелерімді бірін-бірінен айырып, артық көру деген жоқ. Бәрі бірдей, бәрін жақсы көремін», – дейді зейнеткер Айнагүл Әзімбаева.