$ 494.87  520.65  4.91

Алматы облысында алаяқтарға алданып қалған африкалықтар елдеріне қайта алмай отыр

Талдықорғанда жергілікті тұрғындар алаяқтарға алданып қалған төрт африкалық азаматқа қол ұшын беріп, көмектесуде. Сьерра-Леон Республикасының азаматтары құжатсыз және көк тыйынсыз қалған. Олар Алматыға жұмыс істейміз деп келіп, алаяқтарға алданып қалдық деп хабарлайды КТК телеарнасы.

Олардың жағдайын көрген жергілікті мүгедектер қоғамы далада қалған шетелдік азаматтарды өз қамқорлығына алған. Ал полиция да оларға түсіністікпен қарап, елде заңсыз жүргендері үшін айыппұл салмаған екен.

Африканың Сьерра-Леоне Республикасының 30 жастағы тұрғыны даяшы мамандығын игеруде. Шетелдің азамат Талдықорғанға қалай келгенін дұрыс түсіндіре алмайды. Жабраил Макинцая өз отанында биші болған екен.

“Алматыға турист ретінде келгенбіз. Біз келген ұйым төлқұжатымызды сұрап, алып қалды. Мұса есімді досым осы аптада құжаттарды алайын деп барғанда, олар оны бермей, ешқандай құжат жоқ деп айтқан. Менің визамның мерзімі жақын арада аяқталады деп қорқамын және ары қарай не істеу керектігін білмеймін”,-дейді Сьерра-Леон Республикасының азаматы Жабраил Макинцая.

Жабрайылдың айтуынша, оған Алматыда жұмыс бар, айына төрт мың доллар жалақы береміз деп алдап әкеліпті. Бірақ алаяқтар шетелдік азаматтарды ақшасыз және құжаттарсыз қалдырған. Жабраил бірге Қазақстаннан жақсы жұмыс іздеп тағы үш африкалық жігіт келген. Бірақ олар журналистермен сөйлескілері келмеді. Талдықорған қаласының тұрғыны Айдар Ахметов қаладағы мешіттен алға рет африкалықтарды көріп отыр. Онда олар өздернің жағдайы туралы айтып берген.

“Осы таныстырудан кейін біз жақынырақ араласа бастадық. Содан кейін біртіндеп олардың қиындықтары туралы білдім. Бір қарағанда, оның жағдайы жақсы сияқты. Іс жүзінде ол тамақ, тұратын жер таппай қиналып жүр. Олар Қазақстанға азын-аулақ ақшамен келген, бірақ оның бәрі таусылды”,-деді Айдар Ахметов.

Тұрғындар шетелдіктерге барынша көмектесіп жатыр. Мүгедектер қоғамы жататын жер тауып беріп, тіпті жұмысқа тұрғызбақшы.

“Біз оған даяшының жұмысын үйретіп жатырмыз. Жағдайын ескеріп қосымша күн сайын мың теңге төлейміз. Бұның қаншалықты заңды екенін және соңы не боларын өзіміз де білмейміз”,-дейді мүгедектер қоғамының төрайымы Гүлвира Таубалдинова.

Бір қызығы полицейлер шетелдіктердің Талдықорғанда ешбір құжатсыз жүргенінен хабарсыз. Амалсыздан Жабраилды ертіп ішкі істер департаментіне өзіміз бардық.

“Төрт африкалықтың жағдайы бойынша айтар болсам, бұларды тіркеу Алматы қаласында өткен. Бірақ, олардың Талдықорғанға қалай келгені белгісіз. Алматының көші-қон полициясына барулары керек. Сол жерде көмек көрсетуі тиіс”,-деді Алматы облысы ІІД ресми өкілі Көбейхан Нұрахмет.

Полицейлер қара нәсілді жігіттерді елге кімнің алып келгенін де тез-ақ анықтады. Алдын ала болжам бойынша ол Сирия азаматы болуы мүмкін. Бүгінде оған халықаралық іздеу жарияланған. Ал африкалықтарға визаның уақыты өтпей тұрып енді Алматының көші-қон полициясына жету керек. Олардың қала арасында қатынауына талдықорғанның белсенділері көмектесеміз деп отыр.

 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары