Алматының Сайран көлінде екі тәулік бұрын жоғалып кеткен 30 жастағы заңгер іздестіріліп жатыр. Туыстарының айтуынша, Нұрлан Тұрлықожа жоғалардан бұрын достарымен осы көлдің жағасында кездескен екен.
Қазіргі таңда көлдің түбін сүңгуірлер іздестіріп жатыр. Сондай-ақ, жоғалған жігіттің туыстары да осында. Олармен дәрігерлер және психологтар жұмыс істеуде. Туыстардың айтуынша, сол күні Нұрланмен кездескен достары сөйлесуден бас тартыпты.
"Ол достарымен кездесу үшін Сайранға келді. Ұлымның телефоны содан бері өшірулі. Нұрланды осында көргендер бар екен. Тіпті, кейбірі айқайдың, көмекке шақырған дауыстарды естігендерін айтады. Егер солай болса, не үшін сол жерде болғандар көмекке бармады?" - дейді жоғалған жігіттің анасы Биғайша Маралбаева.
Сол күні дәл не болғанын енді полицейлер анықтайтын болады. Бірақ, алдымен Нұрланның өзін немесе оның мәйітін табулары керек. Сайран көлінің тереңдігі 12 метр. Мұнда қазір сүңгуірлер жұмыс істеуде.