$ 446.49  475.38  4.79

«Біз ешқайда да кетпейміз»: Алматыдағы «Саяхат» базарының саудагерлері өздерін қуған сауда орнының әкімшілігіне наразылықтарын білдірді (ВИДЕО)

Алматыдағы Саяхат базарында ондаған сатушысы базардың жабылуына қарсылық танытты. Саудагерлердің айтуынша, базар әкімшілігі он шақты күн бұрын өздеріне базардың жабылатынын ескертіп, басқа жақтан орын іздеуге кеңес берген.

Сатушылар базардағы орындарын жөндеуге және тауарға банктерден несие алып қойғандарын, базар жабылса несиелерін төлей алмайтынын айтып, 2019 жылдың басына дейін базарды жаппауды сұрайды. Олардың айтуынша, базарда 500-ге тарта сатушы бар.

Сатушылар күн сайын сауда орнына, қоқыс шығаруға, күзетке, салыққа басқа да шығындарға ақша төлейтінін айтады.

Бақыт Әбдірайымова есімді сатушының сөзінше, базар алғаш ашылған 2008 жылы ол жерде 30 шақты ғана саудагер болған. Саудагерлер базардағы орындарды сатып алып, оны ретке келтіріп, ақша салған.

«Бар ақшамызды осы базарға салдық. Одан Пушкин көшесі бойында отырғандарды осы базарға кіргізіп, осы базарды көркейттік. Бірнеше ай бұрын сұрағанымызда базар жабылмайды, уайымдамаңыздар деді. Содан базар ұлғая бастаған соң банктерден несие ала бастадық. Алдымыз бірнеше миллиондап несие ала бастаған кезде базар жабылады деп хабарлады. Әкімшілік базар жабылатынын тым болмағанда екі-үш ай бұрын ескерткенде, саудагерлер несие алмаған болар еді» деді Әбдірайымова.

Саудагерлер наразылығында базар әкімшілігінен ешкім болмады.

Жетісу ауданының әкімі Мұхтар Тәжібаев Саяхат базары ресми түрде тіркелмегенін, базар 2010 жылдан бері жұмыс істейтінін айтты. Оның сөзінше, «саудагерлер ол жерге өз бетімен барып, бутиктер салып алған».

Әкім базар тұрған жер «Инвест Саяхат» деген жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне тиесілі екенін, жер иесіне саудагерлерді көшірме, салықты төмендет деген сияқты нұсқау бере алмайтынын айтады. Тәжібаев әкімдік биыл наурызда базарды ретке келтіру туралы тапсырма ғана бергенін, басқа не жұмыс істеп жатқанынан хабарсыз екенін айтты. Оның сөзінше, базарда 130-дан астам сатушы ғана салық органдарына тіркеліп, жұмыс істеп жатыр

Саудагерлер базар басшыларымен кездесе алмай жүргендерін, базар жабылатыны туралы күзетшілерден естігендерін айтады.

Дереккөз: azattyq.org

 

 

 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары