Алматы тұрғыны Жанай қызының балаларын малайзиялық күйеу баласы ұрлап әкеткенін айтып, жанұшыруда. Айтуынша, күйеу баласы өзін ұрып, тіпті қолына пышақ тығып алған деп хабарлайды NUR.KZ.
Жанай Әлия есімді қызы екеуі 2008 жылы Қазақстанға Қытайдан көшіп келген. 2014 жылы Әлия Малайзия азаматына тұрмысқа шығыпты. Анасы қызының шешіміне қанша қарсы шыққанымен, Әлия айтқанынан қайтпаған. Арада уақыт салып, ол екі балалы болады.
Әйелдің айтуынша, оның күйеу баласы Малайзиядан Астанаға құрылыс жұмыстарын істейтін білікті мамандарды тасымалдаумен айналысқан. Ал 2017 жылы ол Қазақстанда тұруға рұқсат қағазын алған соң қызымен ажырасуға арыз берген.
Жанай қызы қазіргі таңда Қытайда жұмыс істейтінін айтады. Ал аналары жоқта балаларды әжесі баққан. Алайда соңғы уақытта малайзиялық күйеу бала балаларға алимент төлеуден қаша бастаған. Күйеу баласына өзінің наразылығын білдірген ана ол өзін ұрып, тіпті қолына пышақ тығып алғанын да айтады.
Ал наурыз айында әжесінің ауруханада жатқанын пайдаланып, балаларды ұрлап әкеткен. Ешқандай құжатсыз ол балаларды Ташкент арқылы Малайзияға алып кеткен. Балалардың құжаттары сол күйі әжесінде қалыпты.
Жанайдың айтуынша, қызы бұл сұмдық жайт туралы мүлдем білмейді екен. Қытайдағы мұнай шығаратын компанияда жұмыс істейтін Әлия балалары әлі де анасының қолында деп ойлауда.
Балалардың әжесі СІМ-ге жүгініп, көмек сұраған. СІМ шетелдік күйеу баланың 8 наурыз күні шынымен де Астана-Ташкент рейсі арқылы кеткенін растап отыр. Олардың берген ақпараты бойынша, күйеу баланың жанында Малайзия азаматшасы болған екен.
Немерелерінен айырылған әйел барлық тиісті құзырлы органдарға хат жазған. Алайда әзірше еш нәтиже жоқ.